• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2013

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев сериалға түсті

370 рет
көрсетілді

«Хабар» агенттігі көрермендерге тағы бір телехикая ұсынғалы отыр. Оны «Астана телефильм» компаниясы «Жігіттер оқиғасы» атауымен түсірген болатын. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.

Шығармашылық топтың айтуынша, бұл фильм бұдан бұрынғы түсірілген телехикаялардан өзгеше болмақ. Бала кезден бірге өскен төрт жігіттің тағдыры төрт тарапқа бөлініп, жылдар өте қайта бір арнаға тоғысады. Әрине, мұнда да махаббат, сатқындық, жазатайым жағдайларға тап болған оқиғалар суреттеледі.  Дегенмен, ең бастысы достық деген ұлы ұғым фильм өзегіне арқау болған.

«Қазіргі кезеңде көптеген сериалдар түсіріліп жатқаны анық. Ал енді жаңа сериалдың бір өзгешелігі - жігіттер жайында, жігіттердің достығы жайында .Біз әйелдер туралы да осы кезге дейін біраз сериал түсірдік емес пе?! Енді әрбір еркектің басынан кешкен жағдай туралы көрініс көрермендерді ойландырады деген сенімдемін»,-дейді актер Азамат Шарғынбаев.

Телехикаяға тәжірибелі актер және тележүргізуші Жан Байжанбаев, Азамат Шарғынбаев  сынды азаматтармен қатар, Олимпиада  чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері  Серік Сәпиев түсуде. Олимпиада чемпионы жұмыс  кестесінің тығыз болуына қарамастан достық пен отбасылық құндылықтарды насихаттайтын  фильмге түсуге бірден  келісімін берді.  «Фильм сценарийі мені қызықтырды. Алдымен мұнда спорт, соның ішінде бокс жақсы дәріптеледі.  Сонымен қатар мен мұнда өзімді ойнаймын.  Бұл менің  киноға алғаш түсуім.  Әрине, бастапқыда қатты қобалжыдым. Бірақ, әр дубль сайын камера алдындағы қорқынышым сейіліп келеді»,-дейді Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев.

15 сериялы «Жігіттер оқиғасы» телехикаясы  қазақ және орыс  тілдерінде жарық көреді. Тамыз айында  басталған түсірілім, бұл күндері соңына таяп қалды.  Көрермендер жаңа туындыны  «Хабар» арнасынан  қарашада көре алады.

Данияр Түймебай.  

Соңғы жаңалықтар