Коронавируспен күрес шараларын күшейтіп, аймақ халқының қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін 5 шілдеден бастап бас санитарлық дәрігердің қаулысымен Қызылорда облысында қатаң карантиндік режім енгізілді. Осыған орай мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары, квазисекторлық ұйымдар, барлық ауруханалар мен емханалар күшейтілген тәсілге сай жұмыс істеп жатыр.
Қажетті шараларды күшейту мақсатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар аурухана мен емхананы аралап, туындаған мәселелерді жедел шешу жолдарын қарастыруға тапсырма берді. Қазір шұғыл қабылданған шаралар нәтижелері байқалып отыр, науқастар саны төмендеп, ахуал біршама тұрақталып қалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында басқарма басшысы Сәбит Пазылов өткен апта ішіндегі індетпен күрес жұмыстарын саралап өтіпті. Қазір өңірдегі 645 орындық инфекциялық стационарда 421, ал 1790 төсектік орны бар провизорлық орталықтарда 964 адам ем алып жатыр. Орын тапшылығы жоқ. Жаман айтпай, жақсы жоқ, аяқ астынан аурулар қайта көбейсе, жеке клиникаларды да оңтайландырып пайдалануға келісім жасалған.
Дерті дендегендер жиілеп, эпидемиялық ахуал күрделене түскен кезеңде Жедел жәрдем қызметіне тәулігіне 2,5 мыңнан астам шақырту түсіп, жүктеме 2 есеге артқан болатын. Қазір қарбалас сәт артта қалды, шақыртулар саны да азайды. Әсіресе, дене қызуының көтерілуіне байланысты – 3, пневмониямен шағымданушылар деңгейі 2,2 есе төмендеді. Осы күні Жедел жәрдемге тәулігіне 1200-1300 қоңырау шалынады.
Құрамында дәрігер, орта буынды медицина қызметкері мен көлік жүргізушісі бар 161 мобильді топ науқастарды үй жағдайында бақылауға алды. Олардың 100-і ауыл тұрғындарының саулығын бақыласа, 33 топ облыс орталығында, 28-і аудан орталықтарында қызмет көрсетеді.
13 шілдеден бастап амбулаторлы ем қажет ететін пневмонияға шалдыққандар үшін Үй жағдайындағы стационар қызметі қосылды. Олар №1, 6 қалалық емхана, «Сенім» ЖШС, Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында «Қазалы теміржол» серіктестіктерінде жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар аймақтағы эпидемиялық ахуал жайлы апта басында ашылған call-орталықтан мәлімет ала алады. Орталықтағы 14 адам тәулік бойы халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісіндегі Jastar densaýlyǵy ortalyǵy парақшасына хабарлама қалдыру арқылы ақпарат алуға да жағдай жасалды.
Қызылорда облысы