• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 10 Тамыз, 2020

«Ызғар» бәйге алған күн

569 рет
көрсетілді

1995 жылдың 11 тамызы еді. Әлемдік ақыл-ойдың биігіне шыққан Абайдың 150 жылдығына арналған шаралар Семей жерінде түйінделіп, ЮНЕСКО шеңберінде өткен тойдың соңы ат бәйгесіне ұласқан сәт. Ұлан-асыр той құрметіне арналған кіші аламанда Сыр бойының «Ызғары» 136 аттың ішінде алдына қара салмай келіп, иесі Орынбай Ахметұлы Шиеліге бас бәйгеге тігілген КамАЗ көлігін мініп қайтқан еді.

Сырдағы дәмелі жүйріктердің біразын баптаған Орекең сол туған жерінен табан ажыратқан жоқ. Әлі сол Шиелінің Алға­басында тұрып келеді. Әлі де сол бәйгеге шабатын тұқым алу­дың қамымен жүр.

– Хакім Абайдың 150 жыл­дығы тәуел­сіздіктің алғашқы жылда­рын­дағы үлкен тойдың бірі болды ғой. Көше-көше болып тігілген киіз үйлер, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде айтылып жатқан хабарландырулар әр елден өкіл жиналған салтанаттың мерейін асырып тұрғандай еді. Біз «Ызғарды» құнан бәйгеге қосамыз деп апарғанбыз. Сөйтсек бұл өңірде ондай бәйге жоқ екен. Сонша жерден келгенде меселі қайтып қалмасын деп, аттар жасына қарамай араласа шабатын 20 шақырымдық кіші ала­манға қостық, – дейді Орынбай Ахметұлы.

 «Көрмеген жердің ой-шұқыры көп» деген ғой. Бәйге ұйымдастырылған жер тастақ­тау екен. Ал Шиелінің құм­дауыт топы­рағын кешіп жүрген «Ыз­ғар» тағалан­­баған еді. Соған қара­мастан барын салып, өзге аттардан арқан бойы алда келген жүйріктің тас жеп тастаған төрт тұяғы­нан қан сорғалап кетіпті. Бауырлас Татар­стан елінің сол тұстағы президенті Мин­­тимер Шәймиевтің жүйрік иесіне жүл­де та­быс­тағаны естен кетпес сәттің бірі болды.

Сол бәйгеден кейін атағы Қазақ­­станның әр түкпіріне тараған «Ызғар­дың» шабандозы Абат Ерзақов деген бала еді. Қазір балалы-шағалы бір үйдің отағасына айналған Абат Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін көрінеді.

Бас бәйгеге тігілген КамАЗ көлігін жиыр­ма жылдай қызығына жаратыпты. Ба­лалар есейіп, жұмысқа тұрғасын көлік те сатылып кетті.

Орекең кейін де біраз ат баптады. Елорданың бір жылдығына арналған бәйгеде «Сандуғашы» қарақшыға ал­ғашқы болып жетіп, иесіне ГАЗ-3110 көлігін мінгізді. «Кагор», «Айбек», «Құн­дыз» атты тұлпарларының да жерге қаратқан кезі жоқ. Бірақ Абай тойында алапатын асырған «Ызғардай» қайдан болсын...

Одан бері де талай уақыт өтіпті-ау. Ертең «Ызғардың» жүздеген жүйріктен қара үзіп келіп, бәйгелі болғанына 25 жыл толады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА