«Осыдан он шақты күн бұрын, дәлірек айтқанда 23 шілде сағат 12:37 шамасында Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының маңында тылсымға бергісіз оқиға болыпты», деп хабарлады оралдық әріптесіміз, өлкетанушы Нұртас Сафуллин.
Тосын оқиғаны қаратөбелік Екпін Тінәлиев есімді азамат байқап қалып, биікте қалықтап ұшқан адамның бейнесін қашықтан болса да ұялы телефонына түсіріп үлгеріпті.
– Азамат есімді танысым екеуміз Ханкөлге жақын орналасқан шаруашылық басына таяп қалған едік. Кенет 100 метрдей қашықтан, жол жиегіне жақын тұстан тік көтерілген бір бейнені көзім шалып, мәшине жүргізіп келе жатқан Азаматқа «дронды қара!» дедім. Ол көрген бойда «жоқ, бұл дрон емес» деп сенімді сөйледі. Сөйткенше алдыңғы жағымыздан көрінген бейненің тұсына жақындап та қалдық. Кәдімгі адам. Көтерілген биігінде, бір орында азырақ қалықтап тұрды да, Ханкөл ауылының бағытына қарай ұшып кете барды. Ауада адымдағандай қимыл жасап бара жатқан адамның бейнесі анық көрінді. Сол ұшқаннан Ханкөл ауылының үстінен өтіп, әбден ұзап, бір нүктеге айналып, көзге көрінбей кеткенше қарап тұрдық. Алғашқы сәттерде телефонға жармасып, бейнені анықтап түсіру ойымызға келмепті. Бірақ кейін ұялы телефонымның камерасын барынша жақындатып алатын бабына келтіріп, алыстан болса да түсіріп үлгердім. Ғылымы дамыған шетелдерде адамдар шағын құрылғылар, мысалы, «Flyboard Air» аппараты арқылы ұша алатын мүмкіндікке ие болды ғой. Мен әлгі бейнені сондай құрылғымен биікке көтерілген адам екен деп қалдым. Бірақ мен көрген ондай құрылғыларға адам қос аяғын тең ұстап, мініп тұратын. Әлгінің ауада адымдағандай қимыл жасап бара жатқанына түсіне алмай аң-таң болдық, – дейді күтпеген жағдайға куә болған Екпін Батырханұлы.
«Бұл оқиғаны өзге біреу айтса сенер ме едім, сенбес пе едім... Бірақ Екпін деген жерлес азамат болған оқиғаны боямасыз суреттей алатын, сөз қадірін түсінетін, салмақты жігіт. Өз басым оның баяндаған оқиғасына күмәнсіз сендім», деп отыр Нұртас Нәбиоллаұлы.
Батыс Қазақстан облысы