• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 28 Шілде, 2020

Экологиялық сауатты ұрпақ өсіруіміз керек

559 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен экологиялық білім жөнінде дөңгелек үстел өтті. Қазақстандық қоғамда экологиялық білім беру, экологиялық мәдениетті тәрбиелеу және қалыптастыру мәселелері талқыланған жиынға сала мамандары, зерттеуші ғалымдар, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Онлайн отырысты ашқан Ақпа­рат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халықтың денсаулығы қоршаған ортаның тазалығымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Адам бойындағы түрлі ауру­лар­дың қоршаған ортадағы келеңсіз өзгерістерге тікелей немесе жанама түрде байланысты екені анықталған. Алайда осы жағдайға, халық денсаулығының нашарлан­уына экологиялық факторлардың себеп болатыны әзірге елімізде жет­кілікті деңгейде ескерілмей келеді. Экологиялық сауатсыздықты жою халық арасында жүргізілетін ма­ңызды мәселеге айналуы тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі жалпыхалықтық экологиялық сауат ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі», деді ведомство бас­шысы.

Жиында сөз алған эко белсенді Арман Хайрулин келесі жылды Эко­логия жылы деп жариялауды ұсын­ды. Оның ойынша, соңғы 20 жыл ішінде Экология жылы жария­лан­баған. «Біз көршіміз Өзбекстаннан халықтың өсімі бойынша бірнеше есеге артта қалып келе жатырмыз. Бұл проблема шын мәнінде дәл осы экологиялық жағдайдан туып отыр. Біз ашаршылықты геноцид деп танысақ, қазір сол нәубетпен пара-пар экоцид жағдайында тұр­мыз. Сондықтан нақты іске кірі­сетін кез келді. Егер Экология мәсе­ле­лерімен айналысатын арнайы министрлікті құрған Президентіміз Қ.Тоқаев келесі жылды экология жылы деп жарияласа, біраз негізгі түйткілдердің түйіні тарқатылар еді», деді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Білім және ғылым министрлігінде арнайы құрылған жұмыс тобы экология пәнін мектеп бағдарламасына енгізу бо­йынша жұмысты бастады. Бірақ ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов экологиялық білім мәселені толы­ғымен шешпейтінін жеткізді. «Экологияны қорғауға бағытталған жұмыстарды жүргізуге мемлекеттен қаржы бөлуді қою керек. Оның еш­қан­дай нәтиже бермейтінін, жай ғана Үкімет қаржысын желге ұшыра­тынын тәжірибеден анық көрдік. Негізі, экологияны қорғау әр адам­ның өзінен басталуы керек. Мен, мы­салы, өзімнің жеке көлігімді тастадым. Қазір қоғамдық көлікпен жүремін», деді ол.

Осыған қарамастан кейінгі ұрпақ­қа экологиялық білім беру қашан­ да, қай елде де өзекті болып отыр. Соның бір дәлелі болар, дөң­­ге­лек үстелге Ресейден қатысқан та­ны­мал экоблогер Роман Саблин онлайн-мектептердің жұ­мы­сы нә­тиже беретінін, сондай-ақ осы тәжірибені Қазақстанға да ен­гізуге болатынын айтты. Қазір эко­логиялық білім беретін ресейлік онлайн-мектептерде қазақстандық оқушылар да оқиды екен.