• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2013

Бокс. Әлем чемпионаты. Сегізінші күн. 1/8 финал басталды(ВИДЕО)

420 рет
көрсетілді

Жүргізуші – Руслан Игілік. Бүгін, 18 қазан күні Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының сегізінші күні аяқталды. Үшінші айналымға 58 елдің өкілі жеткені белгілі болды. Осы 1/8 финалдық айқастардың шымылдығын ашқан Біржан Жақыпов өзбек Хасанбой Дусматовпен ұстасты. Шайқас басынан аяғына дейін екі жақты толассыз шабуылымен өрнектелді. Бұған биылғы ақпан айында Астанада өткен «Төрттік турнирінде» әндіжандық боксшының шымкенттік шарболатты соңғы раундта айқын басымдықпен жеңіп кеткені де себеп болған сияқты. Бұған қоса, Хасанбойдың үстіміздегі жылғы жазда Қазанда өткен Универсиадада чемпион атанып қайтқаны тағы бар. Содан болар, екі боксшы да бір-бірлеріне есе жібергілері келмеді. Дегенмен, текетірес барысында Біржанның бірер адым болса да ілгері тұрғаны байқалып қалды. Сөйтіп, ол қазақстандықтар үшін жеңісті жолың басын бастап берді. Енді біздің боксшы 1/4 финалда Пуэрто-Рико атлеті Энтони Чакон Риверамен беттеседі.

Бізге келесі жеңісті 56 килоға дейінгі салмақтағы Қайрат Ерәлиев әперді. Ол мұның алдында өзбектің талантты боксшысы Шахриер Исақовты үлкен тартыс үстінде жолдан тайдырған қырғыз Омурбек Малабековпен қолғап түйістірді. Ұрыстың басында қарсыластар бір-бірін аңдып бақты. Олар орта және алыс қашықтықты ұстанды. Мұндай тактика қырғыз боксшысына көбірек қолайлы тиді. Мұның үстіне, Қайрат күтпеген жерден қабағын жарып алып, жанкүйерлеріне біраз уайым жегізді. Алайда, екінші раундтан бастап біздің оғланның қимылы дұрысталды. Енді ол осының алдындағы айқасындағы тактикасына көшіп, бәсекелесін алыстан ұрған соққыларымен төпелеуге көшті. Нәтижесінде ауып бара жатқан теңін жөндемге келтіріп, жеңісті тартып әкетті. Алайда, Қайраттың келесі қарсыласы өте қауіпті. Ол енді кубалық 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Робейси Рамиреспен шайқасады. Алдыңғы ағаларының жеңісті жолын 75 кило салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы керемет жалғастыра білді. Мексикалық Хуан Меркадомен жұдырық сілтескен ол үш раунд бойы қарсыласынан басым түсіп отырды. Ұрыс кезінде Жәнібек қорғаныстың да, шабуылдың да тамаша техникасын көрсетті. Ал үшінші раундта оның ғаламат соққысынан қарсыласы ұшып түсті. Рефери сол мезетте мексикалықты дәрігерге апарды. Денсаулық сақшысы болса, боксшының бұдан әрі шайқасуына рұқсат бермеді. Бұл жеңіс оның келесі айналымда румын боксшысы Богдан Журатонимен ұшысатынын анықтап берді. Бұдан кейін 64 және 91 килоға дейінгі салмақтардағы боксшылардың кешкі сессиядағы өнерлерін тамашаладық. Бұлардың алдыңғы легінде шаршы алаңға шыққан Мерей Ақшалов доминикандық Карлос Адамсты 3:0 есебімен тізе бүктірді. Оның келесі кезеңдегі қарсыласы қырғыз Эрмек Сакенов болады. Оқырманның есінде болар, біз осыдан бұрын жазған есептеріміздің бірінде Мерейге тап осы жігіттің ықтимал қарсылас екенін айтып қалып еді, сол айтқанымыз айдай келді. Өкінішке қарай, 91 кило салмақтағы Антон Пинчук өзбек Рустам Тулягановпен кездесуінде инициативаны да, жеңісті де қарсыласына беріп қойды.   Қазір сапынан шығын шықпаған бірде-бір құрама жоқ. Соның ішінде бір-бірден боксшысынан айырылған Қазақстан мен Куба алда тұр. Ал Ресей мен Өзбекстанның қатарынан үш былғары қолғап шебері жарыс жолынан шығып қалды. Командалар осындай жағдайда, ертең рингке 52, 60, 69, 81 және 91-ден ауыр салмақтарда 1/8 финалдық айқастарды аяқтайды. Сосын 23 қазан күні ширек финалдық жекпе-жектерге кезек келіп, медальдар ауылына аяқ басатындар анықталады. Содан соңғы күні боксшылар тыныс алып, 25 қазанда жартылай финалдық ұрыстарды өткізеді. Чемпионат 26 қазанда мәреге жетеді. {youtube}C0uOXcfCxKA{/youtube}  
Соңғы жаңалықтар