• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Шілде, 2020

Қиындықта демеу болайық!

530 рет
көрсетілді

Қазіргідей қиын әрі күрделі уақытта қандай мемлекет тез арада, барынша аз шығынмен дағдарыстан шыға алады? Ол үшін мемлекеттің байыпты басшысы, мықты басқару жүйесі болуы керек. Мұндай төтенше жағдайда, ең бастысы, басқарушыны ел болып демеп, барынша қолдау маңызды. Былайша айтқанда: «Елім дейтін ерге, ерім дейтін ел» керек.

Күні кеше ғана сайланған Прези­ден­ті­міз­дің қандай азамат екенін жұрт жақсы біледі.

Ол кісінің ел басқару кезеңі­мен аса күрделі оқиғалар тұспа-тұс келді. Айна­ла­сы бір жылдың ішінде елімізде нелер болмады?!

Алдымен Арыс қаласында қойма жа­рылды, ұшақ апатқа ұшырады, Мақта­арал­ды тасқын су басты, ал арты әлемді әлсі­рет­­кен коронавирус індетіне алып келді. Егеменді еліміздің тари­­хында болмаған төтенше жағ­дайға тап болдық.

Осының бәрі Президентімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Ол да ет пен сүйектен жарал­ған адам. Оны түсінуіміз керек. Тағ­дыр сынағы шығар. «Жаратушы сы­нақ­ты көтере алатын адамына ғана береді»,  дейді. Еліміз үшін жанымен шырылдап, бар мүмкіндіктерді жасауда.

Оны барлығымыз көріп-біліп отырмыз.

Заманауи білімі кемел, алыс­ты болжай алатын халық­ара­лық деңгейдегі басшы. Ең алды­мен, таза адам. Мұны баса айту қа­жет.

Ал тазалық – қандай қоғамды болмасын тығырықтан алып шығар шуақты жол.

Міне, осындай күрделі жағ­дайда елді қиын­дықтан алып шы­ғатын мықты атқа­ру­­шылар, қазіргі тілмен айтқанда Прези­дент­­тің командасы болуы керек. Олар елге шын берілген, жанашыр жандар болуы тиіс.

Бірақ атқарушы билік осал­дық танытып отыр. Күрделі кезде күре жол таба алмай абдырап қалды. Үкіметтің ұйытқы бола алмауынан қателіктер кетті. Бұл ескі жүйенің дәрменсіздігін дәлелдеп берді.

Президенттің өз сөзімен айт­қан­­да: «Бізге мемлекеттік бас­­қа­руды қайта жа­сақ­­тау қа­жет. Жаңаша бағытта ойлай ала­­­­тын жаңа орындаушыларға мүмкін­дік бе­рі­леді. Олар – білім­ді, белсенді, іскер және адал азаматтар».

Қазір көпшілік Үкімет пен би­лік­тің барлық құры­лым­да­рында тез арада өзге­рістер енгізуді талап етуде. Дұрыс! Бірақ мұны тез жасай салу оңай шаруа емес. Мемлекеттік қыз­метте ұзақ жылдар жұмыс іс­теген адам ретінде айтатын­ым, бізде тек теориялық қана емес, сонымен бірге, прак­ти­кал­ық тәжірибесі бар дайын кадр­лардың саны өте аз. Егер адам әдемі сөй­лесе, ол оның кез келген саланы басқа­рып кете алатындығын білдір­мей­ді. Тіпті бас­шылық лауазымдарды айтпағанның өзінде, минис­трлік­те қарапайым қызмет­ке тиіс­ті маман табу кейде өте қиын.

Дегенмен қалай болған жағ­дай­да да мем­лекеттік бас­қа­ру жүйесін қайта құру қажет және солай болады. Ол жүйе әділ және ашық болуы керек. Бұл жұмысты Пре­зидентіміз қазірдің өзінде бастап кетті.

Біздің елдің экономикасы көбінесе үлкен бизнесмендер мен алпауыт олигарх­тар­ға негізделген. Олардың көпші­лі­гі өздерінің мүдделерін қор­ғай­тыны белгілі. Егер өзге дамыған елдердегідей ел экономикасы шағын және орта бизнестің үле­сінде болғанда, жағдай мүлде басқаша болар еді. Ал енді әлгі алпауыттардан қан­дай да бір күрделі өзгерістерді талап етер болсақ, онда олар ұшақтарына мініп, шетел асып кетпейтініне кім кепіл?

Ашығын айту керек, қазіргі нарықтық за­манда ондай ірі инвесторларға барлық мем­лекеттер таласуға бар. Ал осыдан кейін ел экономикасы бір күннің ішінде құл­дырап шыға келмей ме? Сондықтан да, араға алтын көпір сала отырып, бір жақ­ты жағдай мен елге ұтымды шешім жасау ел Президентінің басты міндеті еке­нін түсінуіміз қажет.

Бұл жұмыста Прези­ден­ті­мізге күш пен қуат, жалынды жігер беретін халықтың өзі­не деген риясыз сенімі мен Елба­сы­ның қолдауы. Сондықтан біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара оты­рып, жақсы ниетпен басшымызды ел болып қолдап, жігерлендіріп демеу бер­ге­німіз абзал.

Кейбіреуіміз өз отбасымызды басқара алмай отырып, мемлекет басшысына қисынсыз сөздер айтамыз.

Президент – бір ғана қазақты емес, миллиондардан тұратын қазақ елін басқарып отырған тұлға. Осыны естен шығармасақ екен.

Әрине қоғамымызда өзге­ріс­тер болу керек. Болады да. Қазақстан дамыған демок­ратия­лық мемлекетке айналуы хақ. Бірақ біз оған революциялық жолмен емес, эволюциялық жол­мен келуіміз керек.

Егерде айтып отырған бітеу жараның беті ашылып кетсе, бұдан да қиын, бұдан да күр­де­лі кезеңге тап боларымыз анық. Сарапшылардың бағам­дауын­ша, егер де Қазақстанда жағдай ушығып кетер болса, еліміз кем дегенде 25 жылға кейін шегі­не­ді. Демек, жақсы өмір де, біз арман­даған әдемі заман да жоқ болады. Ал билік дәрменсіздікке ұрынса, бізді жан-жақтан қоршап отырған алпауыт көрші­ле­ріміз ш­ет облыстарымызды бөліп әкетпеуіне кім кепіл? Бұл – ащы шындық. Бізге, біз­дің балаларымызға бұл қажет пе? Әрине жоқ. Сон­дық­тан халықтың бірлі­гін бекем ұстап, мемлекеттілігімізді қалай да ны­ғай­туымыз қажет.

«Мына заман той тойлатын емес, ой ойлайтын заман», деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен бола­тын. Тү­сінген адамға расында да ой салар сөз. Әрқашан қазақ елінде жастарға ақыл беретін, елді біріктіретін зиялы қа­уым өкіл­де­рі болатын.

Ел басына күн туған уақыт­та, тән ауыруымен бірге жаны күйзелген елді сабырға шақы­рып, салиқалы сөз айтатын зиялы қауым, ғалымдар, өнер қай­рат­кер­ле­рі емес пе еді. Жар астын­да жау барын алыстан болжап, елге ақыл айтатын сол зиялы­ларымыз осындайда ел шетіне шығып, ел басқару жолында салиқалы сөз айтса деймін. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған заманауи кешенді бас­қа­ру жолын халыққа түсіндіруге атсалысатын ел ағалары көбейсе игі.

Қиын-қыстау заманнан еліміз аман шы­ғып дамудың даңғыл жолында болайық, ағайын! Деніміз сау, басымыз аман, жүре­гі­міз таза болсын!

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

ҰҒА академигі,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры