Облыс аумағындағы стихиялық қоқыстар мен аузына дейін толып, шашылып жатқан контейнерлер тұрғындардың әлеуметтік желілердегі шағымдарының өзегіне айналды. Бұл өзекті мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңестің негізгі тақырыбы ретінде жан-жақты сараланды, - деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, аймақта 163 қатты қалдықтар полигоны бар десек, онда үш миллион тоннаға жуық қатты қалдықтар жинақталған. Алайда олардың 65-і әлі қоршаусыз жатыр. Ағымдағы жылдың алты айында тағы 21,6 мың тонна қалдық жиналса, оның 11,9 пайызы сұрыпталған. Бүгінгі таңда бұл процеске айрықша назар аударылады. Өйткені бұл экологиялық тазалық және қалдықтарды барынша тиімді пайдалану мен жоюдың негізгі тетігі.
Бұл тұрғыда біріншіден адамдарды қалдықтарды бөлек жинауға үйрету және оған жағдай жасау жайы маңыздырақ. Дегенмен шешімін күткен мәселе аз емес. Айталық қарапайым ғана қоқыс жәшігі жеткіліксіз. Слайдтарда көрсетілген көріністер көңілге көп күдік ұялатады. Олардың төңірегі қоқысқа толып қалған. Тиісті ұйымдар күніне екі рет контейнерлерді тазалап, босатып отыруы керек. Бір Тараз қаласының өзінде осы іспен айналысатын 8 кәсіпорын бар, олар 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Ал облыс бойынша мұндай 23 кәсіпорын бар.
Жалпы облыс бойынша 3,5 мыңнан астам контейнер жетіспейді. Тараз қаласының әкімдігі 700 контейнер алуға өтініш берсе, қазірге дейін оның 200-і келіп үлгерілген. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, арнайы техникалар жетіспеушілігі туындаған. Алайда бұл мәселе біртіндеп кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Жақында ғана тағы төрт қондырғы сатып алынған. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өз автопаркін жаңарту қызмет көрсетуші компаниялардың басты міндеті болуы тиіс екенін атап өтті. Осы орайда олардың тараздықтардан мінсіз қызметі үшін тұрақты түрде ақша жинап отыратындығы айтылды.
Тағы бір мәселе – контейнерлердің орналасу нормасының дұрыс анықталмауы. Соның салдарынан, жеке сектор тұрғындары қалдықтарды көппәтерлі үйлердің тұрғындарына арналған контейнерлерге үнемі шығарып отыратыны жасырын емес. Бұдан бөлек,өз контейнері мен қызмет көрсетуші компаниямен келісімшарттың ШОБ субъектілері, бірінші кезекте қызмет көрсету салалары болуы тиіс.Құрылыс қалдықтарына арналған арнайы полигонның болмауы салдарынан толып кеткен контейнерлер мен қоқыс үйіліп жатқан алаңдар көптеп кездеседі. Елді мекендердің жанында стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуының негізгі себебінің бірі де сол болып табылады. Сондай-ақ, жауапсыз жергілікті тұрғындар да олардың ұлғаюына ықпал етті. Ғарыштық мониторинг осындай 168 қоқыс үйіндісінің бар екенін анықтап берсе, олардың 97-і жойылды.
Айта кету керек, ел Үкіметі Таразды қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы басталатын 6 қаланың тізіміне енгізді. Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының мамандары жергілікті қатты қалдықтар мен олардың морфологиялық құрамын өлшеп, геологиялық зерттеулер жүргізіп үлгерді. Жоба бойынша зауыт 50 мың тонна қоқысты өртеп, бір уақытта 3 МВт электр қуатын өндіреді. Инвестиция көлемі шамамен 5 миллиард теңгені құрайды. Жергілікті билік полигонның жанынан бес гектар жер бөліп, инфрақұрылым тарту қажет.Бердібек Сапарбаев атқарылған жұмыстардың қорытындысын нашар деп бағалады.
"Алдағы әрекеттердің тиімділігі бойынша сұрақ көп. Мысалы стихиялық полигондар табан астында пайда болады. Бұл тиісті бақылау мен түсіндіру жұмыстарының жоқтығын көрсетеді. Менің орынбасарымның басшылығымен жұмыс тобын құруды, жағдайды талдап, қоқыс мәселесін шешудің тиімді стратегиясын таңдауды тапсырамын. Бұл ұлттың, балаларымыздың денсаулығына қатысты өткір мәселе екенін естен шығармауымыз керек.
Қалдықтарды сұрыптап, тиісті цехтар мен шағын зауыттар құруға басты назар аудару керек. Заманауи қоқысты өңдейтін зауыт салуға қабілетті инвесторлармен жұмыс та жандандыруды қажет етеді. Қызмет көрсету ұйымдармен жасалған келісімшарттарға контейнер алаңдарын тазалау туралы ережені міндетті түрде енгізу қажет. Қоқыстарды көрінген жерге бей-берекет тастап, жабайы үйіндіге айналдырғаны үшін де жазаны қатайтып, түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізу керек. Тұрғындар арасында тек өз үйін ғана емес, туып-өскен қаласын да таза ұстауға үндеп, қоғамдастық мәдениетін қалыптастыруымыз керек", – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев иесіз қалған электр желілері мен трансформаторлардағы жағдай туралы баяндады. Алдымен 120,9 шақырым желінің 113,9-ы Тараз қалалық және аудандық әкімдіктердің балансына берілген, одан кейін 49 иесі жоқ трансформатордың 47-сі балансқа өткен. Жағдайды Талас ауданы қиындатып отыр екен, яғни Қаратау қаласында 7 шақырымдық электр сымы мен екі трансформатор қараусыз қалған.
Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов әңгімеге арқау болған осы саяжай аумағында жақын арада электр қондырғылары өз иесін табатынына сендірді. Десе де Бердібек Сапарбаев мұндай түсініксіз жауапқа көңілі толмай, мәселені бір апта ішінде шешуді тапсырды.
"Кейбір трансформаторлар тұрғын үй аумағында, ойын алаңдарының жанында орналасқан, бірақ қоршалмаған. Мұнда қайғылы жағдай орын алмасына кім кепіл? Аудан әкімдері бір айдың ішінде олқылықтарды жою қажет. Трансформаторлардың иелерін тауып, олар барлық қауіпсіздік шараларын қабылдауы, ескірген жабдықтарды жаңартып отыруы керек", – деді аймақ басшысы.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе төлемдерге қатысты өрбіді. Сәуір-мамыр айларында 119 мың тұрғынның коммуналдық төлемдерді өтеуіне республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 2,6 миллиард теңгесі жұмсалып, қалған қаражат бюджетке қайтарылады.
Әлеуметтік төлемдерге тоқталсақ, 42500 теңгені 167 199 тұрғын алған. Ал 54,4 мыңнан астам адам жалпы сомасы 2,3 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек алды.
Микронесиелер беру орташа республикалық деңгейден төмен болып қала береді. Ал гранттар керісінше 100 пайыз нәтиже береді. Облыс әкімі атап өткендей, бөлінген ақша игеріліп қойған жағдайда тиісті министрлікпен қосымша қаражат бөлу туралы келісім жасалған.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев отырыста қаралған әр мәселенің маңыздылығына тағы бір мәрте қысқаша талдау жасап, сын-ескертпелерге тоқталып, атқарылар жұмыстың бағытын да бағдарлап берді.
"Біз үшін қазір бастысы мәселе – жұмыс орындарын ашу, ол үшін "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламалары мен Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын барынша іске асыруымыз керек. Халықтың табысын арттырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, әлеуметтік төлем алушылардың санын азайту үшін жұмыс істеуіміз керек.
Алда оқу жылы басталағалы тұр. Ал бірақ көптеген мұғалімдер қашықтықтан оқытуға әлі толық дағдыланбаған. Бұл мәселені әр мектеп түрлі қадамдармен шешуге тырысып, бастауыш сынып оқушылары мүмкіндігінше дәстүрлі түрде оқығандары жөн. Мектеп табалдырығын тұңыш аттаған бала білім ұясының шапағатын сезініп, сыныптарды көріп, алғашқы ұстазымен жақын танысқаны қандай жақсы", – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.