• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2013

Әзербайжандар неге Әлиевті таңдады?

440 рет
көрсетілді

Бұл елде сайлау 16 қазанда өтуге тиіс еді, бірақ ол Құрбан айтқа сәйкес келетіндіктен, бір апта бұрын өткізілді. Онда қазіргі президент Ильхам Әлиев айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Бұл елде сайлау 16 қазанда өтуге тиіс еді, бірақ ол Құрбан айтқа сәйкес келетіндіктен, бір апта бұрын өткізілді. Онда қазіргі президент Ильхам Әлиев айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Айқын дегенде, 85 пайыздай дауысқа ие болу – бұл сирек кездесетін жай. Әрине, сондай нәтижеге жетуде бұрма­лау­шы­­лыққа жол берілді деп дау айта­тындар да табылар. Бірақ бүгін­гі­дей бақылаудың жетілген зама­­нында ондай жосықсыздыққа жол да­ беріле қоймас дейсің. Сай­лау­­­дың барысын қадағалауға 87 елден 34 ұйым келіпті, 52 мың байқаушы, оның 1,4 мыңы шет­­елдік, қатысыпты. Олар ай қара­­маған шығар. Оның үсті­не билік­тегілерге бұрмалау әре­ке­тіне жү­г­і­нудің, белгілі дәре­жеде тәуекел іске барудың да қа­же­ті жоқ еді. Тіпті Әлиевтің билі­гіне оншалықты іш тарта қой­майтындар да оның жеңісіне күмәнсіз болған.

Осы жерде Еуропалық қоғам­­дық пікірді зерттеу орта­лы­ғының (The European Centre for Survey Research, UK) тұжы­рымдамасын келтіре кеткен жөн болар. Олар сайлау алдында сауалдама жүргізген. Сонда ха­лықтың үштен екісі елдегі демо­кратиялық үрдіс өздерін толық қанағаттандыратынын білдірген. Сауалдамаға қатысқан респонденттердің 88,7 пайызы қазіргі президентке дауыс бере­тіндіктерін мәлімдеген. Бұл Орта­лықты биліктің ыңғайына жы­ғылатындардан дей алмайсың.

Сөйтсе де, сайлауда бұрмалау болды дегендер де табылды. «Мұсават» қозғалысының көсемі Иса Гамбар өз сайтында байбалам салды. Оппозициялық коалиция атынан түскен үміткер Жәміл Ғасанлы өз жақтастарын стадионға жинап, митинг те өткізді. Ал шетелдік байқаушыларға келсек, чех парламентінің байқаушылары сайлаудың айқай-шусыз, қалып­ты жағдайда өткенін мәлім­деді. Біраз сарапшылар мен қо­ғам­дық қайраткерлердің бұр­ма­­лаушылыққа барды деп оппо­зицияны айыптағаны күтпеген жағдай еді. Социал-демократиялық партияның төр­ағасы, президенттікке үміткер Араз Ализаде Ресейде өмір сүретін әзербайжан текті олигархтар өзінің тарихи отанындағы саяси өмірге орынсыз килігіп, оппозициялық кандидат Ғасанлыны қаржылай қолдағанын сынады.

Карл Маркс қана емес, әр кезде басқа да ұлы ойшылдар әрбір халық өз патшаларына, өз билеушілеріне лайық дегенді айтқан. Бұл олар өздеріне лайықтыларды таңдайды дегенге саяды. Әзербайжандардың таңдауы Ильхам Әлиев болып отыр. Бұл үшін әзербайжандарды жазғыруға болмас. Бүкіл оппозиция коалицияға бірігіп, ортасынан тарих профессоры Жәміл Ға­санлыны шығарды. Оған сай­лау­­шылардың 5 пайыздан сәл аста­мы ғана дауыс берді, ал қалған 8 үміт­кердің үлесіне тигені 10 пайыз­ ғана.

Халық неге Әлиевті таңдады? Репрессияның күшімен деу негізсіз. Елде оппозициялық күштер ашық әрекет етеді. Олардың заңға қайшы әрекеттеріне ғана тыйым жасалған. Сайлауда өз пікірін білдіруге жұрттың толық мүмкіндігі болды. Сондықтан біреуге күшпен дауыс бергізді деудің жөні жоқ. Жұрттың Әлиевті таңдауында сая­си да, экономикалық та қисын жеткілікті. Соңғы 10 жылда, яғни Әлиев басшылық еткен жылдарда Әзербайжан айтарлықтай табысқа жетті. Халықтың кедейшілік деңгейі он есе төмендеген, ал елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі үш есе артып, ол қазір 67 миллиард доллардан асады. Ал халқы одан үш есе көп Өзбекстанда бұл 51 миллиард долларды құрайды. Рас, бұл жөнінде олардың бізбен тайталасуына әлі ертерек. Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі 201,6 миллиард доллар. Әзербайжанда экономиканың өсімі айтарлықтай жоғары. Соған орай халықаралық беделі де артып келеді. Оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы да біраз жайды аңғартады.

Әзербайжандар өз болашағын Ильхам Әлиевпен байланыстыруды қалап отыр. Халықтың таңдауына құрметпен қарасақ, орынды болар.

 

Малала қыз – ХХІ ғасырдың көрнекті қайраткері

Еуропарламенттің төрағасы Мартин Шульц 16 жасар пәкстан қызы Малала Юсуфзайға осындай баға берді. Мұндай бағамен бірге оған Еуропарламентте «Ой еркіндігі үшін» деп аталатын Сахаров атындағы сыйлық та тапсырылды.

Бұл күнде Малала Юсуфзайдың аты әлем аузында жүр. Тіпті осыдан шамалы ғана бұрын оған Нобель атындағы Бейбітшілік сыйлығы беріле жаздаған. Оған ие болғанда, ол Альфред Нобель сыйлығы лауреаттарының ең жасы болып тарихқа да енер еді. Және бұл жай болжам да емес, оған бір қадам ғана қалғанда, оны сая­си басқа бір оқиға бұзып кеткен. Дүниенің бәрі Сирияда химиялық қарудың қолданылуын әңгіме етіп жатқанда, сол қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның (ХҚТО) жұмысын атап өту қажеттігі туды да, Нобель комитеті сол ұйымды лауреат деп жариялады.

Қазір сол сыйлыққа кімдердің үміткер болғандығы жөнінде көптеген әңгімелер айтылып жатыр. Оған 259 кандидат күрескен екен. Бір орынға! Ғасырдан аса уақытта мұндай жағдай алғаш рет кездесіпті. Сол күрестің басында Малала Юсуфзайдың аты тұрыпты. Үміткерлер қатарында Ресейдің қазіргі президенті Вла­димир Путин мен АҚШ-тың бұрын­ғы президенті Билл Клинтон бол­ғанын ескерсек, сарапшылар олардан жоғарылау қойған жас­өспірім құқық қорғаушының баға­сын, беделін аңғаруға болады.

Еуропарламент спикері Мартин Шульц Малала Юсуфзайға сыйлық беруін өз ұйымының өміріндегі ең айшықты сәт санап, енді жас қайраткердің тарихи қызметі басталғанына куәлік етті. Бұдан былай оның қызметіне әлем көз тігетін болады.

Осыншалық жоғары бағаға ие болғанда, Малала Юсуфзай не тындырып үлгерді? Ол 11 жа­сын­да-ақ өзінің білім алуына тыйым сал­мақ болған залым күш­ке қас­қа­йып қарсы тұрып, өз құ­қын, жалпы, әйелдердің білім алу құқын қор­ғаған. Оны талибтер қор­қыт­қан. Одан нәтиже шықпаған соң, оған қастандық та жасалды. Басы­на, мойнына оқ тиіп, қатты жара­лан­ғаны ержүрек қызды қор­қыту орнына жігерлендіре түскен­дей. Ол кітап жазды: «Мен – Мала­ла­мын. Әйелдердің азаттығы және білім алуы жолындағы менің күре­сім» деп аталады. Кітап басқа тіл­дер­ге де аударылып, әлемге таралды.

Биылғы жылы шілде айын­да Малала БҰҰ мінберінен сөз сөйлеп, әлемдік деңгейдегі қай­рат­керлер қатарына қосылды. Өз елінде – Пәкстанда 5,1 миллион, бүкіл әлемде 57 миллион бала, оның ішінде 32 миллион қыз бала мектеп есігін ашпайтынын айтты. Оның сөзіне әлем елдерінің өкілдері құлақ түрді.

«Маған сыйлықтың керегі жоқ, бірақ Нобель сыйлығын алсам, басқалар маған тиіспес еді», – деп­ті бірде жасөспірім қайраткер. Қазір оның өмірі әлем қорғауына алынған. Біраз елдің құрметті аза­маты. «Малала» қорының же­тек­шісі. Оған басқалар үміт артады.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар