• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Тарих 04 Тамыз, 2020

Ош қаласы неге қасиетті жер деп аталған? (Шоқан Уәлиханов жазбаларының ізімен)

1281 рет
көрсетілді

Қырғыздың халық дастаны «Манастан» алғаш рет үзінділерін жазып алып жариялаған Шоқан Уәлиханов қырғыздардың ХІХ ғасырдағы тұрмыс-тіршілігі, діні, географиясы жайлы да құнды деректер қалдырған. Энциклопедиялық ауқымда баяндалған Шығыс Түркістан туралы очеркінде ғалымның Ош қаласы туралы жазбалары да бар.

Шоқан Уәлиханов: «Оштың төңірегінде Тахты-Сулейман – «Соломонов престол» деп аталған тас, шығыс аңыздары бойынша осы пайғамбардың уәзірі болған Асафтың мазары және Жүніс (Иона) пайғамбардың мазары бар. Біз Оштың төңірегіндегі қасиетті жерлер туралы кітапты өзіміз де оқыдық. Одан белгілі болғандай, Мұхаммед бұл қаланың бар екенін білді және ақ діндегі әрбір адамға өмірінде бір рет болса да Оштағы қасиетті жерге келіп кетуді нұсқады», деп жазған (Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. 3 том, стр 183).

Әрине, Уәлихановтың бұл жазғандарын оқыған адамда «Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Ош қаласын не үшін қадір тұтты екен?» деген сауал туындамай қоймайды. Нақтылай кетейік, Ш.Уәлиханов кітаптың қалай аталатынын жазбаған екен. Жақында Л.Зимин деген автордың «Ош қаласы жөнінде мұсылман аңызы» деген мақаласын кездестіріп, бұл бойынша едәуір мәліметке тап болдық. Алдымен Зиминнің кім екендігіне тоқталайық.

Лев Александрович Зимин (1886-1920) – араб, парсы және түрік тілдері бойынша маман, тарихшы. Санкт-Петербург универ­ситетінің шығыс тілдері факуль­тетін 1904 жылы тәмам­­даған. Сол кездердегі Орта Азиядағы алдыңғы оқу орын­дарының бірі Ташкент реалдық училищесінде сарт (өзбек) тілінен сабақ берген. Азаматтық соғыс жылдарында Мерв қаласындағы реалдық училищенің директоры болған.

Л.Зимин 1911 жылдың жаз айларында Ош қаласында бір ай бойы ғылыми-зерттеу істерімен айналысады. Ошқа келер алдында Ташкент қаласында болып, Ош қаласы туралы жазылған мағ­лұматтарды жинайды. Белгілі шы­ғыстанушы оқымысты, таш­кенттік Н.П.Остроумов оған «Тур­кестанская Туземная газета» (Газет 1885-1909 жылдары Ташкентте орыс және сарт (өзбек) тілдерінде шығып тұрған) басы­лымының 1885 жылғы сандарында өзбек тілінде жарық көрген Ош шаһары жөніндегі мақаланы оқуды ұсынады. Өзбекше жақсы білген Л.Зимин «Ош шаһарының рисаласы» деген осы мақаланы оқып, біраз мәліметке қанығып, Ош қаласына барып келгеннен кейін, 1913 жылы Ташкентте шы­ғып тұрған «Протоколы заседа­ний и сообщения членов Туркес­тан­ского кружка любителей архео­­логии. Год XVII (11 декабря 1912 г. – 11 декабря 1913 г.). Таш­кент, 1913» деген жинақта жа­рия­лайды. Зимин мақаланы жай ғана аударып қоймай, оған ғы­лы­ми түс­індірмелер мен Ошқа бар­ған­дағы көрген-білгендерін жазған.

Газеттегі рисала (аңыз-әңгі­ме) Ош қаласының осылайша аталу тарихынан басталыпты. «Ал­ғашқыда Ош Хайр-уль-Бульдан (арабша, «қалалардың ең жақсысы» – Н.Б.), сондай-ақ Ош деп аталды, кейінгі атаудың шығуы төмендегідей: Құдіретті Алла тағала Әзіреті Жәбірейілге Әзіреті Адамға егін еккенді үйрет деп бұйрық берді. Әзіреті Жәбірейіл сол сәтте пейіштен жұп өгізді шығарып, Әзіреті Адамға жерді өңдеуді үйретіп, оған айтты: «Оу, Адам, Құдіретті Алла та­ғала саған нанды (шикідей) жемесін деді. Әзіреті Адам мақұл болды. Әзіреті Жәбірейіл жер өңдейтін соқаны әзірлеп, оны Адамға берді. Адам жұп өгізге мойынтұрық салып, Үндістаннан Басрия жеріне дейін, ол жақтан Персияға дейін жүріп өтті, бірақ өгіздерді артқа қарай бұра алмады. Сонда Жәбірейіл «Һош» деп айтып, оларды бұрды. Осыдан барып Ош атауы келіп шықты».

Л.Зимин мақалаға түсіндір­месінде тарихшы В.Наливкинге сілтеме жасап, аңыздың басқа нұсқасында Адам-Атаның орнында Сүлейменнің аталатынын да айтады. Сондай-ақ Л.Зимин Х ғасырда өмір сүрген тарихшы Әл-Истахридің кітабынан мынадай үзіндіні келтірген: «Ош қаласының қоныстары сыртынан дуалдармен қоршалған, ішінде қамал және басқарушының үйі бар, ол (көршілес) түріктерді бақылайтын қарауыл мұнарасы бар тауға жанаса салынған. Де­мек, бұдан Х ғасырда Ош қала­­сына дейінгі жер Персия деп ата­­лып, қала парсылар мен түрік­­тер­дің шекарасы болғанын аңғарамыз».

Ош қаласы не үшін қасиетті деп саналғанын рисаладағы мына жолдардан байқаймыз: «Әзірет Әлінің (оған Алла разы болсын) Аса мейірімді елшіден (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіп, айтып кеткені төмендегідей: «Бір күні түнде мен миғражға көтерілдім. Төртінші қабатқа жеткенімде шығысқа және батысқа көз жүгірттім, шығыс жақтың қиырында жарық­ты көрдім: құдды аспанға жарық шамды іліп қойғандай, Бакы мазарындағыға ұқсас (Бакы мазары – Меккеде. Мұхаммед пай­ғамбар оған барып, қайтыс бол­ғандарға дұға оқып тұратын болған. Мұнда пайғамбардың туысқандары, жолдастары, сахабалары т.т. жерленген – Л.З.). Сонда мен Әзіреті Жәбірейілден: «О, менің Жәбірейіл ағам, қиыр шығыстан Бакы мүрдесіндегі жа­рыққа ұқсас аспанға көтеріліп бара жатқан жарықты көрдім»,  дедім сұраулы жүзбен. Әзіреті Жәбірейіл жауап берді: «О, Мұхаммед, сіз сұраған қиыр шы­ғыс­тағы жарық сол жақтағы жерде. Ол жердің аты – Хайр-уль-Бульдан немесе Ош. Ол жерде тау бар. Әзіреті Сүлеймен бұл таудағы мешітте Алла таға­лаға көп мақтаулар айтып, тағ­зым жасаған». Сосын Әзіреті Жә­бі­рейіл бұған байланысты оқи­ға­лардың барлығын бастан-аяқ айтып берді. Сонда Алла таға­ланың қасиетті елшісі (с.ғ.с.) барлық мәселелерді естіп, тілек (тиесілі) тіледі. Сол сәтте Әзіре­ті Жәбірейілге (ғ.с.) Құдіретті Алла тағаладан пәрмен келді. Құдіретті Алла тағала бұйырды: «Ош та­уын аспанның төртінші қабатына көтер, бірде-бір жан иесі мұны білмесін». Сол мезетте Әзіреті Жәбірейіл ол тауды аспанның төртін­ші қа­ба­тына көтерді, еш­кім бұл жө­нінде білген жоқ».

Тағы бір аңызда Ош жері суымен қоса аспанға көтерілді деп айтылады. Алла тағаланың қасиетті елшісі (с.ғ.с.) мешітке кіріп, екі рәкат намаз оқыды, Әзі­реті Сү­лей­меннің таза рухына көңіл бұр­ған Алла тағаланы мақтап дұға оқы­ды және күнәһар­лардың, бүлік­ші­лердің және арамза адамдардың күнә­ларын кешіруді, тауды өз орны­на қоюды сұрады. Әзіреті Жәбі­рейіл тауды өз орнына бекіт­ті. Алла таға­ланың Елшісі сол ме­шіт­тегі тас­қа қолының және маң­дайының ізін қалдырды. Егер қайсыбір дінге сенген кісі мешітке кіріп, екі рәкат намаз оқыса және сол кие­лінің (Мұхаммед пайғам­бар­­дың – Н.Б.) қалдырған қа­сиет­ті белгісіне тағзым жасаса, бұл а­дамды қияметте тірілгенде то­зақ­­тың оты шарпымайды, (Алла тағаланың) Елшісі (с.ғ.с.) оны құт­қарады және пейішке кіргізеді».

Миғраж туралы әңгіме Қожа Ахмет Яссауиге байланысты діни аңызды еске түсіреді. Діни рауаяттарда мұндай баян бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) миғ­ражға көтеріліп бара жат­қанда, үш адамның рухын көріпті. Әзіреті Жәбірейілден «Бұлар – кім?» деп сұраса, Әзі­реті Жәбірейіл: «Бұлар сіздің үм­беттеріңіз. Бірі – Имам Ағ­зам, екіншісі – Ғаусыл Ағзам, үшіншісі Қожа Ахмет» деп жа­уап берген. Ел арасында айтылып жүрген «Меккеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген сөз осындай аңыздардан келіп шықса керек.

Қырғыздар Ош­ты екінші Мек­ке деп есептейді. Бұған Ибра­гим, Сүлеймен және Мұхаммед пайғамбарлар (с.ғ.с.) туралы ел аузындағы әпсаналар себеп болғаны сөзсіз.

Л.Зимин мақаланың түсіндір­мелерінде ел аузындағы әңгіме­лер­ге сене бермеу керектігін, Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткен соң, 200 жылдан кейін дінде жік пайда болып, соны ауыз­дықтау үшін әңгімені пай­ғам­бардың атынан баяндау әдет­ке айналуы мүмкін екендігін еске салған. Автор ғылыми іс-сапары кезінде Сүлеймен тауда көргендерін: «Тахты-Сүлейманға әлденеше рет барғанымда, ешкім маған Мұхаммедтің ізін көрсете алған жоқ, есесіне Сүлеймен қалдырған іздерді қадам басқан сайын көрсетіп жатты. Өткен ғасырдың аяғында Ошқа келген Щербина-Крамеренко мырза түземдіктердің көрсетуі бойынша Сүлейменнің тауға келгендегі ізін егжей-тегжейлі суреттеген. Бірақ Мұхаммед қалдырған ізді көрсетті деп айтпайды», деп тым қысқа қайырған.

Санкт-Петербургтегі Импе­ра­тор­лық көркемөнер академия­сының жолдамасымен 1895-1897 жылдары Орта Азиядағы көне ескерткіштерді зерттеген тарихшы-археолог, архитектор, суретші-кескіндемеші Николай Щербина-Крамеренконың (1863-1913) Сүлеймен тау тура­лы ай­тылған «Орта Азиядағы қа­сиетті мұсылман әулиелер жөнін­де (саяхаттық жазбалар және әсерлер)» аты мақаласы 1896 жылы Самарқандта жарық көрген «Самарқанд облысының 1896 жылғы анықтама кітабы» деген басылымда жарияланыпты.

«Ежелгі Ош ғажайып Тахты-Сүлейман тауының етегінде созылып жатыр, – деп жазады Н.Щербина-Крамеренко. – Ең ғажабы, менің көргенім, бұл сарт­тардың киелі орны – Сүлеймен патшаның мазары және үйшігі. Бұралаңдаған жартасты соқпақпен көздеген биікке шығып, мен түнеріңкі отырған молдаларды көрдім. Олар маған Сүлейменнің кебісшісі тұрған делінетін үңгірді көрсетті. Одан әрі жартастағы екі ойықты көрсетті. Айтуларынша, біреуіне Сүлеймен осы жерде дем алғанда аяғын салып отырыпты, оның ар жағында тас бар, оған Сүлеймен отырған сы­ңайлы... Жартастың арғы жағын­дағы Сүлейменнің мүрдесі бар жақтан тауға ойылған тағы екі дөңгелек ойықты көрсетті, бұл жерде Сүлеймен жуынады екен, сондай-ақ оның шипалы қасиеті бар деп санайды. Сондықтан сиынушылар ауырған бастарын ойыққа салады екен. Бұлардан жоғары жерде жаңадан салынған кішкентай мазар бар, сол жердегі жартастан екі жалпақ ойықты көрсетті, арасы бір-бірінен бір аршын, мұны Сүлейменнің намаз оқығандағы тізелерінің іздері деп айтты. Бұл ойықтардың ал­дында кішірек үшеуі бар, бұлар – Сүлейменнің көз жасы там­шы­ларының ізі».

Рисалада Хайр-уль-Бульданда (Ошта) Әзіреті Жәбірейілдің (ғ.с.) аяғының 11 із-таңбасы қалғаны да жазылыпты. Сондай-ақ Баракух тауына (Сүлеймен таудың тағы бір атауы) 366 пайғамбардың және Алла елшілерінің табаны тиген деп айтылады да, мақала: «Әзіреті Мұхаммед Журжаниден (оған Алла разы болсын) бізге жеткендей, Ош жерінде жер­лен­ген әулие кісілердің, шейх­тер­дің, үлемдердің, жақсы адам­дардың, пайғамбарлардың, дін таратушылардың санын бір Алладан басқа ешкім біл­мейді, Алла ақиқатты өте жақ­сы біледі», деп аяқталады. Аны­ғында, Ош ма­ңайында жұрт сиын­ған әулие­лер көп. Жоғарыда атал­ған­дар­дан басқа белгілілері – Ыды­рыс пайғамбардың күмбезі бар, ал енді Аюб пайғамбар ши­палы суынан денесіндегі жара­дан айыққан жерде қазір Жалалабад санаторийі халыққа қызмет көрсетуде.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Қырғыз Республикасы Үкіметі «Қырғыз Туы» газетінің жауапты хатшысы,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

Бішкек