• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Шілде, 2020

Пульмонолог дәрігер: Адам өмірін сақтау үшін дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істеуде

1262 рет
көрсетілді

Карантин шаралары енгізілген сәттен бастап дәрігерлер 24/7 режімінде жұмыс істеуде, дейді Астана медицина университетінің №3 ішкі аурулар кафедрасының ассистенті, пульмонолог Асия Токсарина. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды, деп жазады Egemen.kz

Ақ халатты абзал жандар жұмысына қасиетті парыз деп қарайды. "Мұқтаждарға көмектесу – міндетіміз, өзіміз таңдаған осы жолдан айнымаймыз. Шынында, елімізде пульмонологтар көп емес. Айталық, елде 3-4 мыңнан астам кардиолог пен невролог болса, бар болғаны 80 пульмонолог бар. Көптеген облыс, аймақ пен аудан көлемінде бұл салада маман жоқ. Жетіспеушілік бұрыннан бар. Пульмонологтердің көбі инфекционист, реаниматолог және басқа да дәрігерлермен бірге ковид ауруханаларында жұмыс істеуде. Бізге резидент-пульмонологтер үлкен көмек көрсетуде. Олардың пандемия басталғалы бері дәрігерлермен қатар жұмыс істеуінің арқасында жағдайды реттей алдық", дейді А.Токсарина.

Ол КВИ науқастары туралы өз пікірімен бөлісті.

"Коронавирус инфекциясы симптомсыз, адам жай ғана тасымалдаушы болуы мүмкін. Соңғы мәліметтер бойынша, коронавирус инфекциясының тасымалдаушылары көбіне 10-14 жас аралығындағы балалар. Егер біз симптомдар туралы айтатын болсақ, бұл ауыр интоксикация, иіс сезбеу, қатты әлсіздік, асқазан-ішек жолдарының белгілері – жүрек айну, құсу. Бұл белгілер 14-20 күнге немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Ауыр жағдайда бұған ентігу қосылады", деп түсіндірді А.Токсарина.

Маман пікірінше, денсаулық жағдайының ауырлығының негізгі көрсеткіші – адам ағзасындағы сатурация деңгейінің өзгеруі.

"Қазіргі жағдайда, томографияның деректері бойынша өкпе тінінің зақымдану көрсеткіші симптомсыз денсаулық жағдайының ауырлығын анықтай алмайды. Науқас жағдайының ауырлығын бағалау және ауруханаға жатқызу көрсеткіштерін анықтау үшін маңызды көрсеткіш – қандағы оттегі деңгейінің өзгеруі. Аурудың негізгі асқынуларының бірі – тыныс алу жеткіліксіздігі", дейді дәрігер.

Дәрігер азаматтарды COVID-19-дан өзін-өзі емдеу кезінде антибиотикалық терапияны қолданбауға шақырды.

"Ұсынымдар жалпы вирустық инфекциялардағыдай, яғни көп сұйықтық ішу, интоксикация кезінде төсек тартып жату, дене қызуын түсіретін препараттарды қабылдап, дене белсенділігін арттыру керек. Егер науқас күндіз өзін жақсы сезінсе, тыныс алу жаттығуларын, бұлшықет қимылдарын жасау қажет", деп кеңес береді пульмонолог.

Дәрігердің пікірінше, шектеу шаралары енгізілгелі коронавирус инфекциясының белгілері бар науқастар ағымы айтарлықтай төмендеген.

"Карантин және шектеу шаралары өкпенің зақымдануымен коронавирус инфекциясы бар науқастардың санын азайтты. Науқастардың негізгі ағыны маусымның ортасында, карантин режимі жеңілдеген кезде болды. Ол кезде ауруханалар ауыр науқастарға толы болатын. Тағы бір ерекшелігі, қазір науқастардың ауырлық жағдайы мамыр айындағы науқастарға қарағанда әлдеқайда нашар. Біз, әрине, осы жағдайды талдаймыз. Тағы бір мәселе – науқастардың түрлі пікірлер мен ақпараттарға сүйеніп бактерияға қарсы және басқа да препараттарды шамадан тыс қолдануы. Бұл да науқастардың жағдайын нашарлатуға едәуір ықпал етуде", деп атап өтті пульмонолог.