• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2020

Бүгін қазақтың қос ғарышкерінің туған күні

1488 рет
көрсетілді

Бүгін қазақтың қос ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің туған күні, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылдың 27 шілдесі күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995), Техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры - Тоқтар Әубәкіров Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1969), Авиация институтын бітірген (1979).

Ол еңбек жолын 1962 - 1965 жылдары Теміртау құйма-механика зауытында токарь болып бастаған. Оның есімі Қарағанды облысының "Құрмет" кітабына алтын әріппен жазылған. 1969 - 1975 жылы Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болып қызмет етті.

1975 - 1976 жылы Мәскеу ұшқыштар-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген (1979). 1976 - 1992 жылы Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарды. 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады.

1989 жылы 1-болып, авиатасушы крейсердің алаңқайына "МиГ-29к" реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.

1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан "Союз ТМ-13" кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі "Мир" орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Зерттеу нәтижесінде, Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды.

Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті.

Сонымен қатар, бүгін қазақтың тағы бір ғарышкері, Айдын Ақанұлы Айымбетовтің туған күні. Ол 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтенай ауылында дүниеге келген.

Қазақстан ғарышкері, Халық қаһарманы. Мектепті алтын медальмен бітірген Айдын Айымбетов 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені "ұшқыш-истребитель" мамандығы бойынша бітірген.

 

Ол 2015 жылы 2 қыркүйекте 2-бортинженер ретінде "Союз ТМА-18М" кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта он күн болып, маңызды зерттеулер жүргізген болатын. Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Ақанұлы Айымбетовке 2015 жылдың 14 қазанында "Халық қаһарманы" атағы, сол жылы "Алтын Жұлдыз" айрықша ерекшелік белгісі, "Отан" ордені берілді.