• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Шілде, 2020

Сөз сойыл №94

4923 рет
көрсетілді

Бірде...

Жазушы Төлен Әбдік бірде көшеде келе жатып ақын Өтежан Нұрғалиевті жолықтырады. Салған беттен Өтежан шабыттана сөйлеп, екеуара мына мазмұнда диалог болыпты:

– Төке, менің творчествома белесті өзгеріс енді!

– Иә, ол не өзгеріс, айтсаңшы?

– Мен соңғы кезде күнделік жазуға кірістім.

– Е-е, оның дұрыс екен...

– Дәл қазір сіз не айтар екен деп аузыңызды аңдып тұрмын!...

***

 

Жазушы Дулат Исабеков бірде ақын Шөмішбай Сариевпен жолығып қалады.

– Шөке, сен мәңгі тарихта қалған ақынсың! – дейді Дулат.

Шөкең атақты жазушы ағасының өз шығармашылығына берген бұл бағасына кәдімгідей желпіне түседі.

– Рахмет, Дуқа! – дейді жалпылдап. – Шүкір, жақсы ақынбыз ғой...

Сонда Дулат:

– Айтайын дегенім – енді бірде-бір қазақ өзінің баласына «Шөмішбай» деп ат қоймайтын болады. Бұл атты иеленген сен жалғыз адам боп тарихта мәңгі қалдың, – деген екен.

***

Ақын Жарасқан Әбдіраш төсек тартып ауырып жатады. Бірде аурухананың бас дәрігері келіп Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов келетінін, ақынның көңілін сұрамақшы екенін ескертеді. Бөлмені жинастырып, төсек-орнды жаңартып, тіпті Жарасқанның шашын да ретке келтіріп тарап, дайындайды.

Сонда ауыр науқас болса да әзілі қалмаған Жарасқан ақын:

– Апырмай, қатты дайындалып кеттік қой... Жазылып кетіп ұятқа қалып жүрмейік! – деген екен.

***

Бір жас журналист Батыр Бауыржанның ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлынан: «Аға, соғыс туралы айтып беріңізші?», – деп сұрапты. Сонда Бақытжан: «Шырағым, соғыс кезінде мен окопта емес, бесікте жатқам», – деп жауап беріпті.

***

Ақын Шөмішбай Сариев жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен сыйлас ағасы болған соң әңгімелері жарасып, әзілдесе береді екен. Бірде Шөкеңнің үйінде қонақта отырған Әбең сурет-альбомды ақтарып отырып, Шөмішбай інісімен қатар түскен бір суретке көзі түседі. Әбең жайлап суретті қолына алып қарайды да, сурет астындағы «Ұлы адаммен бірге» деген жазуды оқиды.

– Иә, жөн екен, – дейді Әбең басын шұлғып. – Сосын сен бұл жерде «ұлы» деп кімді меңзеп тұрсың?

Сонда Шөмішбай: – Әбе, оны әлі уақыт көрсетеді! – деп салмақпен жауап беріпті.

Көрген БІЛГЕНОВ

НҰР-СҰЛТАН

 Қайырма мен айырма

«Көршінің қызы» өлеңінің қайырмасы:

Көршінің қызы керемет еді,

Әкесі оның жақсы адам.

Ауылдан біздің неге кетеді,

Ауа райы ма жақпаған?

Иә, көршінің қызы –

Күйеуге кеткен болуы керек...

 

Ал Карапунов кезінде керемет еді,

Деуші едік оны жақсы адам.

Шетел асып неге кетеді,

Шай-суымыз ба жақпаған?

 

Ал Қағылязов та керемет еді,

Кезінде едік мақтаған...

Елден ол да неге кетеді,

Жақпады ма даттаған?

 

Жиғанбаев та керемет еді,

Сақтандыруды «сақтаған».

Басы ауған жаққа неге кетеді,

Асап, жеп неге жатпаған?

 

Сергей де тым керемет еді,

Емес екен қатты адам.

Шекара асып неге кетеді,

Болдық-ай іздеп «таппаған»?

 

Кетпегендер керемет екен,

Анттарын адал ақтаған.

Ал кеткендер ер емес екен,

Ардан қалай аттаған?!

 

Алыптар арасындағы айқас

 

Қазіргі шонжарлар,

Қаржысы мол жандар.

Болсын!

Күндемейміз.

Толсын!

Тілдемейміз.

Дегенмен,

Бұлар бір-бірінің жүрістерін,

Іштен-сырттан кірістерін,

Күндіз-түні санап жүреді...

Араласатын адамдарын,

Әрбір басқан қадамдарын,

Кірпік қақпай қарап жүреді...

Бірінің қылығы жақпай қалса,

«Қой!»-ға құлақ қақпай қалса,

Табанда бірден «түртіп» жібереді.

Көптен сыйластықты,

Кешегі қимастықты,

Санадан мүлдем сүртіп жібереді.

Сонымен, елдің «мақтаны»,

Солай соттасып жатқаны...

Иә, бұл да коррупциямен күрестің бір түрі,

Күресудің басқа да бар түр-түрі...

Алыптар тірлігі ала болмаса,

Жазықсыз жабылған жала болмаса,

«Мәреге» жетпей шала болмаса,

Шын мешкейге сауап-ау!

 Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

ҚЫЗЫЛОРДА

 «Ой, енді біз орысша оқыдық қой»

Құрдасы Көбік сөйлей бастаса болды, Қисықтың арқасы құрысып, шекесі тырыса бастайды. Көбекең ойламаған жерден тағы бір әңгіме бастап:

–  Жақында Кокчетавтағы құдама бардым, – дегені сол еді, Қисық аяқ астынан айқайға басты:

–  Әй, әумесер, сенің Кокчетавың  не! Кокчетав емес, Көкшетау ғой ол. Қазақша атауларды неге бұрмалайсың?

–  Ой, енді біз орысша оқыдық қой. Не қыл дейсің маған?

–  Орысша оқыдық  деп неңе әлде­қандай боласың? Сонда тілді бұрмалауың керек пе?

–  Жарайды, сенікі-ақ дұрыс болсын. Әрі қарай тыңда. Сонда Алжас құдам екеуміз...

–  О, құдай! – деп Қисық күйіп кетті. – Әй, ит, қара ит, Алжас емес қой бұл, Олжас қой, Олжас...

–  Ой, енді біз орысша оқыдық қой. Не қыл дейсің маған?

–  Орысша оқысаң немене, қазақша сөйлей алмайтындай тіліңді бұрап тастады ма? Орысша оқыдық деп неменеңе мәз боласың, нақұрыс. Қазақтың өз дыбыс үндестігі болмай ма? Сол дыбыс үндестігімен неге сөйлемейсің?

– Жарайды, сенікі-ақ дұрыс болсын. Әрі қарай тыңда. Содан әлгі құдамыз екеуміз қаладағы мечетке бардық.

– Алда құдай-ай, мына мәңкүске мен не айтып тұрмын, бұл не айтып тұр, – деп Қисық ызаланғаннан қақалып-шашалып қалды. – Әй, мәңкүс, манадан бері мен саған не айтып тұрмын, сен не айтып тұрсың? Қашанғы айтам, қазақтың өз дыбыс үндестігін сақтап неге сөйлемейсің? Мечет емес, мешіт қой, мешіт...

– Ой, енді біз орысша оқыдық қой. Не қыл дейсің маған? Жұрттың бәрі де мечет деп жүр ғой.

– Әй, әңгүдік, орысша оқыдық қой деп неменеге айта бересің? Орысша оқығандағы жетіскенің қане? Жүрсің ғой «ит» болып. Осы сен сияқты иттер қазақ тілін қорлап болды-ау. Көшедегі жарнамалардың қазақшасын қа­расаң, сенікі сияқты «ауыздары қисайып», «ыржиып» тұрғаны. Несіне «жетісіп тұрғанын» білмейсің.  «Дукени Умут», «Кинотеатры Шугла» деп жазып жүрген сен сияқты орысша оқыған «оқымыстылар». Әй, сені осы жұрт Көбік емес, неге Костя дейді?

– Ой, енді біз орысша оқыдық қой. Не қыл дейсің маған?

 Дамир ӘБІШ

ҚОСТАНАЙ

 Жұмыстағы «жұмыр» сөз

Құрылысшы мен тапсырыс беруші әңгімелесіп тұр.

– Қабырғаны өте жұқа қалапсыздар.

– Жұқа емес, оның сыртынан әлі тұсқағаз жапсырамыз ғой.

*  *  *

Компания директорына досы сұрақ қойыпты:

– Осы неге сен өзіңе жұмысқа бойдақты емес, тек әйелі бар жігіттерді ғана аласың?

– Өйткені, – депті директор, – әйелі барлар айқайымды жақсы көтереді.

*  *  *

Ет комбинатының басшысы күзет басшысына:

– Қойманың күзетін күшейтіңіз! Сырттағы кез келген шпаналар біздің шұжығымызды ұрлап жүрмесін.

– Оны күшейттік. Ал ана шығар есікке күзет қою керек еді?

– Керегі жоқ. Ұрланбайтынына сенімдімін.  Өйткені біздің қызметкерлер шұжықтың неден жасалатынын біледі...

*  *  *

– Бүгін біздің бастық жұмыста бір анекдот айтты.

– Күлкілі шығар?

– Анекдоттың мағынасы түсініксіз болса да бәріміз ішек-сілеміз қатқанша күлдік кеп. 

 

Төте жол

– Ау, шатырда не істеп жүрсің?

– Мен өзіме өлім тілеген бей­бақпын.

– Ә,  онда өзің білерсің. Бірақ қо­лың­дағы кәністірің не?

– Алдымен өзімді-өзім май құйып өртеймін де, сосын жын соққандай аласұрып, секіремін де кетемін.

– Әй, қайдам, оныңнан ештеңе шықпас. Заман болса мынау.

– Е, маған не кедергі болады дейсің...

– Бір нәрсеге ілініп қалып...

– Онда аяғыма тас байлап суға батып өлем.

– Ой, одан да түк шықпас.

– Неге?

– Өзен біткен қоқысқа толы. Бір нәрсеге тіреліп қаласың да, суға лақтырған бөтелкелерге ұқсап, су бетіңде қалтаң-қалтаң етіп шошаңдап тұрарсың.

– Онда атылып өлем.

– Ой, одан да ештеңе шыға қоймас.

– Неге?

– Қазір мылтық біткеннің ұңғысы қисық. Кейде оқ-дәрісі дымқыл, атылмайды. Қазір  бәрін асығыс жасайды ғой, білмеймісің...

– Онда пойыздың астына түсіп өлем.

– Ой, қоймайды екенсің. Бүгінде пойыз біткен кешігіп жүреді ғой.

– Онда асылып өлем.

– Одан да түк шықпайды. Құрылыс біткен салғырт-салақ сыланады емес пе. Не ілгегің жұлынып кетеді, не жібің үзіліп қалады.

– Улы саңырауқұлаққа әбден тойып...

– Қазір қайсысы улы, қайсысы усыз екенін ешкім ажырата алмайды.

– Аштықтан титықтап өлем.

– Түсінбедім.

– Аштан өлем!

– Е-е, қазір баршамыз аштықпен айналысып жүрміз ғой. Оған бүкіл ғұмырың кетеді.

– Көкесі, көкесі!!!

– Немене?

– Енді қайтсем екен?

– Оның бір-ақ төте жолы бар.

– Қандай?

– Жақсы өмір сүру керек. Қалай жақсы өмір сүре бастайсың, солай мой­ныңды бұрап, жаныңды жаһанамға өздері-ақ жіберер.

Анатолий ТРУШКИН

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР