• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2013

Елбасының сөзінен көкейге не түйдіңіз?

342 рет
көрсетілді

18 қазанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі өткені белгілі. Партияның алқалы ресми басқосуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламалық сипатта сөз сөйлеген болатын. Елбасының сөзі қазақстан­дықтар тарапынан қызу қолдау тауып отыр.

«Егемен Қазақстан» газетінің өңірлердегі меншікті тілшілеріне съезд делегаттарымен жедел сөйлесіп, ел Президенті – партия Төрағасы сөзінен алған әсерлерін, ойға түйген тұжырымдарын жазып алу тығыз тапсырылған еді. Еліміздің әр шалғайынан келіп түскен материалдар 2-бетте «Елбасының сөзінен көкейге не түйдіңіз?» деген ортақ тақырыппен жария­ланып отыр.

 

18 қазанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі өткені белгілі. Партияның алқалы ресми басқосуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламалық сипатта сөз сөйлеген болатын. Елбасының сөзі қазақстан­дықтар тарапынан қызу қолдау тауып отыр.

«Егемен Қазақстан» газетінің өңірлердегі меншікті тілшілеріне съезд делегаттарымен жедел сөйлесіп, ел Президенті – партия Төрағасы сөзінен алған әсерлерін, ойға түйген тұжырымдарын жазып алу тығыз тапсырылған еді. Еліміздің әр шалғайынан келіп түскен материалдар 2-бетте «Елбасының сөзінен көкейге не түйдіңіз?» деген ортақ тақырыппен жария­ланып отыр.

 

Абзал МҰХИМОВ,

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық

филиалы төрағасының орынбасары:

АЗАТТЫҚТЫҢ БАҚ ҚҰСЫ ҚОЛЫМЫЗДА

«Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ең бастысы – халқымыздың рухы қайта өрледі», деді. Мемлекет басшысының осынау сөзі өзімді ерекше тебірендіргенін жасырғым келмейді. Ал халқымыздың өр рухы қайта көтеріліп, өрлегенін неден көруге болады?

Ең бірінші – талай ұрпаққа ұлы арман болған Азаттыққа қолымыз жетті. Тәуелсіздік жолында талай ердің басы жерде қалды, қаны жерге тамды. Аһ ұрып теңдік сұрап, «енді, міне, жеттік пе?!» дегенде сағымдай сусып қолымыздан шығып кете берген атаңнан айналайын Азаттықтың бақ құсы біздің қолымызға қонды. Халық рухын ересен зор биікке көтерген осы бір ғана Егемендік ұғымы еді. Апыл-тапыл қадам басып, тәй-тәй жүрген Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында бізді ел болады дегенге сенгендер некен-саяқ еді. «Халқы қырық құрау, экономикасы әбден тұралаған, ешқандай өндірісі жоқ Қазақстан қайтіп ел болсын?» деген мысықтілеулі адамдардың болғанын да жасыра алмаймыз. Дегенмен, Елбасының сындарлы саясатының, мықты стратегиясының арқасында үлкен жетістіктерге жете бастадық. Осылайша, біз әлемдегі ең озық дамушы мемлекеттердің қатарына қосылдық. Бұл – пафос емес! Нақты нәтиже. Себебі, әлем бүгінгі Қазақстанды етек-жеңін жинап, бар-күш жігерін халқының әл-қуатын арттырып, мемлекеттілігін баянды ету жолында аянбай тер төгіп жатқан ел ретінде біледі. Осындай тарихи істің басында Нұрсұлтан Әбішұлындай ер тұрғанын көреді.

Ежелден қазақтың жері байтақ еді. Бірақ көрші мемлекеттермен жасалған шекара жоқ болатын. Егемендіктің ең ұлы жетістігі біз шекарамызды белгілеп алдық. Былайша айтқанда, енді қазақтың жерінде Құдайдан басқа ешкімнің хақысы жоқ. Түсінген адам үшін осыдан артық бақыттың да болмауы керек. Ұлт рухының өрлеуіне осындай кемел келісімдердің де әсер еткені жасырын емес.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөзді әркім-ақ білер. Дейтұрғанмен, оның мәнін қазақтан артық ешкім түсінбейтін сияқты. Неге? Өйткені, қазақ Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт ретінде өзге этностардың барлығын құшағына алып, ешқайсысының маңдайынан шертпей, татулықтың ұйытқысы болып отыр. 140 ұлт пен ұлыстан құралған мемлекет түгілі, бір үйдің көзінің ағы мен қарасындай болып отырған екі баласының арасында араздық туып жататын кездер болады. Бұл тұрғыда біздің ел өз жолын, соқпағын тапты. Бүгінгі бейбіт өмір, бейқам тіршілік, берекелі кезең соның белгісі. Әсілі, қазақ айтатын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» осы шығар.

Мемлекеттіліктің негізгі көрінісінің бірі – оның тілі. Жетпіс жылғы кері саясаттың кесірінен қазақ тіліне талай қиянат жасалды. Десек те, Тәуелсіздікпен бірге туған тіліміз де теңдігін алды. Кешегі «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы ана тілімізге қатысты ел көкейіндегі сөзді айтты. Қазақ ұлтының саны 70 пайыздан асатын өңірлердің ана тілімізде іс-құжаттарын әзірлеуі керектігін алға тартты. Бұл – барша қазақстандықтардың көңілінен шықты деген ойдамын. Өйткені, қазақ тілі – бәрімізді біріктіретін басты фактор.

Экономикамыздың өркендеуінің арқасында алыс-шалғай жатқан елді мекендерде мектептер салынып, кітапханалар ашылып, жаңа спорт алаңдары пайдалануға беріліп, денсаулық сақтау орындары халық иелігіне көптеп өтіп, ауызсу тартылып, жолы жөнделіп, тұрмысы түзелді. Кешегі тоқырау жылдарында бар әлемнен қол үзіп қалған аймақтардың бойына қан тарады. Заманауи техникамен жабдықталған оқу ошақтарында балалар білім алып жатыр. Интернеттің игілігін көріп отыр. Бұл да елдің рухын көтеріп, өмір салтына жаңаша леп қосып жатқаны өтірік емес. Сонымен қатар, қазақ жерінің үстінен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының салынып жатқаны да елге үлкен қуаныш сыйлап отыр. Ең бірінші – бұл аймақтар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Екінші – алыс-жақын шетелдерге баратын жолаушылардың жолын қысқартады. Үшінші – қарапайым халықтың өзі осы жолдың бойында шағын бизнесін ашып, шаруасын реттейді. Мұның сыртында, «Бейнеу – Бозой –Шымкент» газ құбырының құрылысы да біздің өмірімізге елеулі өзгеріс әкелмек. Алдағы уақытта шет қонып, қиыр жайлаған ауылдың өзіне газ барып, табиғи отынның пайдасын көрмек. Жұрт от жағып, күл шығарудан біржолата құтылатын болды. Азуын айға білеген Еуропаның өзінде талай мемлекет қаржы қыспағына ұшырап, әрі-сәрі күй кешіп жатқанынан хабардармыз. Ал Азаттықтың жалына кеше ғана жармасқан Қазақстан ешқандай дағдарысқа қарамай, халқының күнкөрісін жақсартып, өмір салтын өзгертіп жатыр. Біз – дағдарыстың өзінен пайдалы шығуға болатынын дәлелдеген елміз. Сайып келгенде, халқымыздың өр рухы басылған жоқ. Есесіне өрлеп келеді.

Жазып алған

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.

 

Амангелді МЕКТЕПБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық

филиалының қызметкері:

АШЫҚТЫҚ – АЛҒА БАСУШЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Партияның бұл съезі «Нұр Отанның» еліміздегі тұғыры берік іргелі саяси күш екенін тағы бір аңғартты. Съезде «Нұр Отан» партиясының «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында» атты Саяси доктринасының қабылдануы ел өміріндегі аса айрықша атап өтуге тұрарлық оқиға болды. Доктрина Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен өзектес өріліп, оны жүзеге асырудың нақты жолдары айқындалған партияның басты құжаты деп бағалады делегаттар.

Елбасы Н.Назарбаев съезде сөйлеген сөзінде Қазақстанды әлемде дамыған озық отыз елдің қатарынан көрінетіндей іс-қимыл стратегиясы жасалғанына, бұған қол жеткізетіндей іргелі істер атқарылып жатқанына тоқталды.

Шыны керек, партияның алдына қойған міндеттері де ауқымды бола түсті. Ол Саяси доктринада нақты көрініс тапқан. «Нұр Отан» партиясы қашанда еліміздегі игі істерге ұйытқы болып, бағалы бастамалар көтеріп келе жатқанын халық көріп отыр. Оның бұл бағыттағы қадамдары ұдайы жұртшылықтың көз алдында. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан саяси күш ретінде де өз биігінен көрінуде. Партия қандай да бір бастама көтерсе де елдікті еңселендіруге, бірлік пен татулықты тұрақтандыруға, қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беруде.

«Нұр Отан» партиясы қашанда ашықтық қағидатын ұстануда. Сондықтан да ұдайы халықтың қолдауына ие болып жүр. Елбасы айтқандай, «Нұр Отанның» елден жасыратын ештеңесі жоқ. Ол күні кешегі партияның Саяси доктринасын талқылау кезінде айқын көрінді. Съезд жұмысында да сындарлы пікірлер, салиқалы ойлар айтылуы да сондықтан. Партия елдік істердің барлығына атсалысып, өзіндік бағдар-бағытын айқындап үлгерді. Ол нақты нәтиженің, ілкімді істердің алғы шебінен көрініп келеді. «Нұр Отан» ешқашан алдына бұлыңғыр міндеттер қойған емес, бос уәделер берген емес. Өзекті мәселелерді де айналып өтпей, оларды шешудің сәтті қадамдарын жасай алатынын әлдеқашан дәлелдеп үлгерді.

Саяси науқандарда «Нұр Отанның» халықтың қолдауына ие болуының өзі партия ұстанып отырған саяси бағыттың баяндылығының нәтижесі деу керек. Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдауына адамдар көп келеді. Бұл да партияның әрбір қазақстандыққа қолжетімділігінің, ашықтығының мысалы дер едім. Елбасы Н.Назарбаев съезде сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы қажеттігін, адамдардың нақты проблемаларын шешуші, оларға көмектесуші және арқа сүйеуші барлық ҮЕҰ-лардың жолбасшысы болуы тиіс екенін атап өткені белгілі. Мұның өзі партиялық жұмыстың ашықтығын, мөлдірлігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты болмақ. Ал съезде бұл мәселе ашық та жан-жақты айтылды. Халықтың барлық мәселелерден хабардар болуы ғана алаңдаушылықтың алдын алады.

Міне, партия жұмысындағы ашықтық пен мөлдірлік оның барлық буындарында орнығуы елдің болашағына бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға ықпал етіп отырғанын экономикалық-әлеуметтік даму әлеуетімізден айқын аңғаруға болады. Ірі жобаларды жүзеге асырудағы партиялық бақылау бекеттерін, қоғамдық қабылдауларды, партия мүшелігіне лайықты адамдардың өтуін ұйымдастыру, адамдардың, соның ішінде аз қамтылғандарға қолдау көрсету, сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелілігін арттыру сияқты шаруалардың жариялылығын қамтамасыз етуге маңыз беру қажеттігі күн тәртібінен түспек емес. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір бола отырып, партия келеңсіздіктің кез келген дерегінің жолын кесуге бағытталған қадамдарға баратыны да әңгіме өзегіне айналды. Жалпы ашықтық пен мөлдірлік партия шаңырақ көтергеннен бастап өз жұмысында басшылыққа алған ұстанымдар екені сөзсіз.

Енді «Қазақстан-2050» Страте­гиясында белгіленген өміршең істерді жүзеге асыру барысында бұл бағыттың жетілдіріле түсетініне сенім мол. Бұл туралы партияның ХV съезінде кеңінен әңгіме болуы да сондықтан. Әрбір істе ашықтық болмайынша, халықпен ақылдаса отырып, өзекті мәселелерді ортақ ойласып шешпейінше, еліміз алға қойған міндеттер үдесінен көріну қиын. Сол себепті де партия өздері қолға алған игі бастамаларды жүзеге асыруды және өзекті проблемаларды шешуді халықтың назарында ұстайтын дәстүрді жалғастыратын болады. Мұның өзі партияның халықтан жасыратын сыры жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Партия қашан да халықпен бірге, елмен етене бола түспек. Съезде көтерілген мәселелер осындай ой түюге негіз жасайды.

Жазып алған

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

 

Съезд фотокүнделігі

Римма БЕКТҰРҒАНОВА,

«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

педагогика ғылымдарының докторы:

ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА КӨП НӘРСЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Халқымызда «кемедегінің жаны бір» деген сөз бар. Осы­ даналықтың бүгін дүние­жүзін­дегі мемлекеттермен байланыста дамитыны елімізге де қатысы болып отыр. Жаһандану үде­рі­сімен ХХІ ғасырдың та­балдырығын аттаған жұмыр жер қазір әр адамның алақа­нын­да тұрғандай сезіледі. Жер­дің қай нүктесінде болып жатқан оқиғаларды сол сәтін­де көріп, біліп отырмыз. Ақ­параттық жылдамдықпен уа­қыттың иірімінде кетіп бара жатқандаймыз. Мұның Тәуелсіз Қазақстанның дамуына озық та, кері де әсері бары сөзсіз. Таяу Шығыста мылтық даусының басылмауы, әлемдегі экологиялық зардаптар, жер бетіндегі адамзат қатарының көбеюіне байланысты азық-түлік тапшылығының күшеюі, ауыз судың азаюы, тағы басқа да өткір тұрған жаһандық мәселелер Қазақстанды да сергек болуға шақырады. Мұны «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезіндегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен түсінгендей болдық. «Менің ішкі түйсігім мен тәжірибем әлемнің таяу болашақтағы даму кезеңі аса күрделі болатынын аңдатады. Осындай жағдайда барлық қазақстандықтар өз Отанымыздағы тұрақтылық пен даму бағдарын болжауға болатындығының бағасын білуге тиіс!», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Еліміздің болашағы тұрақтылық пен экономиканың дамуына байланысты екенін Елбасы әрқашан айтып отырады. Оны әр қазақстандық түйсінеді. Ал сол тұрақтылық пен дамуды ешкім бізге аспаннан тастамасы анық. Оны жасайтын өзіміз – қазақстандықтар. Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселелерді партияға салмақ сала айтты. Өте орынды. Өйткені, «Нұр Отан» қарапайым халыққа тонның ішкі бауындай жақын партия, сондықтан біз оны жергілікті жердегі әр адамға түсіндіруіміз қажет.

Тұрақтылықтың кепілі – Қазақстанды өз Отаным деп, оның отын оттап, суын сулап тұрып жатқан сан ұлт өкілдерінің дәстүрі мен тілін, дінін сақтауы, оны паш етуі дер едім. Жақында ғана бүкіл мұсылман әлемі Құрбан айт мейрамын мерекеледі. Оны Қазақстандағы мұсылман жұрты да атап өтті. Ал басқа дін өкілдері оларды құттықтап жатты. Сондай-ақ, өзге дін өкілдерінің діни мерекелеріне де мұсылман қауымы осылай құрметпен қарайды. Қазір мемлекет құраушы халықтың ана тілі, мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге ниет қойған өзге ұлт өкілдері, оның ішінде жастар көптеп саналады. Олардың арасында жыл сайын түрлі байқаулар болып жатады. Қыркүйек айында Қостанайда VII халықаралық неміс мәдениетінің фестивалі болып өтті. Бес күн бойы немісі, қазағы, орысы, татары, тағы басқа да ұлттар өкілдері бар рухани байлық кешкендей болды. Достардың дос құшақтары айқасты. Міне, татулық, тұрақтылық кепілі осылар болмақ. Рухани толысу, ұлттық құндылықтарды әспеттеу, дәстүр жалғастығын бағалау – осының барлығы да кез келген материалдық байлықтан жоғары тұрады.

Еліміз экономикалық қарқынды дамып келеді. Көптеген дамыған елдерді шайқалтқан дағдарысқа қарамастан, бізде бұрын болмаған жетістіктерге қол жеткізілді. Алайда, жаһандық тұрлаусыз нарықтың құбылуы экономикалық даму тұрақтылығының қазығын қатты қағу керектігін ескертіп қояды. Ол үшін Елбасымыз бағдарлаған инновациялық және озық технологияларға жүгінуіміз қажет. Жер жүзінде азық-түлік пен ауыз су тапшылығының күшеюі қауіпті өзімізден алыс ұстауға итермелеп отыруды талап етеді. Жерасты байлықтарымызды ұқсату, өңдеу кәсіпорындарының көбеюіне, сыртқа шикізат емес өнім шығаруға көп көңіл бөлуді қолға алдық. Ол үшін жергілікті жерлердегі жақсы істердің ешқайсысына ұсақ-түйек деп қарамау керек. Нұротандықтар соның барлығын адамдарға үнемі айтып түсіндіріп, үйретіп отырады. Биыл біздің қостанайлық ғалымдарымыз жасап шығарған картоптың жергілікті сорттары сырттан ақшаны уыстап шашып әкелген сорттарға қарағанда өнімді 3-4 есе көп берген. Осыны ұсақ, күнделікті тірліктің көз үйренген көрінісі деп қалай айтасыз?

Еңбек адамына деген көзқарасты қайта жаңғырту керектігін де мен тұрақтылық пен дамудың кепіліне қосар едім. Абай атамыз айтқандай, барлық жаман қасиеттің түп-төркіні жалқаулықта жатыр. Еңбектің төбел торысына айналған жандардан ешқашан жаман мінез шықпайды, олардың ішкі рухы мықты болады. Еңбекқор адам өз еңбегіне және өзіне сенеді. Қоғамның бір кеселіне айналып тұрған сыбайластық, жемқорлық оларға тән емес. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген емес пе халқымыз? Қазір сыбайластықтың білім жүйесіне сіңісіп бара жатқаны жүректі мұздатады. Өйткені, білім саласы дегенде көз алдымызға жас ұрпақ келеді. Съезде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев жастарға еңбек етіңдер, оқыңдар деген ағалық сөзін айтты. Осының барлығын миллионға жуық мүшесі бар «Нұр Отан» партиясы жергілікті жерлерде түсіндіретін, қадағалайтын болады. Себебі, партия уақытпен тыныстап, арбаны тек алға сүйрейді.

Жазып алған

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.

 

Роза АБИЛОВА,

«Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі

қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

ЕЛБАСЫ СӨЗІН ЕЛ САНАСЫНА СІҢІРУ – ПАРЫЗЫМЫЗ

«Нұр Отан» партиясының ХV съезіне қатысып, онда Елбасының айтқандарын өз құлағыммен естіп, рухани әрі патриоттық күш алып ауылға оралдым. Санама әбден сіңіргенім, Елбасының тегін келген дүниенің оңай жұмсалатыны, жұғымының мәз болмайтыны, сондықтан еңбектің көзін тауып, ерінбей еңбектеніп, сол еңбегіңнің өтеуіне қуана білу болды. Тіпті, бәрі еңбектің арқасында келетінін қарапайым да жатық тілмен ұғындыра отырып, алғаш   20 шаршы метр пәтер алғанында қалай қуанғаны туралы айтқаны құлағымнан кетер емес. Сондықтан ауылдарды аралап, осынау ұлағатты халықтың санасына сіңірген үстіне сіңіре түсіп, жастардың патриоттық сезімдерін алаулатып, «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналықты халықтың көкейіне тоқыта түсуді парыз санаймын. Елбасы съезде жастарға сенім арта отырып, болашақтың тізгіні сол жастардың қолында екендігін баса айтып қана қоймай, бақ-дәулеттен қайда баратынын сұрағанда ынтымағы жарасқан елге баратындығын айтқанын да бізге әдемі жеткізе білді ғой.

Біз жастармен, жасөспірімдермен, жағдайы төмен отбасы мүшелерімен, әйелдермен етене араласып жұмыс істейміз. Солардың патриоттық сезімдерін оятып, өскелең өмірге деген үміттерін үкілеп, ең бастысы – болашаққа деген сенімдерін арттыруға қажеттіліктің бәрін санама сіңіріп, әдемі әсерге бөленіп келдім. Әкем әзербайжан, анам орыс болса да қазақы даналықтарға жүрегімнің түкпірінен орын бергендігімнен болар, «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің, уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» деген сөзді Елбасының Астана қаласын салғанымен байланыстырғым келеді. Зеңгір көкке шаншылған ғимараттардың сәні мен салтанаты да бізді бейжай қалдырған жоқ.

Қорыта айтқанда, еліміздегі осындай жақсылықтың барлығы бірліктің арқасы деп бағалап, өз кезегімізде осы елдің патриоты болу басты парызымыз екендігін әсте естен шығармағанымыз абзал.

Жазып алған

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

 

Жақсыгүл МАХАНБЕТОВА,

«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы»

заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

МҰРАТҚА ЖАҚСЫ ОЙ, ЖАРҚЫН БАСТАМАЛАР ЖЕТКІЗЕДІ

Астана қаласында кезектен тыс өткен съезге аймақта белсенді әрекет етуші қоғамдық ұйымдар өкілдері де қатысуға мүмкіндік алды. «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің дамуына үлес қосып отырған қоғамдық ұйымдардың белсенді қызметін жоғары бағалады, өз сөзінде партияға үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстануды тапсырды.

Аймақтардан келген қоғамдық ұйым өкілдері съездің жұмысына жоғары баға берді. Сонымен қатар, алдағы уақытта атқаратын жоспарларымен де бөлісті. Шындығында, Елбасы берген тапсырмалардың бәрі де жүзеге асыруға болатын, қолдан келетін істер.

Қазақстан әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына кіру межесін белгіледі. Осы межеге жету үшін съезд қабылдаған Доктринаға сүйене отырып, серпінді бағдарламалар жасақтап, оны жүзеге асыруды қолға алуымыз қажет. Сол съезден қайтып келе жатқанда-ақ қоғамдық ұйымдар не істеу қажет екендігін айқындадым. Бұл, біріншіден, жауапкершілігі жоғары азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды жасақтау және оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру, іске кірісу. Екіншіден, жергілікті жерлерде шешім қабылдау кезеңдерінде қоғамның, белсенді азаматтардың қатысуын және атсалысуын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жауапкершілікті бөлісу мәдениетін қалыптастыру. Үшіншіден, әрбір қоғам өзінің мүдделі топтарының мәселелерін шешуге қоғамды, бизнесті және билікті, азаматтарды жұмылдыру арқылы қол жеткізуді ұйымдастыру. Халық билікке емес, билік халыққа қызмет етуі бүгінгі заман қажеттілігі екенін съезде Елбасы атап айтқан болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы – біздің өміріміздің негізгі мақсаты, бүгінгі жасап жүрген ірілі-ұсақты жұмыстарымыздың тоғысар арнасы мен бағдары. Азаттығымызды аялап, мемлекетімізді өркендетіп, келер ұрпақты әлемдегі дамыған елдердің қатарында өмір сүруге бір кісідей жұмыла жүріп жеткізуге тиіспіз. Ол қатарға ену үшін бірлік, тәртіппен бірге барды бағалай білу, табиғатты қорғау, ысырапшылыққа жол бермеу, ұлттық ерекшеліктерімізді қастерлей білу және озық өнер-білім қажет. Осы жақсы мұраттар жолынан бірге табылайық дегім келеді барша бауырларға.

Жазып алған

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

__________________________

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар