• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 07 Тамыз, 2020

Абайдың философиялық онтологиясы

1263 рет
көрсетілді

Абай ілімін игеру заманауи кезең­дегі қазақстандық рухани болмыс үшін өте маңызды екенін еліміз­дің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген іргелі мақаласында айтып кеткені белгілі. Шынымен де, зияткерлік ұлтты қалыптастырудың қайнар көзі – Ұлы даланың рухани байлығын, әсіресе даналыққа толы ғұламалардың ілімдерін терең игеруде екені анық.

Қазіргі заманда халқымыздың тари­хи тұлғаларының, оның ішінде Абай мұрасы Шығыс пен Батыс фило­софия­сындағы озық дүниетанымдық ұстанымдардың қазақ топырағындағы тоғысуы ғана емес, бұл – халқымыздың тереңнен тамыр тартқан рухани қуатының жаңадан қалыптасып жат­қан дүниені түсіну бойынша өзіндік си­пат пен жаңа көркемдік әдіс тауып, әлемдік рухани мәдениет төріне қа­рай асқақтауы. Ұлы Абай ұлттық мәдениетіміздің, ұлттық ой жүйеміздің бойындағы булыққан қайнар бұлақтың көзін ашты. Бұған дәлел – әлеуметтік болмыс туралы терең ілімі. Осыған орай Мемлекет басшысының Абай мұраларына, шығармашылығына ерекше назар аударуы бекер емес.

Абай қазақ қоғамының тап бол­ған әлеуметтік дағдарысының қайшы­лықты да күрделі ахуалын пайымдай отырып, «болмыстық жобаны» ойлас­ты­рады. Дәстүрлі қазақ қоғамы бол­мы­сы­ның іргетасы едәуір сөгілген­дік­тен және оның бұрынғы бағытта дамуы ешқандай пайда әкелмейтінін білген­діктен ол бұрынғы әлеуметік онтоло­гия­­ны қабылдай алмайды. Бірақ қоғам да, Абайдың өзі сияқты болмыстың мыз­ғымас іргесіне, мықты тіреуге мұқ­таж болды. Оны іздеу Абайды жан азабына салады, ол мұратқа деген сағынышпен қатар жүреді, терең қайғы-мұңды бо­йына сіңіреді, бірақ бұл ізденіс адамды рухани тұрғыдан көтеретіндей мұратты бекітуге және оның бақытқа жетуіне бағытталған.

Мұндай негіз, ойшылдың толғау­лары бойынша, абсолютті бастау, адамның өмірдегі басты әрі жал­ғыз тірегі – Құдай деп танылады. Құдай­дың барлығын, ұйымдастырушы, үйлес­тіруші құдіретін аша түсіп, адам­ның рухани болмысына жақындайды. «Адам өміріндегі ең басты нәрсе руханилық», – деген түйінге келеді. Мәселен, Абай «Қара сөздердің» алтыншы сөзінде – «Өзің тірі болмай, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен, ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың», дейді. Ақыл табудың ең негізгі кілті адалдық пен еңбекқорлық деп тұрғанын байқаймыз. Руханилықтың өзі құбылыс ретінде осы екі негізге арқа сүйейтіні белгілі.

Өз шығармашылығында Абай өмірлік жолайрықта тұрған адамның кейпін суреттейді. Ол өзінің ілімінде өмір сүрген қоғамның бұрынғы тұғыр­лары мен құндылықтары келмеске кеткендіктен өткенінен айрылған және қазіргісі тайғанақ әрі тұрақсыз бол­ған­дықтан осы шағы жоқ адамның жағ­дайын кескіндейді. Ақырында, бұл осы тайқымалы, түсініксіз әрі кей­де қасіретті болмыстан көңілге үміт ұялататын келешектің кескінін құрас­тыруға тырысатын адамның жағдайын бейнелейді. Әсіресе мұның соңғысы өте қажет, өйткені ойшылдың кәміл сенімінше, «ұлы мақсаты немесе ортақ ақиқаты жоқ халық рухани өлік. Ал өмір болмаған жерде, кемелдену де болмайды». Бұл жерде әлеуметтік болмыстағы үнемі үздіксіз жаңғырып, жаңарып отырудың маңыздылығы атап өтілгендей. Әлеуметтік ғылымда жа­ңар­маған, дамуы тежеліп қалған қоғамды стагнациядағы әлеуметтік құ­рылым деп есептейді. Даму жолында болмаған әлеуметтік субъект құлдырау жолына түсетіні де анық.

Абайдың ұстанымының, біздің пікірімізше, Абайға дейінгі әлеумет­тік онтологиямен (болмыс туралы іліммен) қайшы келетін қырлары мына тұста: адамның барлық жан-дүниесі бай болса, әуел бастан қоғамдағы рухани бай болып келетін адамға айналады және өзге адамдармен өз қатынасын дұрыс құра білген адам қоғамдық жүйенің бастапқы іргелі нүктесіне айналады. Егер бұрынғы онтологиялық ұстын ру­дың тұғырларына басымдық бере отырып, рулық қауымның жетек­ші­лігін ұстанса, ал Абай үшін бұл ұстын тобырдың, оның үстіне қараңғы то­бырдың үстемдігіне, бөтен пікір мен рулық пайымның үстемдігіне ай­на­лып шығады. Міне, сондықтан әлеу­мет­тің болмысы сияқты, адам­ның болмысы да, Абайдың пайымдауынша, ағартусыз, білімді игермей мүмкін емес, міне, сон­дық­тан қазақ халқын білім мен ғылымд­ы игеруге шақырған Абайдың үндеуі барған сайын маңызды бола түсуде. Қазақ ойшылының бұл үндеуі, жанай­қайы қазіргі технологиялық про­гресс заманында да өзінің өзекті­лігін жойған емес. Сондықтан ел­і­міз­дің әлеуметтік болмысында зият­кер­лік ұлтты қалыптастырудың және оны пәрменді дамытудың маңыз­ды­лығын зиялы қауым назардан тыс қал­дырмағаны абзал.

Абайдың әлеуметтік онтологиясында әлеуметтік сатыдағы немесе әлеу­меттің ұйымдастыруындағы жеке адамның алатын орны, ондағы рөлі – қайта жаңғыртылған және өн­ді­рілетін құбылыс. Оның үстіне оны Абай то­­лық­қанды адам емес, шенеунік, Жа­ра­ту­шының нұры­мен шабыт­тан­ба­ған тұлға, табынушы­лықты ғана жақ­таушы, басқарылатын әлеуметтік өзара әрекеттердің жағымсыз нәтижесі ретінде қарастырады. Абай адамдарды екіжүзділікке, өтірікші немесе өсекшіге айналдыратын, достықты сатып кетуге және жағымпаздыққа мәжбүрлейтін, бөлектенуден туындайтын руханилықтан жұрдай және тылсым сыртқы күштің ықпалымен болатын күнәҺар әсерді де айқын түсініп, көрсетіп береді. Демек, қоғамдағы адами қалыптасудың әр қилы жолы бар екеніне меңзейді. Бірақ ешкім де «қолын мезгілінен кеш сермемесін» дегендей тілегін білдіріп отырады.

Ол тұлғаның мән-маңызын алғыр­лық­пен терең түсіне білді, адамды асқақ­татты және «Адам бол!» тұжы­рымын философиялық ұстын дең­гейіне дейін көтерді. Бұл негіздер біздің ойымызша, оның әлеуметтік онтоло­гия­сының мәнін білдіретіні анық. Мұндай онтологияда қоғам адамға қысым көрсетпейді және оны әлеу­меттік жүйенің жай бұрандысы немесе оны өндірістің механикалық қосымшасы етпейді, керісінше, әрбір адам рухани және адамгершілік тұр­ғыда дами отырып, жүрегінің түкпі­рінде Жаратқанның өсиеттеріне деген адалдықты сақтай отырып, өзінің ар-ожданының үніне құлақ түре келе, қоғамдық тұтастықты құрайды, қоғамның бірлігін нығайтады. Дәл осы себепті, біздің пікірімізше, Абай адамдардың достығына, бауыр­мал­дығына соншалықты үлкен көңіл бөледі. Қоғамдық қатынастар мен қо­ғамдық өзара әрекеттердің осы бас­ты екпіні ойшылдың поэзиясында да жү­йелі түрде естіледі және оның фило­софия­сында да бірдей табан­ды­лықпен жүргізіледі. Адамдардың бір-біріне көмектесуі қайырымды қоғамның алғашқы шарты екендігін кезінде Шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби де айтып кеткен болатын.

«Адам бол!» ұстыны ақылдың адамгер­шілік қатынастар саласына енуі­нің мәнін ұғынуға да септігін тигі­зеді, өйткені ол адами қарым-қатынас­ты тек адамның адамға деген сыртқы бағыты тұрғысынан ғана емес, адамның өз өзіне ішкі бағыттылығынан да, әрбір жеке адамның ішіндегі ар-ұяттың үнін де сипаттайды. Адамгершілік қылық, Абай бойынша, қашанда тек сыртқы жағдайларға, нормалар мен дәс­түрлерге ғана сәйкес болмай, ішкі ақыл-ойыңа саналы түрде бағы­нып, ішкі еркің арқылы әрекет етуді біл­діреді. Ақылға сай әрекет ету сон­дық­тан нағыз шынайы адами әрекет ретінде пайымдалады.

Абайдың көзқарастарына ақыл-ой адамның сезімдерін, эмоциясын, еркін қадағалауға қабілетті деген тұжырым тән және сонымен бірге адам, Абай бойынша, өз «жаратылысының» тұтқы­нында қалып қоймауы тиіс, ол одан тысқа шығып, өз табиғатынан жоға­ры тұруы тиіс. Тәрбиенің, мәде­ниет­тің, білімді молайтудың арқасында адам өзінің табиғи нышандарын жетілдіруі керек. Бұл Абайдың ағартушылық-философиялық тұжырымдамасының күре жолы.

Абайдың тұлғасына қатысты, оның адамгершілік туралы ойларының өмірлік практикалық ұстанымынан алшақтамағанын сипаттайтын тағы бір маңызды сәтті атап өту керек. Оның ар-ожданының ішкі дауысы одан өзінің туған қазақ халқының тағ­дырын шынайы пайымдауды та­лап етті, ащы да болса халыққа шын­дықты айтуға шақырды, өйткені оның іліміне сәйкес, ұлы мақсаты немесе ортақ ақиқаты болмаған халық рухани сырқат күйде болады. Ал өмір болмаған жерде жетілу де болмайды. Қазақ халқының рухани күш-жігерінің сарқылмас бастауына айналып, үздіксіз рухани кемелденудің ұлы жолында оны асқақтата білген өзінің «Адам бол!» ұстынына негізделген философиясының адамгершілік талабын өмірге енгізген Абайдың өмірлік ұстанымы осындай болды. Біз бүгінде жүрекпен сезініп, ақылмен саралап ойлана алатын адамның қабілетін қалыптастыруымыз керек.

Абайдың әлеуметтік онтологиясы­ның жоғарыда аталған қырларынан басқа бір өзгешелігі, біздің пікіріміз­ше, оның енді рулық центризм ұста­нымында қалып қоймай, одан жалпы халықтық биікке асқақтағанында, бірақ қазіргі заманда белең алған дара­шылдық ұстанымына, капита­лис­тік өзімшілдікке де мүлдем «асық­пай­тынымен» сипатталатынын байқай­мыз. Мұны ойшыл мына сөздерімен тамаша әрі ерекше мәнді білдірген: «Өзімшілдіктің кез келген көрінісі сияқты, дарақы мақтаншақтық та бұл дүниеде талай адамды бұзады. Сон­дық­тан молда болу аз, адам болуға ұм­тыл­­ған абзал». Абай қоғамдық қаты­нас­тар мен байланыстарға енген адам қоғамдық жүйенің басы мен аяғы, оның дамуының кепілі деген тұ­жырымнан шығады. Бірақ соған қара­мастан, қазақ қоғамында орын ал­ған қайшылықтар мен жағым­сыз айғақ­тарды көре отырып, ол ақы­л­ды өзім­шілдікті қатаң түрде қа­был­дай алмайды, өйткені бұл мұрат, бұл ұстаным адам­ды бұзады, оны қарым-қатынастың бас­ты және анық­тау­шы формасы «араласу, өзара қаты­нас» болып табылатын әлеу­мет­т­ік онтоло­гияның қойнауынан өсіп шығатын адамгершіліктен айырады.

Бұл – «Мен» және «Өзгенің» бетпе-бет кездесуі іске асатын, ән-ай­тыс­тарда дара тұлғалардың бірік­кен шығар­ма­шы­лығынан туындай­тын, жолау­шы­ға құрметпен қарай­тын қонақ­жай­­лық түрінде адами қатынас­тарды бекі­тетін іргелі негіз болатын және Абай­дың тілімен айтқанда, «адам бол­мы­сының негізін» құрайтын жеке адамдардың тікелей байланысының формасы. Бұл, Абайдың іліміне сәйкес, «қабылдаудың тірілігін», «жақын тектінің тартылыс күшін» және жүрек сезімталдығын білдіреді.

Абай үшін адам болу нені білдіреді? Адам болу, ең алдымен, өз жүрегіңде Құдаймен үндесуді және білімге, әділ­дікке және қайырымдылыққа ұм­тылуды білдіреді. Бұл Жаратқанның адамның маңдайына жазған жазмышына сәйкес болуды аңғартады, бұл адамдарға жақсылық жасауды, оларға білім нұрын әкелуді және адал әрі мейірімді болуды байқатады. Бұл адамгершілік қасиеттерге ие болу және оларды жетілдіру, Абай бойынша, ғылымға, сенімге және өмірге деген адалдық пен жігер арқылы мүмкін болады. Адамшылық – онда қоғам өзін-өзі іске асыруы тиіс жалпыға ортақ­тықтың формасы. Қоғамда негізгі орынды саяси, экономикалық немесе басқа қатынастар емес, адамгершілік қатынастар алуы тиіс. «Адамның мәнін, – деп түйіндейді ойшыл, – махаб­бат, әділдік және руханилық құ­райды. Адамдардың бұл бастауларсыз күні жоқ. Олар араласпайтын және қандай да бір адами тағдырдың алдын алмайтындай өмірде бірде-бір жағдай болмайды. Алла тағала ғаламды осылай жаратқан».

Абай шығармашылығы – қазақ хал­­қының бай руханиятының шоғыр­­­ланған көрінісі. Абай – қазақ халқы­ның ар-ожданы! Қазақ мәде­ниетінде халқының кемшіліктері мен жамандықтары туралы одан өткір жазған кім бар? Кім одан артық ағартушылық арқылы қараңғылықтан құтылудың қамын ойлады? Абай қазақ қоғамының ішіндегі алауыздық пен қырқыстан, түрлі пәлекеттерден шаршағаны мен көңілі қалғанына қарамастан, бұл қоғамның өзінің жетіл­меген әлемін өзгертуге, кемел­діктің биігіне жетуге мүмкіндігі бар екенін көрсетіп берді. Абайдың философия­сы әртүрлі мәдениеттердің түйіскен тұ­сын білдіреді, ол мәдениеттердің бір-бірі­мен және автордың өзімен өзінің сұх­батын айқара ашады. Абай уақыттан тыс және кеңістік шекарадан тыс биік кемелдікке деген жалпыадамзаттық ұмтылысты білдіруші, сондықтан ол арқылы және оның шығармашылығы ар­қылы қазақ мәдениеті әлемнің көп­теген мәдениеттеріне үйлесе түсі­нікті болып шықты. Қазақ халқы және оның бай рухани мұрасы өзге халықтардың өкілдерінің жүрегінен орын тепті және бұл үдеріс – жаңа бүгінгі адамзаттық қауымдастықты қалыптастырудың, оның гуманистік құндылықтары мен мұраттарының бастауы.

Бұл жағдай өткен заман мен қазіргіні түсінудің кілті деген белгілі ақиқатты дәлелдей түседі. Біздің қазіргіміз – бұл барған сайын жаһандана түскен әлем, онда халықтар мен мәдениеттер барған сайын бір-біріне өзара тәуелді бола түседі. Абайдың онтологиялық көзқарастарынан өніп шыққан рухани әлеуетті сақтау, оны жаңа тарихи жағдайларда дамыту – біздің бүгінгі кезеңнің және замандастарымыздың міндеті. Болмысымыздың қаншалықты шынайы екендігін пайымдауға бізді жақындата түсетін тарихи өткеннің нәрлі дәні оны баға жетпес қазынаға айналдырады, ал бізді рухани кемелдікке және бәсекеге қабілетті қазақ ұлтының ұмтылуына итермелейді деген ой туындайды. Міне сондықтан Абай – қазақ халқының жан-жүрегі мен ақыл-ойы – XXI ғасырдағы жаҺандық әлеуметтік-мәдени өзгерістер дәуірінде рухани өсу мен ағартудың қайнар көзіне айналады. Сонымен Абайдың онтологиялық ілімі қазіргі жаҺандануға байланыс­ты туындайтын күрделі мәселелерді, олардың ішінде еркіндік пен руханият проблемасын талдауға үлкен септігін тигізері айдан анық.

Кешегі кеңес заманында да іштегі арманын сөзбен жеткізе алмаған зия­лы азаматтарымыздың ұлы баба ғақлияларын әспеттеп, үнінің алысқа жетуіне жағдай жасауының бір сыры осында жатыр. Қазақтың күйлері мен өнер туындыларын үзбей тыңдаған ұрпақтың өршіл рухын бойына сіңіріп өспеуі мүмкін емес. Сол рух, міне, бү­гін жаҺандану заманында біздің егемен елімізді дербес демократиялық жол­мен қайта құрып, мәдениетімізді да­мы­тып, бүкіл дүниетанымымызды түле­ту­деміз. Мәдени және рухани мұра­ны игеру, ұлы тұлғаларымыздың есім­д­ерін жас ұрпақ жадына орнық­тыру – заманауи кезеңде халық рухын жандандырудың, жаңғыртудың бірден-бір жолы, зиялы қауымның тарих алдындағы парызы.

 

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,

ҰҒА академигі