Астанада қолға түскен судья бизнесменнен 750 мың теңге пара талап еткен. Бұл туралы экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметіне сүйенген Tengrinews.kz хабарлады.
«Астана арнайы ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы Абдулла Кенжаевтың бір кәсіпкерден азаматтық іс бойынша оңды шешім шығарып бергені үшін 750 мың теңге ақша бопсалағаны туралы түскен шағым негізінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде оның көрсетілген соманың бір бөлігін алып жатқан кезінде қолға түсіру операциясы сәтті аяқталды», - делінген хабарламада.
Атап өтілгендей, қазіргі кезде жедел шаралар жалғасып жатыр. Ол аяқталғасын Бас прокуратураға процессуалды шешім шығару үшін ұсынылады.
Ескерте кетейік, қолға түсіру операциясы кеше, 18 қазан күні таңертең арнайы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың ғимараты жанында жүргізілген.
Құрыш Нұрымбет.