• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2013

«Ханзадалар» ауруын ауыздықтауға болады

530 рет
көрсетілді

Алматыда №7 қалалық клиникалық ауруханада гемофилия орталығы ашылды

Гемофилия – бұл тұқым қуалайтын ауру түрі. Көбіне ол кеселмен ер балалар ауырады, қыздарда сирек жағдайда гемофилияның С түрі кездеседі. Гемофилия зертханалық әдістер, яғни қан қойыртпалығының факторлар саны арқылы анықталады.

Алматыда №7 қалалық клиникалық ауруханада гемофилия орталығы ашылды

Гемофилия – бұл тұқым қуалайтын ауру түрі. Көбіне ол кеселмен ер балалар ауырады, қыздарда сирек жағдайда гемофилияның С түрі кездеседі. Гемофилия зертханалық әдістер, яғни қан қойыртпалығының факторлар саны арқылы анықталады.

Соңғы жылдары жүргізілген статистика бойынша әлемде гемофилиямен 400 мыңнан астам адам ауырады екен. Қазақстанда 771 адам есепте тұрса, оның 284-і ересектер. Алматы қаласында 69 ересек, отызға жуық бала тіркелген. Егер бұрынғы жылдары ауырған балалардың басым көпшілігі ауру салдарынан ерте көз жұматын болса, қазіргі кезде медицинаның мүмкіндігі артқан. Заман талабына сай медицина мекемелерінің қызметкерлері емдеудің жаңа әдістерін игеріп енгізіп отыр. Жеткілікті мөлшерде медикаментозды препараттарды қабылдау және науқасты сапалы емдеген жағдайда бұл дертке ұшыраған адамдар қалыпты өмір сүреді.

Бүгінге дейін осы қауіпті дертті емдейтін дәрі-дәрмек табылмағанымен, ауру ағымын бақылайтын құралдар әзірленді. Денсаулығы мықты адамдардың қанынан плазмалар дайындалып, қан ағуын тоқтататын арнайы концентраттар жасалады. Егер, бұрын тұқымдарында гемофилияның бар екендігін әйелдердің жүктілігі кезінде анықтау мүмкін болмаса, қазіргі кезде дәрігерлер жүктіліктің бірінші триместрінде ұрпаққа аурудың жұққан-жұқпағандығын анықтау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Егер, осы уақытқа дейін гемофилиямен ауырған жандар орта есеппен 35 жасқа дейін өмір сүрсе, жаңа медикаменттердің көмегімен олардың өмірін бірнеше он жылға ұзартуға болады.

Гемофилия орталығының ашылу рә­сіміне қатысқан Алматы қалалық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы, медици­на ғылымдарының кандидаты Жанат Қажым­жанованың айтуынша, мұндай орталық өте қажет.

– Гемофилиямен ауыратын балаларға №2 қа­лалық балалар ауруханасында отыз орын­дық бөлімше аштық, – деді шаһардың бас дәрігері. – Гемофилия – өте күрделі, ең қиын әрі емделмейтін кесел болғандықтан, осы аурудың өзекті мәселелерін көтеріп жүр­ген Қазақстанда гемофилиямен ауыра­тын науқас-мүгедектердің қоғамдық ұйы­мына алғысымызды білдіреміз. Бұл жерде осындай жауапты іске мұрындық болып, орталықтың ашылуына күш салған №7 қалалық аурухананың бас дәрігері Болат Баймахановтың да еңбегін атап өткім келеді. Мұнда қаладағы осы саладағы ең білікті, кәсіби дәрігерлер қызмет көрсетеді.

Үкіметтік емес ұйым – гемофилиямен ауыратын науқас-мүгедектер қауымдастығы біріккен бірлестігінің төрайымы Тамара Рыбалова да өз қуанышымен бөлісті. Айта кету керек, биыл қауымдастықтың жұмыс істей бастағанына он жыл толып отыр.

– Менің ұлым төрт жасынан осы ауыр дертпен ауырды, қазір 42 жаста, – деді Тамара Григорьевна. – Біздерге өте қиын болды. Балам талай рет өлім аузынан қалды. Қазір біздерге көрсетіліп жатқан жағдай еуропалық елдердегі жағдаймен бірдей. Қазір Қазақстан гемофилия ауруымен ауыратын науқастарды дәрі-дәмекпен қамтамасыз ету жөнінде бүкіл ТМД елдерін, оның ішінде Ресейді, тіпті, Франция мен Германияны басып озып, Швециямен теңесіп отыр.

Шынында да, төрайымның гемофилиямен ауыратын науқастарға сіңірген еңбегі орасан. Тамара Григорьевна 2003 жылы Президенттің атына хат жазып, жағдайды толық түсіндіреді. Содан 2003 жылы 12 желтоқсанда Үкіметтің гемофилиямен ауыратын балаларға бюджеттен 270 млн. теңге қаржы бөлу туралы қаулысы шығады. Содан кейін бұл аурудың күрделілігін, оларға ерекше жағдай, күтім қажеттігін түсіндіру мақсатында дәрігерлер конференциясы өткізілді. Қауымдастық одан кейін ересектерге ақша бөлу мәселесін көтерді. Осындай талпыныстардың нәтижесінде Үкімет, бүгінде осы мақсатқа жыл сайын 8 млрд. теңге бөліп отыр.

Орталық – Алматы қаласы үшін ғана емес, республика бойынша бірден-бір бірегей емдеу орны. Мұнда науқастардың кітапшасын мұ­ра­ғаттан тез тауып, бақылауда ұстауға мүм­кіндік бар. Күндізгі стационар өздерін еркін сезініп, кешке үйлерінде, отбасы-ошақ қасында болуына ыңғайлы. Аурухана бірың­ғай ұлттық жүйе бойынша жұмыс істей­тіндіктен, республиканың кез келген тұрғыны клиниканың қызметін тегін пайдалана алады.

Бір айта кетерлігі, аталмыш аурухана базасында осыдан үш ай бұрын күрделі ота – ағза ауыстыру орталығы ашылған-ды. Жанат Кәкімсейітқызының айтуынша, бұл аурухана инновациялық технологияны игеру бағытында сәтті қадамдар жасауда.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар