• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2013

Шаңырақтың шамшырағы

510 рет
көрсетілді

 

Қазанның 21-і күні «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері өтеді деп күтілуде. Еліміздің мәдени саласында маңызы жоғары шара қарсаңында театр директоры Төлеген Мұхамеджановпен болған тілші сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Төлеген Мұхамеджанұлы, «Ас­тана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының тұсаукесерінде Елба­сы: «Театрдың шымылдығы әйгі­лі композитордың «Біржан-Сара» опера­сымен ашылуының мәні бар. Ұлт­тық өнерге зор құрмет пен ерекше ықы­лас­тың белгісі, ұлы композиторға деген халқының көңілі болып саналады», – деген болатын. Бұл шараның биыл көрнекті композитор Мұқан Төлебаев­тың 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық болмаса керек. Осы сияқты, келешекте тағы қан­­дай ұлттық операларды ұсынбақ ой­ларыңыз бар?

– Шоқтығы биік сахналық туынды­лар­дың бірі – «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртып қоюды қолға алудамыз. Бүгінгі таңда қойылымның режиссерімен, сценографиясын дайындайтын адаммен бірге жаңа жобаға кірісіп, ойларымызды шегелеп жатқан жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, спектакль бойынша атқарылатын жұмыстар басталып кетті.

Қазанның 21-і күні «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері өтеді деп күтілуде. Еліміздің мәдени саласында маңызы жоғары шара қарсаңында театр директоры Төлеген Мұхамеджановпен болған тілші сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Төлеген Мұхамеджанұлы, «Ас­тана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының тұсаукесерінде Елба­сы: «Театрдың шымылдығы әйгі­лі композитордың «Біржан-Сара» опера­сымен ашылуының мәні бар. Ұлт­тық өнерге зор құрмет пен ерекше ықы­лас­тың белгісі, ұлы композиторға деген халқының көңілі болып саналады», – деген болатын. Бұл шараның биыл көрнекті композитор Мұқан Төлебаев­тың 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық болмаса керек. Осы сияқты, келешекте тағы қан­­дай ұлттық операларды ұсынбақ ой­ларыңыз бар?

– Шоқтығы биік сахналық туынды­лар­дың бірі – «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртып қоюды қолға алудамыз. Бүгінгі таңда қойылымның режиссерімен, сценографиясын дайындайтын адаммен бірге жаңа жобаға кірісіп, ойларымызды шегелеп жатқан жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, спектакль бойынша атқарылатын жұмыстар басталып кетті.Бұйыртса, «Қыз Жібек» операсы келер жылдың көктемінде көрерменмен қауышады деп күтілуде. Сонымен қатар, Тимур Мыңбаевтың «Фрески» балеті де – театр тынысына өзгеше бір серпін береді деген тың дүниеміздің бірі. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы» атты поэмасын оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Жұрт тамашалайтын тағы қандай жаңа жобалар бар дегенде, ақын поэмасы негізінде сахналанатын осындай балеттің де тұсауы келесі жылы кесілетінін айтар едім.

– Осыған дейінгі нұсқалармен салыстырғанда бүгінгі Біржан мен Сараның сахналық келбетінен қандай ерекшеліктерді екшеп айтар едіңіз?

– Жалпы, қайсыбір қойылымды алып қарасаңыз да, әр шығарманың сол кезеңге лайық өзіне тән үні, бояуы болатыны анық. Белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында қойған «Біржан-Сарасы» ұлттық классикаға деген жаңашыл көзқарасты қалыптастыра алған ерекшелігімен үнемі үлгі болып қала беретін құндылық. Сондай-ақ, кезінде Абай атындағы опера және балет театрында Байғали Досымжанов ағамыз сахналаған спектакльдің жарқын жақтарын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Алдыңғы көштің шығармашылық қуатын әрі қарай лайықты дамытып жалғастыруда кейінгі толқын не істеп, не қойып жатыр дегенге келсек, биылғы «Біржан-Сара» операсының тілге тиек етілер қырлары өте көп. Біріншіден, ол – тәуелсіздік рухымен бой көтерген жаңа театрда тұсауы кесілген тұңғыш опера. Шынын айтқанда, дәл мұндай күйді опера театры бұрын-соңды бастан кешіп көрген емес. Сыртқы келбеті аршыған жұмыртқадай қандай көркем, сәулетті болса, ішінің кеңдігі мен жарқыраған залдары кісіні соншалық керемет әсерге бөлейді. Осынша сыр мен сымбат жаңа спектакльдің өн бойынан айқын сезіліп тұрады десек, бұл ретте тағы бір айта кететін нәрсе, қазіргі заманғы озық технологияның тигізген пайдасы көл-көсір. Бастысы, ұлттық жобаны көрермен өте жоғары бағалап жатыр. Бұрынғы кейбір кемшіліктер мен «әттеген-ай» дегізген олқы тұстарды түзеп, түлету нәтижесінде халықтық қазынаға үлкен еңбек сіңірілді деп есептеймін.

– Театр репертуарында бас-аяғын қосқанда ұлттық және шетел классикаларынан жалпы қанша дүние бар?

– Театрымыздың шаңырақ көтергеніне бар-жоғы төрт-ақ айдың жүзі болды. Сол себепті әлі біздерде мынадай теңдессіз туындылар бар деп ұзын-сонар тізімді алға тарта алмаймын. Алайда, бұл күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Мұны тез арада жылдам шешуге тиіспіз. Неге десеңіз, елорданың еңселі театрын көруге жан-жақтан ағылып жұрт келеді. Мұндайда олардың сол үмітін ақтайтын сапалы дүниелер әзірлеуге барынша көңіл бөлінуде. Опера мен балеттен басқа шағын концерттерді жиі-жиі ұйымдастыру жоспарымызда бар. Мысалға, жақында ашылған Камералық залда бүгінгі күнге дейін үш рет концерттік бағдарлама өтті. Мұндай іс-шаралар бірте-бірте театрдың күнделікті тіршілік-тынысына тән құбылысқа айналып келеді. Яғни, күн сайын деп айтпағанмен аптасына 2-3 рет көрерменді баулитын түрлі бағдарламалар ұсынсақ, мұның өзі жас театр үшін зор мерей.

– Опера әртістері мен балет труппасы құрамында белгілі өнер шеберлері бар арнайы комиссияның іріктеу-сынынан өтуде. «Астана Операда» өнер көрсету үшін оларға ең алдымен қандай талаптар қойылды?

– Менің кім кімге де қоятын ең басты талабым – жұмыс. Әр адамның көкейінде жүретін бір арманы болады. Мұнсыз өнер – тұл. Мысалға, музыкант болмаса балет әртісі болсын 5-6 жасынан бастап осы саланың ауасын жұтып, нәрімен өседі. Алдында асқаралы мақсат тұрады. Өнердің шыңына шығуды көксейді. Сахнада жұлдыздай жарқырағысы келеді. Осы межеге жету үшін адам өзіне міндетті түрде талап қоя білуі керек. Мен олардың осы талабы мен намысын қайрап, жанып отырамын. Мысал үшін айтатын болсақ, күні кеше өткен камералық концертте оркестрдің музыканттары жеке-жеке өнер көрсетті. Мұндай сәт бұрын туа бермейтін. Оркестрдегі 80-100 адамның ішінен кейбір тамаша орындаушылардың шеберлігі тасада қалып қойып жататын. Бұдан былай ондағы әр музыканттың шығармашылық шеберлігі мен талантын ұштау үшін олардың өнерін жан-жақты көрсетуге көңіл бөліп отыратын боламыз. Демек, оркестрдегі әр адамның шығармашылық ізденіспен жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызылады. Қай орындаушының болсын көкейінде өз өнерін бүкпесіз көрсетуге деген сезім пайда болады. Бос уақыт пен түрлі даурықпа әңгімеге жол берілмейді. Қысқасы, жалпы театрда тек өзінің ісіне жан-тәнімен берілген таза адамдар ғана жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Сондай ортақ мақсатқа жұмылған ұжымның биіктен көрінбей қалуы еш мүмкін емес.

– Бүгінде шығармашылық құрам толығымен жасақталып бітті ме?

– Толығымен демесек те, әзірге бұл жұмыс 90 пайызға орындалып отыр. Әрине, іріктеу сыны толығымен аяқталып біткен жоқ, мұны әлі алда жалғастыра беретін боламыз. Кейбір саладағы әртістер мен музыканттарға байқау өткіземіз. Мысалға, бізге қазір өте жоғары деңгейдегі оркестрлік концерт­мейстер керек. Ол кәсіби жағынан өте білікті адам болуы шарт әрі өзі де керемет музыкант болуы керек. Әзірге біреу ғана, ал үлкен ұжым үшін концерттер мен қойылымдарға бір емес, үш бірдей концертмейстер керек. Себебі, ол театрдың деңгейін анықтайтын жауапты адамның бірі болып саналады.

Қазіргі таңда ұжымда барлығы 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ, қосымша тағы да біраз маман алынады. Себебі, қазіргі заманауи жабдықтар мен техникалық құралдардың тілін жақсы білетін кәсіби мамандар керек. Сахнада өнер көрсететін әртіс болсын, тіпті театрдың күзетшісіне дейін жеке   өзімнің талабым бойынша жұмысқа қабылданады. Өйткені, олардың ең алдымен өздеріне тапсырылған істің жауапкершілігін түсінулері маңызды.  

– Әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыз­дарынан театрға кімдер қабылданды, болмаса кімдер өнер көрсетіп жүр?

– Театрдың әлемдік тұсаукесерінде премьерасы өтеді деп күтілген «Аттила» операсына әлемдік деңгейдегі өнер саңлақтары қатысады. Мысалы, «Аттила» операсын Италиядағы ең атақты ре­жис­серлердің бірі Пьер Луиджи Пицци қойды десек, ал спектакльдің музы­калық жетекшісі әрі дирижері Валерий Гергиевтің есімін бүгінде білмейтін кісі кемде-кем. Италиялық режиссер Қазақ­станға ол жақтан костюмдер мен декорацияларды дайындап, жеткізді. «Аттила» қойылымы Рим театры операсының жуырдағы қойылымынан бастау алады, алайда, бұл оның нақты көшірмесі деу­ге негіз жоқ, өйткені, декорацияларды қазақстандық сахнаға сай кеңейтуге тура келді. Ғұндардың костюміне келсек, олар өзгеше этникалық компоненттермен мүлдем жаңаша тігілген.

Операдағы Аттиланың бейнесін дүние жүзіне аты мәлім әнші Елдар Әбдіразақов сомдайды. Сонымен қоса, италиялық баритон Клаудио Сгура Эционы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мариин театрының сопраносы Анна Маркарова Одабелланы, италиялық Лучано Ганчи Форестоны орындайды. Осыған қоса қазан айының 22-сі күні үлкен гала-концерт өтеді. Онда жалпы классикалық музыканың шеберлері Денис Мацуев, балерина Светлана Захарова, Сергей Накаряков, аты аңызға айналған Елена Образцова сынды жұлдыздар өнер көрсетеді.

– Шетелдегі қай театрлармен шығармашылық байланыс орнат­тыңыздар? Байланыс аясында қандай іс-шаралар жүзеге асырылады?

Италияның Ла-Скала театрымен шартқа қол қойып жатырмыз. Фран­ция­дағы ең үлкен ұлттық театрмен бір­ге жұмыс жасап келеміз. Сонымен бір­ге, жақында бізге «Ковент-Гарден» театрының президенті келеді. Бұл әлем­дегі бетке ұстар театрлардың бірі болған­дықтан, біз үшін мұндай кездесулер үлкен мәртебе болып саналады. Олармен де меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз.

Жақында және бізде тұңғыш рет Ресейдің Үлкен театры мен италиялық «La Fenice» мұражайлары қорларының «Ұлы есімдер» атты көрмесі ашылды.

Тұсаукесер аясында сонымен қатар, «Астана Опера» театрында тұңғыш рет ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Оған Англия, Италия, Испания, Ресей және Қазақстаннан әлемдегі ең ірі театрлардың директорлары мен дүние жүзінің 25 елінен белгілі театр сыншылары қатысады деп күтілуде.

Шара «Қазіргі заманғы опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ» деп аталады.

Мұнда операның әлемдік мәдениет кеңістігіндегі орны, сонымен қатар, жас әртістерді Еуропада оқыту, ірі театрларды басқарудың жаңа әдістері, ұлы орындаушылардың тарихи мұрасы сияқты тағы да өзекті тақырыптар талқыланады.

Конференцияда Саймон Роби (Covent Garden, Англия), Николас Пэйн (Opera Eu­ropa директоры), Шицзинь Цянь (Қытай), Мариса Веласкез («Teatro Real», Испа­ния), Барбара Мингетти (Италия), Фер­нандо Санс Ривьер (Испания), Николай Кузнецов (П. Чайковский атындағы ММК профессоры), Ү.Жұмақова (өнертану ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Астана) өз ойларын ортаға салады.

– Елорда күніне орайластырып П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің тұсауы кесілді десек, танымал хореограф Юрий Григоровичтің жаңа хореографиялық редакциясындағы сахналық туындысы әлемнің ірі төрт театрында –«Метрополитен-операда», «Ковент-Гарденде», Варшаваның ұлттық операсында, Ресейдің Үлкен театрында қойылған екен. Бұл туындыны «Астана Опера» театрының шығармашылық тобы қай деңгейде орындай алды деп ойлайсыз?

– Бағасын әрине, менен гөрі бұл саланы жақсы білетін кәсіби мамандар бергені жөн шығар. Бірақ, өзім қойылым соңында Юрий Григоровичтің қуанышына куә болдым. Тікелей маған айтпағанмен, ойындағысы орындалғанын білдірді. Қолымды қысып тұрып, болашақта тағы да бізбен бірге жұмыс істей бергісі келетінін айтты. Балет өнеріндегі кейін­гі өсіп келе жатқан жас әртістерге риза­шы­лық сезімін жеткізді.

Алғаш осы театрға көшіп жатқан тұс­та мен балет труппасына арнайы кіріп, пікірлерін білдім. «Ал енді мына театрда біз өнерімізді қандай деңгейде көрсетеміз?» – деп сұрадым. Олар: «Ең биік деңгейде» деп бірауыздан жамырап жауап қатты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан, қазақтың балет өнерінің аты әлі-ақ дүние жүзіне таныларына еш күмән келтірмеймін.

Опера және балет өнеріне ежелден білікті режиссерлер, суретшілер, тағы да басқа мамандар жетіспейді деген мәселе жиі алдан шығып тұрады. Соның бір мысалы, көбіне ресейлік режиссерлер мен суретшілерге қолқа салуға мәжбүрміз.

– Осы мәселелер бүгінде қалай шешілуде?

Әрине, барлық мәселелерді бір жылда, аз уақытта шешіп тастаймыз десек, мұным өте қате болар еді. Бірақ, бұл іс біздің көкейіміздегі ұдайы басты мәселе болып қала береді. Шынына келгенде, рас бізде әзірге кәсіби деңгейі жоғары режиссер де, суретші де жоққа тән. Оны жасырмаймын. Сондықтан, уақытша басқа елдің мамандарына жүгінуге мәжбүрміз. Көңілдегі үміт отын үрлейтін бір нәрсе, «Қыз Жібек» операсын қоюшы режиссерді шетелден шақырғанымызбен, суретшісі өз елімізден. Жалпы мұнда жұмыс істейтін адамдар болашақта өз ортамыздан өсіп-жетілеріне сенімім мол. Ол үшін біраз уақыт керек.

– Неміс ақыны Ц. Вернердің қала­мынан туған «Аттила, ғұндар патшасы» трагедиясы негізінде дүниеге келген Дж. Вердидің «Аттила» операсының премьерасы қазақ көрермені үшін өте бір айтулы жаңалық болғалы отыр. Еділ патша бейнесі мен ғұн тари­хын баяндайтын спектакльді сахна­лауға кімдер атсалысуда, осы жобаны ұсынған идеяның авторы кім?

– Операның премьерасын 21 қазанда көрсету идеясын Валерий Гергиев осыдан бір жыл бұрын ұсынған болатын. «Аттиланы» қазақ сахнасында қоюды да алғаш айтқан сол кісі. Шетелдік азамат болғанмен, бізге әбден бауыр басып кеткен адам. Тағы да айта кетерлік жайт, бұл жобаны Елбасымыздың тікелей өзі қолдаған болатын.

– Өзіңіз халыққа тамаша әндеріңізбен, басқа да музыкалық шығармаларыңызбен танылған композиторсыз. Жақында «Жерұйық» атты сахналық туындыңыз көрермен жүрегіне жол тартты. Тағы қандай жаңа шығармаларыңыз бар?

– Шынымды айтар болсам, қазіргі таңда тек театрмен айналысудамын. Күн де, түн де осыны ойлаумен өтеді. Қала әкімінің орынбасары болып 7 жыл қызмет атқардым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жас таланттарға кезінде қолдау көрсетуге тырысып бақтым. Мысалы, «Шабыт» фестивалін ұйымдастырдым. Әрине, менің де тек жеке басымның шығармашылығына ғана көңіл бөліп жайбарақат қала беруіме әбден болушы еді, бірақ, бүгін сол жылдарға көз жүгіртсем, бір ғана фестиваль арқылы он бір мыңға жуық жас таланттың сахнаға шығуына мүмкіндік туғызыппын. Бүгінгі қызметіме келсем, театр – үлкен рухани шаңырақ. Сол шаңырақтың еңсесі биік болуы осы ұжымдағы әрбір адамның жауапкершілігіне байланысты. Осыған өз үлесімді барынша қосқым келеді.

– Еліміздің ең ірі театрына бас­шылық ету адамнан үлкен жауапкер­ші­лікті талап етері сөзсіз. Ал сіз таза шығармашылық адамысыз. Екеуін қалай қатар алып жүрсіз?

– Әкімнің орынбасары қыз­метінен кейін сегіз жыл Парла­мент партасында отырдым. Ол жыл­дары мен тек өзім ғана жұмыс жасаған жоқпын, көптеген адамдармен жүздестім, әрбірімен тіл табысуға тырыстым. Осы тәжірибемді қазір театр саласында пайдаланып келемін. Театрда да тез шешімін таба қоймайтын түйткілдер аз емес. Сондайда өзіңді ұғып, қолдау көрсететін, қолұшын созатын азаматтар табылмай жатса бәрінен де сол қиын. Бірақ Елбасының өзі бас­тап, ал Үкіметтегілер, қала басшылығы қоштап, жұмыла кіріспегенде астана төрінде асқақтап осындай тамаша театр бой көтеріп тұрар ма еді.

Әр адамның өмір бойы тер төгіп, жиған-терген бейнеті уақыт өте келе әйтеуір бір өз жемісін берері сөзсіз. «Астана Опера» театры қазақтың көптен аңсай жеткен сол толағай жемісіне айналып отыр.

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар