Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңадан тағайындалған шетелдік елшілерден, атап айтқанда, Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мишель Петерманстан, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ара Саакяннан, Беларусьтің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовтан, Бразилия Федеративті Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Деметрио Буэно Карвальодан, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьеннен, Кубаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Карлос Энрике Валдес де ла Консепсионнан және Катардың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдулла бен Ахмед Юсиф Ахмед Әл-Мутаваадан Сенім грамоталарын қабылдады.
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңадан тағайындалған шетелдік елшілерден, атап айтқанда, Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мишель Петерманстан, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ара Саакяннан, Беларусьтің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовтан, Бразилия Федеративті Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Деметрио Буэно Карвальодан, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьеннен, Кубаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Карлос Энрике Валдес де ла Консепсионнан және Катардың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдулла бен Ахмед Юсиф Ахмед Әл-Мутаваадан Сенім грамоталарын қабылдады.
Мемлекет басшысы елшілерге Қазақстанға, оның елордасы Астанаға келулерімен құттықтап, жаңа дипломатиялық қызметтерінде табыс тіледі. «Сіздер біздің елімізде болып жатқан сыртқы саясаттағы маңызды оқиғалар кезеңіне дөп келіп отырсыздар. Мен былтырғы жылдың желтоқсан айында ел дамуының жаңа басымдықтары белгіленген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Ондағы біздің алға қойған мақсатымыз – әлемдегі 30 аса өркендеген елдің қатарына кіру. Біз бүгін осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағдарламамен танысқан боларсыздар деп ойлаймын. Сіздер Қазақстанның әлемде өзінің орнын тауып, озық мемлекеттермен бірлесе жұмыс істеп жатқанын да білесіздер. Біз тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде сіздердің мемлекеттеріңізбен достық қарым-қатынасымызды берік орнықтырдық», деді Елбасы өзінің сөзінде. Осылай дей келе, Мемлекет басшысы Қазақстанның өзге елдермен әріптестік байланысына тоқталып өтті.
«Қазақстан мен Беларусь өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтіп келеді. Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастарын жандандыруға осы айдың басында Александр Лукашенконың біздің елімізге жасаған сапары үлкен ықпалын тигізді. Біз – Кеден одағының Біртұтас экономикалық кеңістігі аясында өз қарым-қатынастарымызды өркендетіп жатқан елдерміз. Сондай-ақ, Қазақстан Армения Республикасымен көп жоспарлы қарым-қатынастарды нығайтуға, одан әрі дамытуға ерекше маңыз береді. Екі ел арасында барлық деңгейде сындарлы және өзара сенімге құрылған диалог орныққан. Біз Армениямен екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас аясын кеңейтуге, тереңдетуге мүдделіміз. Елшілік осы бағытта қызмет істейді деп сенемін», деді Беларусь пен Армения мемлекеттерімен арадағы ынтымақтастық турасында сөз қозғаған Мемлекет басшысы.
Бұдан кейінгі кезекте Елбасы Францияның Қазақстанның сенімді саяси серіктесі болып табылатынын жеткізді. «Біздің елдерімізде уақыт сынынан өткен берік достық пен экономикалық қарым-қатынас бар. Астана мен Париж арасындағы өзара саяси түсіністікке жоғары деңгейде қол жеткізіліп отыр. Біз Президент Франсуа Олландтың Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын күтіп отырмыз. Бұл сапар қос тарап арасындағы қарым-қатынастың дамуына жаңаша серпін береді деп ойлаймыз», деген Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ықпалдастыққа 2008 жылы қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарт серпін бергенін атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің Бельгия Корольдігімен өзара қарым-қатынасы барлық деңгейде орнықты түрде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. «Біз энергетика, индустрия, инновация, экономикалық технология, ғылым салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Қазақстан мен Бельгия арасындағы өзара тиімді ықпалдастық Бельгияның жаңа Королі – Ұлы мәртебелі король Филипптің қолдауы арқылы одан әрі дамиды деп сенеміз», деді Н.Назарбаев бұл орайда.
Сондай-ақ, Елбасы Бразилияның Қазақстанның Латын Америкасындағы ірі серіктесі болып табылатынын жеткізді. «Биыл Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың жылдығын атап өттік. Экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге біздің мемлекеттеріміздің алдында мол мүмкіндіктер бар. Елшілік, міне, осы бағытта қызмет етеді деп сенемін», деді Елбасы Бразилияның Төтенше және өкілетті елшісіне.
Нұрсұлтан Назарбаев түрлі сала бойынша Қазақстан мен Катар мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылдың даму қарқынына да көңіл толатынын жеткізді. «Биыл біздің елдеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде Катар арқылы Таяу Шығыс өңірінде, Араб және мұсылман әлемінде сенімді әрі сындарлы серіктес таптық деп ойлаймыз», деді Елбасы Катар елшісіне қарата айтқан сөзінде.
«Қазақстан мен Куба арасындағы қарым-қатынастар әрдайым достық сипатта дамып келеді. Куба Қазақстанда 1993 жылы алғашқылардың бірі болып өз елшілігін ашты. Біздің елдеріміз туризм және спорт саласында ынтымақтастықты табысты жалғастырып келеді. Куба медицина, фармацевтика саласындағы озық технологияларымен белгілі. Осы орайда, біз медициналық дәрі-дәрмек шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделіміз», деді Мемлекет басшысы. Осылай дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев нәтижелі және жемісті жұмыс істеу үшін елімізге келген барлық шетелдік дипломатия өкілдеріне жан-жақты жағдай жасалғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік аренадағы орнына, еліміздің жаһандық деңгейде көтерген маңызды саяси бастамаларына тоқталып өтті. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту жөніндегі Қазақстанның көтерген бастамасын, еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтетін орынға айналғанын, Астанада ЕҚЫҰ Саммиті мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының аясында ауқымды конференцияның өткенін тілге тиек етті. «Бүгінде Астана әлемдік дәрежедегі ірі іс-шаралар өтетін орынға айналды. Мәселен, қазіргі таңда Астанада халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл көрме «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта өтеді. Міне, осындай ауқымды іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асуына сіздердің елдеріңізбен арадағы әріптестік байланыс пен екіжақты ынтымақтастықтың үлкен рөл атқаратынын да атап өткен жөн. Себебі, сіздердің қызметтеріңіз бен миссияларыңыз мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтуға, әріптестік тетігін бекемдеуге бағытталады деген сенімдемін», деді Мемлекет басшысы сөзінің соңында.
Елбасымен кездескеннен кейін журналистерге арналған брифингке қатысқан елшілердің әрқайсысы Қазақстанмен екіжақты әріптестік өрістеуіне мүдделі екендіктерін жеткізді. Мәселен, М.Петерманс Бельгия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың дамуына үлес қосуға ниетті екендігін білдірді. «Қос мемлекеттің әріптестігі қаншалықты берік болғанымен, оны әрі қарай да ілгерілетуге айтарлықтай әлеуетіміз бар. Біздің елдерімізді экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық алға жылжытады деп ойлаймын. Мәселен, Бельгия кәсіпорындары химиялық өндіріс, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуге әзір. Себебі, Қазақстанның осы аталған салалар бойынша әлеуеті мықты», деді М.Петерманс.
Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі де өз әріптесі секілді Қазақстан мен Армения арасындағы бүгінгі күнге дейін қалыптасып үлгерген саяси және экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін беруге мүдделі екенін жасырмады. Бұл орайда А.Саакян: «Армения мен Қазақстан ықпалдастығы ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және басқа да өңірлік және халықаралық ұйымдар негізінде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, Армения ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға ниет білдіріп отыр», деді.
А.Ничкасов Қазақстан мен Беларусьті ұзақмерзімді ынтымақтастық пен берік дипломатиялық қарым-қатынастар байланыстыратынына тоқталды. «Бұл қарым-қатынастар екі елге де жаңа экономикалық формацияны – Еуразиялық экономикалық одақты құруға мүмкіндік беретін болады. Бүгінде Қазақстан – ірі өңірлік орталықтармен және әлемдік державалармен жемісті дипломатиялық байланыс орнатудың үлгісін көрсетіп берген бірден-бір ел. Елдің дамуына қазақстандық экономика үлгісі де ықпал етуде», деді А.Ничкасов.
Д.Карвальо Қазақстан мен Бразилия арасында орнаған ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін жеткізді. «Жақында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Бразилияға жасаған сапарының нәтижесінде екі ел арасындағы инвестиция және сауда-саттық байланысты жандандыру және визасыз режімді енгізу бағытында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Екі елдің ұқсас тұсы көп. Мәселен, біздің мемлекеттер энергияны көп өндіреді. Оның үстіне, екі ел де табиғи ресурстарға өте бай. Бұған қоса, Бразилия Қазақстанмен қоршаған ортаны қорғау және ядролық қарусыздану бағыттары бойынша әріптестік орнатуға мүдделі», деді Д.Карвальо.
Ф.Этьен Қазақстан мен Францияның ынтымақтастығын стратегиялық тұрғыдан маңызды деп бағалады. «Қазақстан – 2008 жылдың маусымынан бері Францияның стратегиялық әріптесіне айналған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Біздің мемлекеттерімізді бірлік, мәдени саналуандылық, экономикалық жетістіктер секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Қос ел арасындағы қарым-қатынастың әлеуеті өте зор. Болашақта бұл үдеріс одан әрі жеделдей түседі деп ойлаймыз», деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі өз сөзінде.
Карлос Энрике Валдес де ла Консепсион да Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Куба арасындағы халықаралық ынтымақтастық өз жалғасын табатынына, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар нығая түсетініне сенім білдірді.
А.Әл-Мутаваа да Қазақстан мен Катар арасындағы байланыстар жөнінде ой бөлісті. Өз сөзінде елші қазіргі таңда екі елдің туризм, экономика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы байланыстары жақсы жолға қойылғанын атап өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».