Кеше Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының бесінші күні аяқталды. Осы күні боксшылар екінші айналымды бастап кетті. Ол 52, 64 және 91 килоға дейінгі салмақтағылар арасында өтті.
Жанкүйер қауым 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның 2013 жылғы чемпионы уэльстік Эндрю Сельби мен Құрама Штаттар өкілі Малик Джексон жұдырық сілтескен шайқасты бірінші болып тамашалады. Бұл бір аса тартысты өткен ұрыс болды. Сондықтан ақырғы сәтіне дейін кімнің бағы жанатыны белгісіз болып тұрды. Ал төрешілердің бағамы бойынша, британиялық жігіттің ұрған соққылары дәлірек тиген болып шықты. Бұдан кейін осындай кескілескен ұрыста кубалық Гералдо Тежериа жапон Садайори Аокиді тізе бүктірді. Енді үшінші айналымда осы жұптардың жеңімпаздары жүздеседі.
Кеше Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының бесінші күні аяқталды. Осы күні боксшылар екінші айналымды бастап кетті. Ол 52, 64 және 91 килоға дейінгі салмақтағылар арасында өтті.
Жанкүйер қауым 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның 2013 жылғы чемпионы уэльстік Эндрю Сельби мен Құрама Штаттар өкілі Малик Джексон жұдырық сілтескен шайқасты бірінші болып тамашалады. Бұл бір аса тартысты өткен ұрыс болды. Сондықтан ақырғы сәтіне дейін кімнің бағы жанатыны белгісіз болып тұрды. Ал төрешілердің бағамы бойынша, британиялық жігіттің ұрған соққылары дәлірек тиген болып шықты. Бұдан кейін осындай кескілескен ұрыста кубалық Гералдо Тежериа жапон Садайори Аокиді тізе бүктірді. Енді үшінші айналымда осы жұптардың жеңімпаздары жүздеседі.
Келесі кезекте бокссүйер қауым биыл ғана Иорданияда Азия чемпионы болған қырғыз Азат Үсеналиев пен молдован Александр Рышканның жекпе-жегін жіті қадағалады. Себебі, бұл жұпта иығы озған оғлан алдағы айқаста біздің Ілияс Сүлейменовтің қарсыласы болып қалуы ықтимал еді. Оны ақырын Алатоо баурайынан келген бағлан өз пайдасына шеше білді. Бұдан кейін кезек Ілиясқа келді. Ал оған өзінің екінші елекке өтуге лайықты екенін дәлелдеу үшін көп тер төгуге тура келді. Австралиялық Эндрю Мэлони ұрыс басталғаннан өліспей беріспейтінін байқатты. Бұған Ілияс әдемі қорғаныс пен дер кезінде жасалған қауырт шабуылмен жауап қайтарып отырды. Ол өзінен тура 20 күн кіші әріптесін екінші раундтан ырқында ұстай бастады. Нәтижесінде Қазақстан жасағы турнирдегі бірінші жеңісіне қол жеткізді. Еліміз құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов осыған орай: «Біздің алғашқы шайқастарымыз Ілияс пен Мерейге үлкен жауапкершілік жүктеді. Олар Қазақстан бокс мектебінің деңгейін көрсетуге тиіс болды. Әзірге сол деңгейден табылған Ілиясты 22 қазан күні құрлықтың биылғы чемпионы Азат Үсеналиев сынды өте күшті қарсылас күтіп тұр», – деді.
Ирландия құрамасының ардагері Пэдди Барнс пен серб Милош Балтичтің арасындағы жекпе-жекке де тоқтала кетуге болады. Мұнда жасы да үлкен, атағы да көп британиялық боксшы алымды көрінді. Осының соңын ала англиялық Чарли Эдвардс кениялық Симон Нзиокиден техникалық нокаутпен жеңіліп қалды. Бұған оның бірінші раундта қабағын жарып алғаны да әсер еткен сияқты. Бұдан әрі армян Нарек Абгаргян Македонияның жарыстағы жалғыз өкілі Мумин Велиді ығыстырып, ілгеріге қадам жазды. Өзбекстандық ұйғыр жігіті Жасурбек Латипов германиялық араб Хамза Тоубаны төмпештеп тастады.
Көрермен көпшілік 64 килоға дейінгілер ұрыстарын да асыға күтті. Сол ынта мен ықыласқа сай осы салмақтағы Мерей Ақшалов өзінің жекпе-жегін өте жақсы өткізді. Гонг соғылған бойда атойлап алға ұмтылған біздің жігіт рингтің шын мәніндегі иесі секілді еркін қимылдады. Дегенмен, қарсыласы да қарап қалмады. Әдетте қорғанысқа мығым Мерейдің шабуылға шыққан кезінде ашылып қалған сәттерін ұтымды пайдаланған ол ара-тұра дәл соққылар беріп тұрды. Соған қарамастан, біздің саңлақтың артық екеніне ешкім күмән келтірген жоқ. Ал құрама бас жаттықтырушысы бұл ұрысқа: «Мерей біздің берген нұсқауымызды дәл орындап, өте жақсы шайқасты. Енді Ілияс пен Мерейдің жеңістері командадағы басқа жігіттердің еңселерін көтеріп, жігерлерін жанитын шығар деген ойдамын», – деген баға берді. Ал Мерейге келесі айналымда доминикандық Карлос Адамс бәсекелес болады. Ол осы жолы АҚШ боксшысы Хосе Алдейді әдемі етіп ұтып берді. Бұлар енді 21 қазан күні бір-бірімен бетпе-бет келеді.
Алматы рингіне өткен жолғы жаһандық жарыста топ жарғандардың бесеуі бірдей келіп отыр. Әдетте мықтылардың шоғыры дәл мұндай деңгейде қайта жинала бермейді. Ал осының алдында ғана кәсіпқой боксқа ауысып, нәпақаларын сол жақтан табуға бекінген қытай Зоу Шимин, украиндар Василий Ломаченко, Тарас Шелестюк, Александр Усик келе қалғанда, чемпиондар түгелденіп қалғандай екен. Тек Бакуде жұлдызы жанған украин Евгений Хитров қана өз елінің құрамасы сапына ілінбей қалыпты. Осылай бірнеше мықтысынан айырылып қалғанынан да шығар, Әзербайжан астанасында командалық есепте бірінші орын алған Украина құрамасы бұл біріншілікте айрықша көзге түсе алмай тұр. Сол сияқты АҚШ құрамасы да қазірдің өзінде 7 боксшысынан айырылып қалды.
Енді біріншілікке жүгініп жеткен 2011-дің чемпиондарына ойыссақ, тілдің ұшына бұл лекте кубалықтар Лазаро Альверес пен Хулио де ла Крус, ресейлік Миша Алоян, әзербайжандық Магомедрасул Меджидов және бразилиялық Эвертон Лопес бар екені келер еді. Міне, осылардың соңғысы кеше чемпиондар арасынан бірінші болып ұрысқа араласып, маврикийлік Льюс Колинді еркін ұтып шықты. Түбінде біздің Мерейдің бәсекелесі болып қалулары ықтималдар қатарындағы қырғыз Эрмек Сакенов ирландиялық талантты боксшы Раймонд Мойлеттен басым түсті. Сол сияқты Алматы жанкүйерлерінің көңілінен шыға бастаған тәжік Шавкатджон Рахимов тәжірибелі серб Бранимир Станковичті кескілескен ұрыс үстінде ұтты.
91 килоға дейінгі салмақтағылар арасында бізге хорват Марко Галичтің қытай Ксуанксуан Вангті, әзербайжан Теймур Мамедовтің нигериялық Этебор Апочиді ұтқандары ұнады. Осы топтағы ең атағы зорлардың бірі – итальян Клементе Руссо грузин Леван Гуледаниден айқын басым болды. Атағынан ат үркетін тағы бір тарлан, кубалық Эрисланди Савон корей Жин-Хо Хеоны бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберіп, өзінің әлі бабында екенін танытты.
Жасыратыны жоқ, өз «сәйгүліктеріміз» бір кезеңнің кермесінен ағып өте шыққаннан кейін көңілдерімізді демдеген біз кешкі сессияны асыға күттік. Бұған сол аралықта 91 килодағылар арасында Антон Пинчуктің шайқасқа қосылатыны себеп болып еді. Оның венгр Имре Шелломен жекпе-жегі сессияның соңғы жағында өтті. Ал оған дейін біз ресейлік Евгений Тищенконың белорус Сергей Корнеевті, бразилиялық Хуан Ногуейраның америкалық Майкл Хилтонды, өзбек Рустам Тулягановтың молдован Владимир Челесті қалай ұтқанын тамашаладық.
Бір кезде Антон Пинчук те шықты алаңға. Оның қарсыласы Имре Шеллоның бойы едәуір биік екен. Қолы да ұзын көрінді. Осыған қарап, аздап қобалжығанымыз рас. Бірақ сол күмәнді біздің батыр бағлан көп ұзамай сейілте бастады. Біздіңше, ол үш раундта басым болды. Мұны төрешілер де әділ бағалады. Сөйтіп, кеше шаршы алаңға шыққан үш саңлағымыз да жеңіс тойын тойлап, мыңдаған жанкүйерлерін қуантты. Ал Антонның 21 қазан күні жүздесетін келесі қарсыласы өзбек Рустам Туляганов болғалы тұр. Осылардың бәрін саралап шыққан М.Айтжанов соңында: «Антонға бұл шайқас оңайға түскен жоқ. Бірақ Пинчук өзінің күшті екенін танытты. Мен оның енді қоса түсетініне сенемін», – дегенді айтты.
Бүгін 49, 56 және 75 килоға дейінгі салмақтардағы боксшылар рингке шығады. Мұнда Біржан Жақыпов – ресейлік Бэлик Галановпен, Қайрат Ерәлиев – румын Николае Андреанамен, Жәнібек Әлімханұлы әзербайжандық Солтан Мигитиновпен қолғап түйістіреді. Ал ертең Берік Әбдірахманов – пуэрториколық Даниэлито де ла Росамен, Данияр Елеусінов – багамдық Карл Хиелдпен, Әділбек Ниязымбетов фин Вилле Хуккененмен айқасады. Қазанның 22-сінде Иван Дычко рингке көтеріледі. Жарысты бірден 1/8 финалдан бастайтын оның қарсыласы әзірге белгісіз.
«Егемен Қазақстанның»
әлем чемпионатындағы көшпелі редакциясы.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
Суреттерде: 1. рингте – І.Сүлейменов; 2. жерлесіміз А.Пинчук шабуылда;
3. М.Ақшаловтың жеңісі.