Қазақтың қасиетті де құнарлы топырағында өсіп-өнген жақсыларымыздың арасында ел ынтымағы мен ырысының артуына барынша атсалысып келе жатқан ғалым, қоғам қайраткері Айдар Әбуовтің өзіндік орны бар.
Кезінде «Мировоззрение Ходжа Ахмета Яссави» (Алматы қ. 1997 ж.), «Ақиқат жаршысы» (Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ баспасы, 1998 ж.) сынды сүбелі еңбектері арқылы талайдың назарын аударып, есімі кеңге жайылған, белсенді қызметімен қоғам қайраткері ретінде танылған Айдар Пәрқұлұлының өмір жолы үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектен құралған. Ғалымның бүгінгі шыққан биігі оның өмір өріне ұмтыла білуінің жарқын жеңісі болса керек. Десек те, оның әрбір ізгі қадамының бастауында, қарым-қабілетінің негізінде ата-тектен берілген таза рух, имани күш жатқаны сөзсіз. Мұндайда қазақ «адам тегіне тартпай тумайды» дейді. Осы орайда А.Пәрқұлұлының атасы Әбу Абылаев жөнінде аз-кем тоқтала кетсек, аруақ сыйлағандық болар. Әбу Абылаев Түркістан өңіріне белгілі азамат болыпты. Кешегі көз көрген қариялардан жеткен ауызша естеліктерге қарағанда, өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап ол кісі Түркістан болысы әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарады, кооператив, колхоз басқарады. Сондай-ақ жергілікті халықтың сұранысына орай еліміздің солтүстік өңірлерімен, оның ішінде Ақмола аймағымен байланыс орнатып, Қараөткелдегі жәрмеңкеден азық-түлік, түрлі қажетті бұйымдар жеткізу ісін ұйымдастырған. Сол бір аласапыранды кезеңде жоқшылыққа ұшыраған қарапайым халықтың қамын жеген Әбудің игілікті ісі шолақ белсенділердің қытығына тиіп, ақырында әйгілі 1937 жылы қуғындалып, абақтыға жабылады. Қуанышқа орай, ақталып шығады. Бұдан кейінгі өмірін Мақтааралда өткерген ол қиыншылықты да, қуанышты да елмен бірге көреді. Соғыс жылдарында майданнан қара қағаз алып қара жамылған ағайынды еңбекке жұмылдыру мехнатын еңсеруге Әбу Абылаевтың жеке басының беделі аз септігін тигізбеген.
1960 жылы дүниеге келген Айдар Пәрқұлұлы мектеп бітірген соң енбек жолын жұмысшы болып бастады. 1977-1982 жылдары аралығында Шымкент педагогика институтының тарих факультетінде оқыды. Сол бір студент кезінде өткен археология саласына қатысты практикалық сабақ барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеуге қызығушылығы оянады. Жан дүниесін діни ойшыл-ғұламаның мұрасын білсем деген талап, кесене туралы түрлі сауал мазалайды. Кесенеден алған осы алғашқы әсері кейін үлкен тақырыптарға бағыттайды.
Ол кезде Қ.А.Ясауидің, кесененің тарихы да, құжаттары да ашық зерттелмеген, тыйым салынған жабық тақырып болатын. Тіпті Алматыда 1977 жылы тапсырыспен шыққан «Тень средневековья» деген кітапта атақты ойшыл бабамыз ортағасырлық қараңғылық пен надандықты насихаттаған адам деп сипатталыпты. Көкірегі ояу жас Айдар мұндай қисынсыз жазбаларға сенбей, Ясауидің әлеміне өз танымымен енеді. Оның Ясауиді, оның мұраларын жанына жақын тұтуына дара тұлғаның кесенесіне саясат ызғарын елемей еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жататын қазақтардың, басқа да мұсылман жамағаттың риясыз пейілі де әсер етпей қойған жоқ. Бір ғана мысал. 1977 жылы сонау Қостанай, Павлодар өңірінен бір топ ақсақалдың баба басына арнайы келіп зиярат еткені Айдар Пәрқұлұлының бүгінгідей есінде. Сол бір қариялардың жүздерінен Қожа Ахмет Ясауиге деген шексіз құрметтің ізін көргені естен шығар ма?..
Жоғары оқу орнын бітірген соң ауыл мектебіне мұғалім болып жұмысқа тұрды. Отау құрды. Содан, ауыл мектебінде екі жыл еңбек еткеннен кейін Өзбекстандағы Сырдария педагогикалық институтындағы тарих лабораториясына меңгеруші болып орналасты. Мұнда ол қарым-қабілетімен көріне білді. Арада екі жыл өте арнайы жолдамамен Г.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтына оқуға аттанып, онда 1985-86 жылдары білімін жетілдірді. Мәскеуден келген соң Ташкенттегі Низами атындағы педагогика институтына аспирантураға қабылданып, кейін оны Мәскеуде жалғастырды. Осылайша, 1990 жылы тарих ғылымының кандидаты атағын алды.
Ғалымның азаматтық болмысын айқындай түскен шақ Түркістан қаласында қызмет еткен жылдар десек қателеспейміз. Тәуелсіздік таңы атып, Түркістанға баса назар аударыла бастаған 1991 жылы шаһарда Қожа Ахмет Ясауи атындағы мемлекеттік университет ашылды деген жылы хабар Айдар Пәрқұлұлын елең еткізді. Алып-ұшқан көңіл күймен келіп жаңа университетке аға оқытушы болып орналасты. Университеттің бірінші ректоры, академик Мұрат Жұрынов сәттілік тілеп, батасын берді. Осы сәттен ғалымның Түркістандағы кезеңі басталды.
Кезінде университеттің халықаралық байланыстар және әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры қызметі сеніп тапсырылған А.Әбуов өзіне жүктелген барлық міндетті абыроймен орындап, білім ошағының өркендеуіне, әсіресе мәдениет саласын дамытуға сүбелі үлесін қосты.
Біздің кейіпкеріміз университеттегі жауапкершілігі көп басшылық қызметін жоғары деңгейде атқара жүріп, ғылыммен де шұғылдануға ден қойды. Философия, саясаттану және дінтану институтының докторанты атанып, 1997 жылы «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы және оның қазақ философиясындағы мәні мен орыны» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Жан қалауымен таңдап алған тақырыбын қолдап-қуаттаған ғылыми кеңесшісі, академик Ә.Нысанбаев, жұмыс барысында М.Жұрынов, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сынды ғалымдар өз пікірлерін, ақыл-кеңестерін айтып, жол көрсетті.
Жалпы, елімізде Қ.А.Ясауи тақырыбы шығыстанушылар, филологтар тарапынан зерделеніп келді. Ал бұған дейін ойшылдың мұралары философия тұрғысынан зерттеле қоймаған. Ал А.Әбуовтің докторлық диссертациясы бұл олқылықтың орнын толтырып, осы бағыттағы алғашқы жұмыс ретінде танылды әрі жоғары бағаланды. Осылайша, ғасырлар бойы ұлттық санамызбен, салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, мәдениетіміз бен руханиятымызға өзіндік оң әсерін тигізген халқымыздың сопылық дүниетанымының қазақ философиясы тарихындағы орнын ғылыми тұрғыда айқындаған алғашқы еңбек жарық көрді. Ғалым өз еңбегінде Абай дүниетанымындағы Аллаға деген сүйіспеншіліктің Қ.А.Ясауидің танымындағы ақиқат пен оның Аллаға махаббатының тығыз байланыста екенін ғылыми негізде зерделей білді. Ғалым қос алыптың Алланы танудағы таным-түсініктерінің өте етене екенін Мұхтар Әузовтің арғы атасы – Бердіқожаның атақты Ясауи мектебінің шәкірті болғанын, оның Абай ауылына ойшылдың ілімін жеткізгенін дәлелдеуі арқылы нақтылайды.
А.Әбуов 2005 жылы елордаға шақырылып, ҰҚК ғылыми-зерттеу институтында бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттің саяси стратегиясы» кафедрасын басқарды. Он жылдай «Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығына» жетекшілік етті. Елбасының бастамасымен қолға алынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізу осы орталықтың басты міндеті болатын. Бүгінде үш жылда бір өтетін бұл діни форум халықаралық деңгейде мойындалды, жаһандық беделді үнқатысу алаңына айналды.
Айдар Пәрқұлұлының бастамасымен елдегі руханият, дін саласында қалам тербеп жүрген ғалымдардың басы бір арнаға тоғысып, «Қазақстан Дінтанушылары Конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылғанын айта кетейік.
А.Әбуов – қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдеріндегі 200-ден аса ғылыми және ғылыми-сараптамалық еңбектің, мақала, баяндамалардың, оның ішінде жеке және ұжымдық монографиялар мен оқулықтардың авторы. Ол Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі, білім саласына енбегі сіңген құрметті қызметкер.