Нұр-Сұлтан әкімдігі №3 көпсалалы қалалық аурухананың «Рамада Плаза» жұқпалы аурулар стационарындағы науқастар үшін 500 көпфункциялы кереует сатып алды.
Олар барлық заманауи талаптарға сай. Кереуеттер дәрі-дәрмек штативтерімен жабдықталған. Пайдалануға өте ыңғайлы және еркін қозғалады. Қазіргі уақытта астанада төсектік орны 4 мыңға жуық 16 стационар жұмыс жасайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтанның ауруханалары мен емханаларына коронавирус пен пневмониямен ауырғандарды емдеу үшін қосымша медициналық жабдықтар алынды. Олардың ішінде 150 флуометр, 350-ден астам оттегі концентраторы, өкпені жасанды тыныстандыруға арналған 50 аппарат жеткізіледі. Сондай-ақ жақын күндері қала ауруханалары мен емханаларына тағы 250-ден астам оттегі концентраторы, 350 флуометр, 2 компьютерлік томограф және т.б. жабдықтар алынады. Сонымен қатар қаладағы дәріханаларға коронавируспен, пневмониямен науқастанғандарды емдеу үшін 80 тоннадан астам дәрі-дәрмек келіп түсті. Бұл гуманитарлық жүк саналмайды, дәріханалар желісі дистрибьюторларының қаржысы есебінен алынған. Әкімдік тарапынан дәрі-дәрмекті сатып алуға қаржы бөлініп, көлікпен жеткізуге көмек көрсетілуде. Бүгін-ертең қалаға қосымша дәрілер жеткізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.