Өрт сөндірушілер Алматы облысы, Қарасай ауданындағы жанып жатқан көпқабатты тұрғын үйден 25 адамды құтқарды. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады Egemen.kz
Ведомство хабарлағандай, сағат түнгі 00:24-те Қаскелең қаласының 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
Өрт сөндірушілер 25 адамды құтқарды. Зардап шеккен 5 тұрғын күйік алды, ал тағы 2-еуі өрт кезінде түтінтен уланған. Барлығы Қарасай ауданының ОАА мен Алматы стационарларына жатқызылды.
Өрт сағат 01:07-де сөндірілді. Қызыл жалын 15 шаршы метр аумақты алған. Өрт сөндіру кезінде Алматы облысы ТЖД-нің 33 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі қазіргі күні анықталып жатыр.