Қызылорда қаласында 360 орындық провизорлық орталық жабылды. Медициналық мекеме індет өршіп тұрған уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 5-ші жатақханасынан ашылған болатын. Шілдеден бастап жұмыс істей бастаған орталықта бір айда өкпесі қабынған 1 мыңға жуық науқас ем алыпты. Жақында орталықтағы соңғы науқас сауығып, үйіне қайтты. Осы уақыт аралығында емдеу мекемесінде 200-ге жуық медициналық қызметкер жұмыс істеген.
Індеттің өршуіне байланысты осыған дейін облыстағы емханаларда скринингтік және профилактикалық тексеру, жоспарлы стоматологиялық қызмет, саламатты өмір салтын ұстану бойынша шаралар, психологиялық көмек көрсету уақытша тоқтатылған болатын. Қазір олар да жоспарлы жұмыстарына көше бастады.
Дерттің беті қайтып, дәрігер көмегіне зәру жандар қатары азайғандықтан облыстық фтизиопульмонология орталығының 120 төсектік орынға арналған инфекциялық стационары да жабылып, 100 орынға шақталған провизорлық стационар болып қайта жасақталады. Ал 10 тамыздан бастап көпбейінді қалалық аурухананың 210 орынға арналған провизорлық стационары жұмысын тоқтатып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шұғыл және жоспарлы емдеу жұмыстарын бұрынғыша жалғастырады.
Жуырда өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақтағы ахуалдың тұрақталып келе жатқанын атап өтті.
– Жалпы, бүгінгі жоспарлы емдеу жұмыстарының қайта іске қосылып жатқаны – аймақта эпидемиялық ахуалдың тұрақталғанының дәлелі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың барлық көрсеткіштері нәтижелі, – деді басқарма басшысы.
Облыстық көпбейінді аурухана да дүйсенбіден бері науқастарды жоспарлы түрде қабылдауды бастады. Пандемияға байланысты аурухана 4 ай бойы мұндай қызметті уақытша тоқтатқан еді. Енді аурухана бұрынғыша барлық науқасты қабылдайды. Қазір мұнда жедел түрде түскен 370 науқас емделуде.
Жұмылған істің нәтижесінде індеттің беті қайтты. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте. Мамандар санитарлық талапты сақтап, сақтанып жүру керектігін айтады.
ҚЫЗЫЛОРДА