Қостанай облысы Тобыл өңіріндегі Көбек елді мекенінің оқушылары автобустың жарамсыздығынан екі аптадан бері сабаққа бармаған. Ауыл тұрғындары балаларымызға жөнді автобус бөлмесе, оларды мүлде сабаққа жібермейміз дейді. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Шәкірттерді мектепке апаратын ескі көліктің төбесі шұрық тесік екен. Жаңбыр жауса, еденіне су тамшылай жөнеледі және оның терезесі де жабылмайды. Ал күннің суығында ішін жылытатын пеші де жоқ. «Кейбір оқушылар автобуста басын соғып алып жатады. Автобус өте суық. Отыратын орындықтары да тесік»,-дейді оқушы Валентина Петракова.
Бұл ауылда бастауыш мектеп бар көрінеді. Ал 5 және 10 сыныптың 18 оқушысы көршілес Приозерный орта мектебіне қатынап оқиды. 12 шақырымдық жерге жеткенше әбден ығырымыз шығады, кейде сабақтан кешігіп қаламыз дейді олар. Жолдың сапасы да сын көтермейді. «Астық жинау науқаны біткен соң, оқушылардың көлік мәселесі шешіледі. Ол үшін серіктестік басшыларымен келіссөз жүргізудеміз»,-дейді Ы. Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары Сәбит Қазыбаев.
Бақытбек Кенешұлы.