Жексенбі күні Беларусьтің бас шаһары – Минскіде кәсіпқой бокс жекпе-жектері өтті. Шаршы алаңға шыққан бес қазақстандық боксшының төртеуі қарсыластарын тізе бүктірсе, өкінішке қарай бір қандасымыз ұпай саны бойынша жеңіліп қалды.
Кәсіпқой бокс кешін 20 жастағы жерлесіміз Евгений Павлов жеңіспен ашып берді. Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жекте Павлов мажарстандық боксшы Патрик Хорватты (1-2) төрт рет нокдаунға жіберіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Шаршы алаңға екінші болып шыққан 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет бірінші раундтың өзінде-ақ мажарстандық Тамаша Ласкуды
(19-22-1) сұлатып салды. Ал ауыр салмақтағы отандасымыз Нұрсұлтан Аманжолов босниялық Дражан Джананиннен екінші раундта техникалық нокаутпен басым түсті.
Өкінішке қарай, WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian белбеуінің иегері Нұрсұлтан Жаңабаев француз Сэнди Мессаудтан ұпай саны бойынша жеңіліп, барлық титулынан айырылды. Ал бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсеткен отандасымыз Айдос Ербосынұлы WBO Global, WBC Asia және WBA International белбеуін сәтті қорғады. Германиялық Нуху Лаваляға қарсы өткен айқаста Ербосынұлы төрешілердің бірауыздан берген ұпай саны бойынша жеңіске жетті.