• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Тамыз, 2020

«Ұлы дала» – ұлт тағдырының айнасы

1070 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқи­ғаның өлшемі. Уақыт пен кеңіс­тіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана афоризм емес... біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге тарады», дейді.

Міне, осынау мәдени жетістіктердің шоғырланған ошағына айналған Ұлы даламыздың тарихында қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүр­гіндер аз болған жоқ. Сондықтан да бұл әрбір шығармашылық иесінің тақы­рыбына, зерттеу нысанына айналып жат­са, заңдылық деп қабылдаған жөн. Су­ретші Құттыбек Жақыптың «Ұлы дала» гобелені де дәл осы мың өліп, мың тіріл­ген ұлтымыздың басынан кешкен тари­хын, талайлы тағдырын бейнелеуге арналған.

Суретшінің «Ұлы дала» гобелені ба­­сы­нан аяғына дейін эстетикаға ба­ғыт­талған. Біз үшін өмір шындығын көр­сете алатын кез келген форма ең жо­ғары шындық болмысын ашады. Көп қиындықты, небір сындарды маң­дайына жазған жансебіл ұлтымыздың қа­ра­ғайдың қарсы бұтағындай қайсар мінезі, өмірге деген жалындаған құштар­лығы, мәңгілік арман-аңсары шынайы бейнеленген. Гобелен бетінде қай­­нап жат­қан тіршілік сіз бен бізді өзінің түп­­­­сіз иірімдеріне еріксіз тартып әке­теді. Осынау монументальды еңбектен адамдар­дың қоршаған әлем туралы ді­ни-философиялық көзқарастары мен тү­­сініктері әдемі және шынайы көрініс тап­қан. Нақтырақ айтқанда, оларда қоғам өмі­рінің нақтылы және күңгірт те қияли жақ­тарына әсер етуді көздеген дүние­таным негіздері көрнекі түрде бейнеленген.

Сергек сезіммен қараған адамға гобе­леннің жазық бетінде Ұлы даланың аспанынан да, қасиетті қара жерінен де ұлы уақыттың табы айқын көрініс береді. Нақ­тырақ айтар болсақ, гобеленнің бі­рін­ші жартысынан күндізгі тіршілік кө­ріністерінің панорамасы, ал екінші бөлігінен түнгі тіршілік бой көрсетіп, екі жарты біртұтас картинаға ұласып жатқандай. Өйткені мұнда жер бетіне шуағын төгіп, жарқырап тұрған Күн де бар, сәулелі нұрымен түнді жарық қылып тұрған жалындаған Ай да, жымыңдасқан сансыз жұлдыздар да көкжиек белесінен асып келе жатады.

Дала қыраны – еркіндіктің, қайсар­лықтың, сондай-ақ ұлылықтың символы десек, «Ұлы дала» гобеленінде орталық кеңістікке иелік етіп, өзінің үстемдігін көрсеткендей, қос қанатын барынша кең жайған алып құстың бейнесі бүкіл жаратылыстың қырағы күзетшісі іспетті. Құс біткеннің патшасы қазақ даласында ғасырлар бойы алма-кезек болып жатқан айтулы оқиғалардың да бірден-бір куәгері екенін танытқандай асқақ бейнеленген.

Ал дала төсін дүбірге бөлеп, аспандағы ұшқан құстармен жарыса шұбап, жортып бара жатқан ақбөкендер – алаң көңілді, қос үрей билеген замана тынысынан хабар беретіндей. Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері екені мәлім.

Жапан далада көненің көзіндей, тарих­тың өзіндей қасқайып тұрған, өткен-кеткендердің назарын еріксіз өзіне бұрған кесене-күмбездер көп-ақ. Мұндай ескерткіш белгілер жай тұрған жоқ, әрине. Олар фәни дүниенің қамшының сабындай қысқалығын, ал бақидың мәңгілік екенін танытады. Демек жер бетінде қалса, өзіңнен кейін істеген ісің мен айшықты ізің қалар немесе өлмейтін сөзің қалар тасқа басылған. Әйтпесе, сенің жер бетіне келгенің де, кеткенің де белгісіз екен. Бірақ Ұлы далада белгісіз болып қалған ешнәрсе жоқ. Оның нақты дәлелін де, белгісін де біз Құттыбектің осынау «Ұлы дала» гобелені арқылы көріп, танып, тұщынып отырмыз. Қазақ даласының бүкіл архитектурасы осы гобелен бетіндегі жазықтықта мұрты бұзылмай тұрғандай. Бүгінде әлемнің бүкіл архитектурасы өзгеріске ұшы­рап жатыр ғой. Ал біз «Ұлы дала» гобеленінен ұлтымыздың толыққанды шежіресін оқи аламыз.

Иә, өнердің құдіреттілігі – адамға ой салу десек, Құттыбектің гобелені ежелгі өмір болмысын танытып, өз ұлтымыздың өткен тарихына көз жіберте отырып, ойлан­туға мәжбүрлейді. «Ананың бесік жыры адамның табытқа дейінгі өмірінде жаң­ғырығып, ілесіп отырады», деп Генри Уорт айтқандай, гобелендегі бейне­лер мен көріністерге тіл бітсе, сіз бен бізге анамыздың «Бесік жырын» құлағы­мызға салып, әлдилер ме еді, бәлкім. Өйткені қазақ­тың қасиетті киіз үйінің ішінде тербелген тал бесік сағым болып елестейді...

Қазақ халқының батыр перзенті Бауыр­жан Момышұлы: «Атыңнан айы­рыл­саң да, ер-тоқымыңнан айырылма, қатыныңнан айырылсаң да, қазан-ошағыңнан айырылма, қазан-ошағыңнан айырылсаң да, халқыңнан айырылма», деген екен. Сол айтқандай, гобелендегі қара қазан – қазақпен біте қайнасып кеткен үлкен мәнге ие атрибут. Бұл маңдайы терлеп, еңбек етпеген қазақтың қазаны да қайнамайды деген тәмсілді аңғартқандай. Ұлтымыздың майлы қазаны қай заманда да оттан түспеген. Азаматтары да аттан түспе­генін Қазақтың қасиетті киіз үйінің жанында байлаулы тұрған қос тұлпар аңғартады. Тұяғы жер тарпып, ойнақшып тұрғанына қарағанда, әбден суытылып, үлкен сынға бапталғаны көрі­неді. Ат – ердің қанаты десек, Ұлы даланы тұлпарсыз елестетудің өзі еш мүм­кін емес. Жылқының адам қолына үйретілуінің тарихы тым тереңде жатыр. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде белгілі тайпа көсемдерінің немесе батырларының мүрделерінен аттардың да сүйектерінің шығуы тегін болмаса керек. Ата-бабаларымыз атпен жауға да шапқан, аңға да шыққан. Серілік құрған, көшпенділік өмірінде көшіп-қону көлігі ретінде пайдаланған.

Жылқы малы туралы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да кең айтылған. Онда былай делінген: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруа­шылығы жер жүзінде Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.

...Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әс­кердің пайда болуына байланысты қа­лыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі». Бір сөзбен айтқанда, Құттыбектің «Ұлы дала» го­беленінің орталық бір ұстыны – қос пырақ екені даусыз. Онсыз гобеленге бір нәрсе жетпей тұрғандай көрінер еді.

«Атмосферасыз живопись түк те емес», деп Рембрант айтқандай, Құттыбек өзі тоқыған гобеленінің атмосферасына тереңдеп енгендіктен ғана осын­дай монументальды туындыны дүниеге әкеліп отыр. Суретші гобелен жіп­терінің түстерін де өз орнымен, өзінің ретімен ұқсастыра алған екен. Ұлы даладағы өздігімен ешкімдерге ұрынбайтын момын халқымыздың қоңыр тіршілігі – қоңыр түсті бояулармен дұрыс берілген. Демек бұл суретші өзіне керекті жіптерді де, бояу­ларды да өзінің қалауынша өзі сұрыптап, өзі дайындайды деген сөз.

Неміс халқының ұлы ақыны Гетенің: «Егер жер бетіне сызат түсетін болса, ол алды­мен ақынның жүрегіне түседі, со­сын барып жерге түседі», деген қанат­ты сөзі бар. Ал енді Гете айтқаны ақын Құт­тыбектің осы біз сөз қылып отырған «Ұлы дала» гобеленінде де бар. Бар бол­­ғанда, ақын гобеленде ең басты образ рөлін атқарып тұр! Байыппен назар салып, көңіл бөліп қарасаңыз, біз сөз қылған бейнелер мен болмыс-көрініс­терінің бәрін бізге өзінің қоңыр үнді домбырасымен жырлап беріп тұрған ақын бейнесі – гобеленнің басты діңгегі.

Ақынның бір қолында домбырасы болса, ал оның екінші қолы гобеленге арқау болған Ұлы дала оқиғаларын нұсқап тұр. Ұлтымыздың басынан кешкен тарихи оқиғалар бүгінгі күнге, яғни сіз бен бізге ақынның жырлауымен мәлім болғандай.

Жел – стихия десек, аспандағы Күннің шуағын жалындатып, алау отты үрлеген де, ай сәулесін мың құбылтқан дала же­лінің алақұйын мінезінің көрінісі гобелен жазығынан бар болмысымен орын алыпты. Аспандағы жөңкілген ақшыл-сұрғылт бұлттар да Ұлы дала төсінде болған аласапырандардың сипатын елес­теткендей.

Ендігі айтарымыз, гобелен бетіндегі көріністер де, бейнелер де қазақтың ою-өрнектерімен безендірілгені дер едік. Өйткені қазақтың кез келген ұлттық қол өнерін ою-өрнектерсіз елестетудің өзі мүм­кін еместей. Сондықтан «Ұлы дала» го­беленінде қазақтың ұлттық ою-өрнек­терінің берілуі де орынды және безен­дірілуі әсем-ақ. Адамға эстетикалық сезім сыйлап тұр. Бір сөзбен айтқанда, гобелен бетінде артық тұрған немесе кемдік кө­рініп тұрған бірде-бір деталь жоқ деуге болады. Демек бұл суретші Құттыбек Жа­­қып­тың өз шығармашылығына сонша­лық­ты кірпияздықпен, соншалықты жа­уап­­кершілікпен қарайтынын көрсетсе керек.

Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін суретші-гобеленші Құт­тыбек Жақыптың осынау «Ұлы дала» гобелені ұлтымыздың шежіресі, тари­хы­ның айнасы екеніне бек сенемін.

 

Есенәлі ЕРАЛЫ,

Халықаралық Жамбыл атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты