• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2013

Гендерлік білімнің жас тұлғаның қалыптасуына ықпалы

1942 рет
көрсетілді

Қазіргі өркениетке ұмтылған адамзат қоғамы тек саяси-эко­но­микалық қана емес, экологиялық, мәдени, әлеуметтік, рухани саланы дамытуға да көңіл аударып келеді. Соның бірі – соңғы уақыттарда әлемдік аренада қолға алынып келе жатқан арна гендерологиялық ілім және одан туындайтын: гендерлік саясат, гендерлік білім беру, ген­дерлік теңдік сияқты бағыттар болып табылады. Осыған байланысты гендерологияны дамытудың бүгінгі таңдағы маңызды бір буыны гендерлік білім болып отыр.

Қазіргі өркениетке ұмтылған адамзат қоғамы тек саяси-эко­но­микалық қана емес, экологиялық, мәдени, әлеуметтік, рухани саланы дамытуға да көңіл аударып келеді. Соның бірі – соңғы уақыттарда әлемдік аренада қолға алынып келе жатқан арна гендерологиялық ілім және одан туындайтын: гендерлік саясат, гендерлік білім беру, ген­дерлік теңдік сияқты бағыттар болып табылады. Осыған байланысты гендерологияны дамытудың бүгінгі таңдағы маңызды бір буыны гендерлік білім болып отыр.

Осы тұста, алдымен, гендерлік ілімнің не екендігіне тоқталып өт­кеніміз жөн сияқты. Қарапайым тілмен айтқанда, гендер – қоғамдық өмірдің барлық саласына қатысты тұрғыдан алғанда, ер мен әйелдің тең құқығын қамтамасыз етуді көздейтін және оны іске асырудың жолдарын қарастыратын, жы­ныс­тық кемсітушіліктерге қарсы бағытталған, бір қырынан, ғылыми негізделіп келе жатқан, екінші бір қырынан, саяси-әлеуметтік си­патқа ие болатын қоғамдық қозғалыс және арнайы ілім.

Гендер ұғымын тек қана әйел тең­дігін қорғайтын бағыт неме­­се оның құқықтарын асыра пай­да­ла­нуды көздеуге бетбұрыс деп қана түсінуге болмайды. Гендер – тек әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерек­ше­лік­терін қорғайтын, ал кемсіту­шілік болған жағдайда оның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық үдеріс. Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екендігін ескерсек, шындығында ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды. Осы тұста, «тең» деген түсінікті кейбір батыстық көзқарастар «бірдей» деген ұғыммен алмастырып алады. Сондықтан олар екі жыныстың биологиялық болмысын да теңестіріп жібереді. Міне, соның салдарынан Ұлыбританияда бала туу санының азаюы, сөйтіп, алдағы 40-50 жылда Англияда ағылшын деген ұлттың болмау қаупі туындап тұр. Себебі, әйелдер «біз де ер адамдармен бірдейміз» деген желеумен бала туудан бас тартуда.

Гендер саласындағы сан қырлы күрделі мәселелерді түсіндіру үшін, оны біржақты таяз ұғынушылықты жою үшін, ер де, әйел де өзінің құқықтарының тең екендіктерін сезіну үшін жастарға арнайы және жүйелі ұйымдастырылған гендерлік білім беру қажеттілігі туындап отыр. Ол әлемнің көптеген елдерінде зерттеліп, нақты іс-шаралар арқылы өз деңгейінде қолға алынуда. Ал біздің еліміздегі гендерлік білім беру тек қана біржақты батыстық, шығыстық, діни сияқты парадигмаларға көз­сіз еліктемей, тек классикалық не­гіз­ге сүйене отырып, ұлттық та­ным-түсінікті басымдыққа шыға­ра­тындай болуы тиіс, яғни, оның өзіндік қазақстандық нұсқасы бо­луы керек және ол солай жүр­гізілуде.

Бүгінгі таңда жастарға ген­дер­лік білім беру өзіндік әдіснамасы, ғы­лыми әдістері мен мазмұны, оқы­ту жүйесі негізделіп келе жат­қан арнайы ілім ретінде елімізде қол­ға алыну үстінде және ол жас­тар тарапынан да қолдау табуда. Жуық арада, Қазақстанның көп­те­ген аймақтарында жастар ара­сын­да жүргізген сауалнамалар нәтижесі бойынша олардың 65 пайызы гендер ұғымынан хабардар екендігін және 72 пайызы гендерлік білімді еліміздің оқу орындарына енгізуге қарсы еместіктерін, өздері де ол пәннен білім алғысы келетіндіктерін атап көрсеткен болатын.

Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық университетінде 2003 жылдан бастап «Гендер» арнайы курсы 4 факультетте 40 мамандық бойынша 2-курс студенттеріне қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Бүгінгі таңда «Гендер» арнайы курсы «Гендерлік сая­сат», «Қазақ аруы» атты таңдау пәндері оқу үдерісіне енгізілген. Осы университет жанынан 2000 жылы құрылған «Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институты» білім беру жүйесіне гендерлік білім-білікті енгізу бағытында жұмыстар атқарады.

Гендерлік білім арқылы жастар өздерінің қоғамдағы рөлін сезініп, болашақта үлкен жауапкершіліктер арқалайтындығын ұғына алады. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып қалған гендерлік теңсіздіктердің ішінде құлдық психологияға байланысты таптаурындар да бар екендігін жоққа шығаруға болмас. Ендеше, бұл да жас тұлғаны қалыптастырудағы гендерлік білімнің өзіндік орнын көрсете алады. Себебі, бүгінгі таңдағы кейбір көзқарастар «қазақ қоғамында әйел теңсіздігі әуелден-ақ орын алған» деген сияқты пікірден арыла қоймағандығы шындық. Түркі-қазақ дүниесінің ішкі болмысына тереңдей енсек, ер-әйелдің тең құқықтығы мен қоғамдағы өзіндік орындарының, мәртебелерінің анық айшықталғандығына көз жеткізе аламыз. Ал кейінгі сырттан таңылған көзқарастар, әсіресе, батысқа тым еліктеушілік, шындығында, бізді гендерлік теңсіздік жағдайына алып келді.

Жылдан-жылға гендерлік білім беру жас ұрпақтың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуында өзіндік оң нәтижесін беріп келеді. Бірақ бұл әйелдерге немесе ерлерге толыққанды абсолютті еркіндік беріп, жауапкершіліктерін алып тастау дегенді білдірмейді, керісінше, қоғамдағы биоло­гия­лық-психологиялық болмы­сын және мәртебесін сақтай отыра, игілікті-оңды, болмыс тағай­ын­даған дәрежедегі тиісті парыздарын күшейте түсуі тиіс. Бұл екі та­рапқа да бірдей қатысты мәселе. Жас­тарға гендерлік білім берудің басты мақсаттары мен күтетін нәтижелерінің маңыздысы да – осы.

Зәмза ҚОДАР,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік

зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Соңғы жаңалықтар