• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Тамыз, 2020

"АЯЛА" қоры Ақтөбедегі балалар реанимациясына жаңа жабдықтар жеткізді

477 рет
көрсетілді

"АЯЛА" қайырымдылық қоры "Ақтөбе медициналық орталығы" МКК балалар стационарының реанимациясына шала және әлсіз туған сәбилердің қарқынды терапиясына арналған инкубатор мен сарғайып туған нәрестелерді емдейтін фототерапия шамын жеткізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеге берілген жабдықтың жалпы құны 7,2 млн теңгені құрады. Бұл сома 2019 жылы "Өмір сыйлайық" жобасының шеңберіндегі шаралар және GAZ Energy желісінің бокстары, қазақстандықтардың Касса24 терминалдарымен аударымдар арқылы, "KOMPRA" ЖШС-мен бірге жасалған шаралар, сондай-ақ жеке тұлғалардың қайырмалдықтары арқылы жиналды.

Фототерапия  шамдарын қордан Ақтөбеден басқа Алматының перинаталдық орталықтары алды. Екі шам Қалалық перинаталдық орталыққа, тағы үшеуі – Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына орнатылды. Бұл жабдықтың жалпы құны 6 млн теңгені құрайды. Бұл сома 2019 жылы "Өмір сыйлайық" жобасы шеңберінде жиналған болатын.

Жыл сайын "Ақтөбе медициналық орталығының" (бұрынғы Облыстық балалар клиникалық ауруханасы) балалар стационары арқылы 80 мың бала өтеді, оның ішінде 12 мыңы ауруханаға жатқызылады. Бұл медициналық мекеменің басшылығы балалар реанимациясы үшін медициналық жабдықтар сатып алуға көмек сұрап, "АЯЛА" қорына жүгінді.

"Он мыңдаған қайырымды қазақстандықтар біздің қордың осы ауруханаға ең озық, тиімді және қауіпсі жабдық сатып әперуіне көмектесті. 14 жылдан бері біз дәрігерлеріміздің елімізде  неғұрлым көп баланың өмірін құтқарып қалуы үшін жұмыс істеп келеміз. Неонатологтар үшін біліктілікті арттыру курстарын өткіземіз, жаңа туған сәбилерге медициналық көмек көрсетудің заманауи әдістері бойынша әдістемелік ұсынымдар шығарамыз. Менің философиям қарапайым – бұл денсаулық сақтаудың проблемаларын дәрігерлермен, Денсаулық сақтау Министрлігімен өнімді және кәсіби диалог арқылы жүйелі түрде шешу үшін ресурстар шоғырландыру. Жыл сайын күшімізді біріктіріп, еліміздің мыңдаған балаларының өміріне араша болып жүргенімізге қуанамын", - дейді "АЯЛА" қорының президенті Айдан Сүлейменова.      

Дене салмағы өте аз болып туған сәбилерге арналған ИДН-03-"УОМЗ" инкубаторы шала туған балалардың өміршеңдігі мен денсаулығын жақсартады. Ол ауаның температурасы мен ылғалдылығы, оттегі шоғырланымы, баланың дене температурасы мен салмағының параметрлерін микропроцессорлық басқарумен жарақтандырылған. Инкубатор шала туған және әлсіз балаларға күтім жасауға және тиімді реанимация жүргізуге арналған, сондықтан сәбилер патологиясы бөлімшелерінде базалық терапия үшін қолданылады.

ОФН-2-УОМЗ  фототерапевттік неонаталдық сәулелендіргіш тікелей сәбидің инкубаторына орнатылады немесе кронштейннің көмегімен оның діңгектерінің біріне бекітіледі. Онда көк-жасыл спектрдегі сәуле көзінің жаңа түрі пайдаланылады, ол бала ағзасына мүлдем зиянсыз. 

Фототерапия шамы сәбидің сарғаюын емдеп, саулығы мен ақыл-парасатын сақтап қалуға көмектеседі. Сәбилердің сарғаюы – бұл орталық жүйке жүйесінің ауыр бұзылуына алып келетін уытты билирубин деңгейінің жоғарылуы. Ол әсіресе, шала туған балалар, анемиясы және құрсақішілік жұқпасы бар балалар арасында жиі кездеседі. Қанда уытты билирубин деңгейінің аса жоғары болуы дамудың тежелуі, атетоидтік церебрал сал ауруы, ішінара немесе толық сал ауруы, толық жоғалтуға дейінгі есту проблемасы сияқты баланың бас миының қайтымсыз зақымдануының себебі болуы мүмкін.

Фототерапия шамы қызметінің шекті мерзімі 1 мыңнан 2 мың сағатқа дейін. Бұдан кейін ол ауыстырылуы тиіс. Сондықтан мұндай шамдарға сұраныс өте жоғары.

13 жыл ішінде "АЯЛА" қорының "Өмір сыйлайық" жобасы еліміздің 36 қаласы мен елдімекендеріндегі 67 медициналық мекемені қамтыды. Бокстар, Касса24 терминалдарымен аударымдар арқылы және жеке қайырмалдықтар арқылы жиналған қаражатқа Қазақстанның балалар реанимацияларына 95 фототерапия аппараты, 9 өкпені жасанды желдету аппараты, жаңа туған сәбилерге арналған 7 инкубатор, 18 реанимация үстелшелері, 140 инфузиялық және шприцтік мөлшерлегіштер, 7 СИПАП аппараты, 26 төсек жанындағы монитор, 2 наркоз аппараты, дефибриллятор, ЭЭГ аппараты және балалардың өмірін құтқару үшін маңызды жүздеген басқа медициналық құрылғылар орнатылды.