• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Шілде, 2020

Атыраудағы ахуал оңалып келеді

2026 рет
көрсетілді

Атыраудың бүгінгі эпидемиялық ахуалында оң өзгеріс бар ма? Осы кезге дейін елді алаңдатқан мәсе­лелердің түйіні тарқатылды ма? Жалпы өңірдегі бүгінгі ахуал қалай қалыптасып отыр? Мұның бәрі өткен сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың мұнайлы аймаққа сапары кезінде кеңінен талқыға түсті.

 

Біріншіден, дәріханаларды да, емдеу орындарын да дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылды. Өңірге апта сайын 338 түрлі препарат жеткізілуде. Бұған қоса дәріханаларға соңғы екі аптада 80 тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Қазір медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық қоры бар. Алайда, ең қажетті сегіз дәрінің қоры бір аптаға ғана жетеді. Ал «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ерхат Исқалиев бұл мәселені үш күннің ішінде шешуге уәде беріп отыр. Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «СК-Фармация» ЖШС-не облыс әкімдігімен бірге дәрі-дәрмектердің үш айлық қорын қалыптастыруды тапсырды. Сонымен бірге медициналық мекемелерді өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегі концентраторымен толық жабдықтау үшін нақты шешімдер қабылданды.

Екіншіден, соңғы бір аптадан бері қауіпті індетті жұқтырушылар қатары азайып келеді. Дегенмен, аты жаман ауруға шалдыққан науқастарды емдеудегі негізгі күш №2 облыстық ауруханаға түсіп отыр. Себебі, бұл ауруханада 180 орындық инфекциялық стационар жұмыс істейді. Мұндағы стационарға коронавирус инфекциясымен ауырған 1557 адам түсіп, олардың 1386-сы жазылып шығыпты. Ал инфекциялық орындар 60 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, call-орталық арқылы жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар да азай­ғаны байқалады. Аталған орта­лықта 36 тәжірбиелі маман төрт ауысыммен жұмыс істеп, тұр­ғындарға онлайн-кеңес береді.

– Біздің стансаға 20 маусымнан кейін қоңырау шалу көбейіп, тәулігіне 1300-ге дейін қоңырау түсті. Ал қазір оның саны – шамамен 720-730. Оның 300-ге жуығын аудан тұрғындары шалады. Хабарласушылардың көбі – дене қызуы көтеріліп, өзде­рінде коронавирус инфек­ция­сының белгілерін анықта­ғысы келетіндер, – дейді облыс­тық жедел жәрдем станса­сы директорының міндетін атқа­рушы Наргиз Баймол­даева. 

Үшіншіден, өткен аптада М.Оспанов атындағы Батыс Қа­зақстан медицина универ­ситетін бітіріп келген 53 маманның 11-і стационарлық ауруханаға, 27-сі бастапқы медициналық көмек көрсететін ем­ханаларға жұмысқа кірісті. Ал 15 жас дәрігер аудандарға жібе­рілді. Ал Насыр мен Әлби­на Оңғарбаевтар – «қызыл аймақта» жұмыс істейтін отбасылық жұп. Дәрігерлікті таңдаған жас маманның екеуі де Ақтөбеден келіпті.

– Біз жұмысымызды 20 шілдеде облыстық аурухана жанындағы провизорлық ста­ционарда бастадық. Нау­қас­тарды қабылдап, жағдайын бақылаймыз. Ауруына қа­тысты құжаттар толтырамыз. Облыстық әкімдік жалдап берген «Достық» қонақ үйін­де тұрамыз. Ауруханаға арнайы ұйымдастырылған авто­буспен келеміз. Қазір ахуал тұ­рақталып, науқастар саны азаюда. Десе де, осын­дай қиын жағдайда науқас­тарға көмегіміз тигеніне қуаныштымыз, – дейді Насыр мен Әлбина Оңғарбаевтар.

Облыстық аурухананың провизорлық стационарында жұмысқа орналасқан Дмитрий Ли хирург болуды таңдапты. «Үш мезгіл тамақпен, қор­ғаныш киімімен қамтамасыз етті. Жас маманбыз, сол себептен, толымды тәжірибеміз әлі қалыптаса қойған жоқ. Бірақ ақыл-кеңесін беретін тәлімгерлерімізбен кеңесіп, емдеу шарасын тағайындаймыз», деп алғашқы әсерімен бөлісті жас хирург.

Төртіншіден, облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәліме­тінше, медициналық мекемелер 25 оттегі концентраторымен қамтылыпты. Енді тағы осындай бес құрылғы алынады. Провизорлық және басқа да стационарларға оттегі концентраторлары жеткізілуде. Осы арқылы оттегі баллондарының саны азаймақ. Сонымен бірге жаңа ғимараттарға оттегі жү­йе­­сі тартылып жатыр. Бұл жұ­мыс тамыз айының алғашқы он­күн­дігінде аяқталады деп күтілуде. 

Ал облыстық ауруха­на­ның бас дәрігері Ербол Иман­ғалиевтің айтуынша, от­тегі концентраторлары дәрігер­лердің жұмысын жеңілде­теді. Осы кезге дейін пайдала­нылған оттегі баллондары ыңғай­сыздық тудырыпты. Себебі, ауыр баллондарды тасы­мал­даудың қиындығы өз алдына, оны оттегімен үнемі толтыру қажет. Қазір бұл ауруха­наның ақ халаттылары 5 литрлік оттегі концентраторларын қолданып отыр.        

Мұнайлы өңірдің бүгінгі эпидемиялық ахуалы туралы осылай десек те, 26 шілдеде тағы да 85 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны расталды. Оның ішінде 64 науқаста симптомсыз белгісі болған. Әрине бұл бұдан бір апта бұрынғы деректер­ден әлдеқайда аз. Қазір Атырау­дағы науқастардың саны 9951-ге жетті. Жазылып шыққан­- дар – 6294 адам.

 

Атырау облысы