Былтыр Қызылорда облысындағы Қазалы мен Арал аудандары ауылдарын жалғастырып жатқан «Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» бағытындағы жол қайта салына бастап, осы жаңалықты ұзақ жыл күткен жұртшылықтың көңілінде бір үміт оянып еді. Әсіресе, 33 жылдан бері жөндеу көрмеген жолға түсе бастаған асфальтқа Арал ауданындағы Жаңақұрылыс пен Қаратерең ауылының тұрғындары қатты қуанды.
Бас-аяғы 33 шақырымдық жолдың 11 шақырымы Қазалының аумағында жатыр. Ал қалған бөлігін Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өз теңгеріміне алып, былтыр тамыз айында жол төсеу басталып кетті. Жылға жуық уақыт аралығында күре жолдың 9 шақырымына асфальт түсіп үлгерді. Бірақ «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы жүргізген тексеру осы 9 шақырымның талапқа сай еместігін анықтап отыр. Бастапқы тексеру осы жылдың мамыр айында жүргізіліп, онда асфальттің қалыңдығы талапқа сай еместігі белгілі болған. Жоба бойынша жолдың қалыңдығы 6 сантиметр болуы тиіс екен, бірақ тексеру барысында оның небәрі 3-4 сантиметр екені анықталған. Тіпті асфальт құрамының сапасы да сын көтермейтін болып шықты. Филиал мамандары мердігер «НұрТехСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне анықталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді міндеттепті. Араға ай аралатып, қайта жүргізілген тексеру бұл талаптың орындалмағанын көрсетіп отыр.
– «Екінші тексеруде де ешқандай жөндеу шаралары жүргізілмегендігі анықталды. Асфальт қалыңдығы әлі де талапқа сай емес. Тексеру қорытындысы жайлы тиісті орындарға хат жолдадық, – дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Ержан Усманов.
Жол құрылысы басталған сәтте-ақ Жаңақұрылыс ауылының тұрғындары асфальттың тым жұқа екенін байқаған екен. Бірақ мердігер компания өкілдерінің уәдесіне сеніпті.
– 33 жылдан кейін салынып отырған жолды біздің ауыл ғана емес, қаратереңдік ағайын да ұзақ күтіп еді. Енді оның сапасыз салынғанын естіп, қуанышымыз су сепкендей басылып қалды. Жол тіршілік көзі екені әркімге де белгілі ғой. Біздің тілек – жергілікті билік осы мәселеге назар аударып, халықтың арман-тілегін орындаса, – дейді Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев.
Қызылорда облысы