Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елордалық №2 көпсалалы ауруханасының директоры Иван Иванович Лидің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтады.
Иван Иванович талантты басшы, тамаша ұйымдастырушы әрі науқастары мен әріптестеріне бауырмал, жанашыр болды. Ол COVID-19-бен күресте алғашқы күннен бастап алдыңғы шепте тұрды.
Ол медициналық қауымдастық ортасында айрықша абырой-беделге ие болды. Қызметкерлері де жоғары кәсібилігі мен қайырымдылығы үшін, айналасына үнемі тек сөзбен ғана емес ісімен де қол ұшын созғаны үшін оны жоғары бағалады. Өмірінің соңғы күніне дейін ол өзінің мамандығына адал болды.
Иван Иванович өзінің медицинадағы еңбек жолын 1978 жылы ауруханада санитар болып бастады. Бұл кезде ол Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түскен болатын. Содан кейін 3 курста оқып жүргенінде хирургиялық бөлімде мейіргер болды. Оқуды тәмамдаған соң Қарағанды облысы Молодежный кентінің аудандық орталық ауруханасында хирург дәрігер болып қызмет атқарды.
Иван Иванович өзінің өміріндегі маңызды кезеңдерінің бірі деп профессор А.Ю.Свидлер басқаратын Алматы институты урология кафедрасының клиникасындағы білікті дәрігерлер ортасына түскен кезін есептейтін еді.
Өзінің кәсіби қызметі барысында Иван Иванович түрлі алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. 2018 жылы елорданың медициналық ұйымдары арасындағы денсаулық сақтау саласындағы білікті менеджер ретінде «Алтын шипагер» медициналық сыйақыға ие болды. Сонымен қатар ол кәсіби қызмет барысындағы атқарған еңбегі үшін «Құрмет» (2013 ж.) орденімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2020 жылдың 20 маусымында азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша жанкештілікпен жұмыс істеп, зор еңбек сіңіргені үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
Иван Ивановичтің басшылық етуімен 2018 жылдың қыркүйек-қараша айларында екі стационардың, яғни №2 қалалық аурухана мен №1 перинаталдық орталықтың бірігу процедурасы жүргізілді. Бұл бірігу жолы бірқатар оңды нәтиже берді.
Оның мойнына дәрігерлік және ұйымдастырушылық қызметінің үлкен жүгі артылып, адал еңбегінің арқасында жүздеген адамның өмірі құтқарылып, мыңдаған науқастың шынайы алғысына ие болды.
Оның жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі