Абай. Зере анамыздың хакімге көрегендікпен қойған осы бір есімі – бүкіл қазақтың бойтұмары іспетті. Ұлы ойшылдың тереңнен тартқан әрбір сөзі ұлтымызды жамандықтан сақтап, абай болуға үндейтіндей. Жүрегінің түбіне терең бойлап, жұмбақ жанның астарлы бір ойының болса да кілтін таба білген оқырманға Абай әлемі – еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, бізді жеті түнде адастырмайтын темірқазық. Әркімнің өз Абайы бар: бірімізге – ақын, бірімізге – философ, бірімізге – композитор, бірімізге – көшбасшы, енді бірімізге – келешекті көре білген көріпкел... Бастысы иісі қазаққа, әсіресе заман дамып, жылдар жылжып, ғасыр озса да асыл сөзі замандасымыздың ойындай алдымыздан шыға келетін біртуар тұлғаны халыққа таныстырып жатудың өзі артық. Сөз басындағыдай атын атасақ жеткілікті. Жүрек сайрайды. Бұл да болса, Абайдың бізбен бірге мәңгі жасайтынына дәлел болса керек.
Өздеріңіз білетіндей, Абайдың әр толғамына ерекше мән беретін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл ел көлемінде аталып өтілетін Абайдың 175 жылдық мерейтойы 10 тамызға жоспарланған еді. Сонымен қатар осыдан ширек ғасыр бұрын ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Абайдың 150 жылдығы да осы күнге белгіленген-ді. Осыған орай, Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді. Баршаңызды осы бір атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!
Министрлік тарапынан және жалпы халықтың белсенділігімен Абайдың мерейтойы аясында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер атқарылды әрі әлі де атқарылып келеді. Ең маңыздысы ақынның 175 жылдығына қатысты барлық іс-шараларда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтылғандай, басты мақсатымыз ретінде той тойлау емес, ой толғау, ой-өрісімізді кеңейтуге аса ден қойып отырмыз. Бекітілген жалпыреспубликалық жоспардың барлық іс-шаралары идеологиялық және ағартушылық бағытты қамтиды. Мемлекет басшысы атап өткендей, мерейтойдың күн тәртібі тұжырымдамалық тұрғыдан елде және шетелде Абай тұлғасының жаһандық ауқымын кеңінен танымал етуге арналған идеологиялық-мазмұнды және сапалы іс-шараларды өткізуге негізделеді. Осыған дейін іске асырылып жатқан игі істердің бірқатарына, елеулі шараларға тоқталсам, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын толыққанды ғылыми-зерттеу орталығы етіп қайта құру тұжырымдамасы әзірленді. Абайды жан-жақты танытатын, хакімнің артында қалған мұралары сақталған музейлерді музеефикациялау, Шығыс Қазақстан облысындағы бас-аяғы 18 объектіде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Танымдық, идеологиялық тұрғыда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. «Абай академиясы» Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарда белгіленген «Абай мұрасы» және «Абай» интерактивті кешенін құру бойынша мемлекеттік тапсырыс негізіндегі екі жобаны іске асыруды ұйымдастырып, үйлестіреді. Бұдан бөлек балаларға, ересектерге, зерттеушілер мен жалпы ізденушілерге арнап 9 түрлі кітапты баспаға әзірлеуді, Абай төңірегінде түрлі танымдық сұхбаттар мен ғылыми материалдар дайындауды да аталған академия қолға алып отыр. Бұдан бөлек жазушы-драматург, абайтанушы Роллан Сейсенбаев Абайдың 10 томдығын шығарды. Негізі министрліктің қолдауымен басылып, әлі де жарыққа шығаруға әзірленіп жатқан Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық, тағылымдық кітаптардың қатары көп.
Абайдың өзі де, сөзі де – қазақтың бет-бейнесі. Сол себепті оның шығармашылығын елде ғана емес, шетелдерде де насихаттауымыз керек. Бұл ретте ақын-жазушыларымыздың еңбегі ұшан теңіз. Абайдың шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылды, қазір де тәржімалау жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсаттағы жұмыстар жемісін бере бастады. Айталық, 2019 жылы 30 қарашада Ош қаласында өтетін ТҮРКСОЙ Мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің отырысында ТҮРКСОЙ шеңберінде 2020 жыл – «Абай жылы» деп бекітілді. Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылы 27 қаңтарда Чехияның Ұлттық кітапханасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған мәдени-ақпараттық орталық ашып, онда Абайдың электронды форматтағы мұрасына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бөлінген екі аудитория қызмет көрсетуде. Сондай-ақ Будапешт қаласындағы Сечени атындағы Ұлттық кітапханасында және Братислава қаласындағы Ян Амос Коменский атындағы университет кітапханасында «Абай оқулары», көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Ал енді қазір атқарылып жатқан жұмыстардың ішіндегі елеулісі ретінде Абайдың толық шығармаларын 10 түрлі шет тіліне (француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай және түрік, жапон, неміс, италиян тілдері) аударып, 3 мың данадан кем емес таралыммен басып шығаруды атап өтуге болады. Қазіргі таңда Абай Құнанбайұлының толық шығармалар жинағын аудару жұмыстары аяқталып, редакцияланып жатыр. Сондай-ақ биылғы қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Абай мерейтойының халықаралық тұсаукесерін өткізу жоспарланған болатын. Алайда әлемдегі ахуалға байланысты бұл шараның өткізілу форматы өзгеруі мүмкін. Абайдың шығармашылығын кең көлемде насихаттау мақсатында «ABAI world challenge» шарасын бастамақпыз, алдағы уақытта бұл бастамамызға Абайдың шетелдік оқырмандары, шекараның сыртындағы руханияттың жанашырлары атсалысады деп сенеміз.
Ведомствоға қарасты барлық мекемелерде Абайдың 175 жылдығына арналған жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса аталған жалпыреспубликалық жоспардың 4-тармағына сәйкес, еліміздегі ірі қалалар мен облыстардың әкімдіктері тарапынан мерекелеудің өңірлік жоспарлары әзірленіп, бекітіліп, жоспарға сай іс-шаралар өткізіліп келеді.
Айта кету керек, елдегі орын алған жағдайды ескере отырып Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар, соның ішінде конкурстар, ғылыми конференциялар мен семинарлар, дебаттар, музей мен кітапханаға экскурсиялар, концерттер және т.б. онлайн форматқа көшірілді. Сонымен қатар мәдени танымдық шаралар онлайн форматқа ауыстырылды, оның аясында республикалық, облыстық, өңірлік деңгейдегі мыңнан аса білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шаралар жоспарланған.
Ұлы Абайдың есімін ұлықтау мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде білім, мәдениет мекемелері, көшелер мен даңғылдар аталған тұлғаның есімімен аталады. Жыл басында Семей қаласындағы әуежайға Абай Құнанбайұлының есімі берілгенін білесіздер.
«Ғылымды іздеп, дүниені көздеп», ұлтының болашағына алаңдап өткен ұлы тұлғаның бүгінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Ал ақын мерейтойы оның есімін асқақтату, шығармашылығына терең бойлап, асыл сөзін сіңіру, жаңа ұрпаққа өсиетін жеткізу жолындағы қадамдардың бірі. Сондықтан бұл бір жылдың аясында атқарылумен шектелмейді. Жалпы ұлтымыздың бір есіміндей, қазақпен «аттас» Абайдың атын, абыройын асқақтатуды көздейтін жұмыстар жалғасын таба бермек.
Қазақ үшін Абай – дара, Абай – дана! Бір кезде ұлт қамын жеген ұлы перзенттің есімі бүгінде туған халқымен егіз ұғымға айналып кетті. Абай десе қазақ, қазақ дегенде Абайдың аты қатар аталатыны сөзіме дәлел. Сондықтан ұлы ақынның туған күнінде, жаңа мемлекеттік мерекемізді пайдалана отырып барша қазақстандықтарды Абай күнімен тағы да құттықтаймын! Абай көксеген биік дәрежеде болайық, «бірімізді біріміз дос көріп» ісіміз ілгеріге бассын. Өсіп-өркендей берейік.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт министрі