• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 01 Тамыз, 2020

Қазақстандық әскерилер Ливанға бітімгерлік миссияға аттанды

217 рет
көрсетілді

Бүгін қазақстандық әскери қызметшілер тобы Ливанға бітімгершілік миссияларын атқаруға аттанды.

Бұл «Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша күштері» миссиясының құрамында қызмет атқаруға бара жатқан төртінші бітімгерлер тобы. Өңірлік қолбасшылықтар мен десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері 2019 жылғы қарашадан бері Ливанда болған қазақстандықтарды ауыстырады.

«Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік қызметі – бұл халықаралық әскери ынтымақтастықтың дамуымен қатар әскери қызметшілер үшін баға жетпес тәжірибе. Миссияға қатысу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға ықпалын тигізеді және халықаралық қоғамдастықтағы жауапты мүшесі ретінде Қазақстан туралы оң имиджді қалыптастырады. Сіздердің елімізден жырақта жүрсеңіздер де өз міндеттеріңізді абыроймен орындайтындарыңызға сенемін», – деп Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров бітімгерлерге тілегін айтты.

Бұрынғыдай, қазақстандық әскери қызметшілер жарты жыл бойы Ливан Республикасындағы үнді бітімгершілік батальоны құрамында болады. Бітімгерлер жергілікті аумақты патрульдеу, азаматтық тұрғындарға көмек көрсету, бақылау бекеттерін ұйымдастыру және миссия штабының басқа да шараларына қатысатын болады. Күн сайын қазақстандық және үнді бітімгерлер 50-ден кем емес тапсырма орындайды.

Ливанға аттанатын рота құрамы дәстүр бойынша 120 адам құралған. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жеке құрамның денсаулығын сақтау мақсатында әскери қызметшілерді жөнелту екі кезеңде -тамыз айының басында және ортасында жүзеге асырылады.

Бітімгерлерге қиын климаттық жағдайда қызмет етулеріне тура келеді, сондықтан үміткерлер қатаң іріктеуден, медициналық комиссиядан, моральдық-психологиялық тұрақтылықтарын тексеруге арналған сынақтардан өтті. Бітімгершілік миссиясының офицерлері мен сержанттары ағылшын тілін жақсы біледі, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілікке қатысты негізгі құжаттарының ережелерімен таныс.

Еске сала кетсек, Қазақстанның Ливандағы бітімгершілік миссиясы 2018 жылдың қазан айында БҰҰ-ның мандатына сәйкес Ливанда қазақстандық және үнді бітімгерлерін бірлесіп өрістету туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталды.