Абайдың өлмейтін, өшпейтін өлеңдеріне қоса, қарасөздерінің өзі бөлек бір әлем, құнды қазына. Өзге емес ең алдымен өзінің қазағына қарата айтылған бұл жазбалардың тәлімдік-тағылымдық рөлі мен ықпалы өте жоғары. Абай заманы мен данышпан өмір сүрген ортадан бізді ғасырдан артық уақыт бөліп жатса да, оның қарасөздерінде айтылған ойлар мен тұжырымдар мәні мен маңызын жойған жоқ.
Бұдан бұрын Абайдың қарасөздерін тұрғындар жаяу серуендейтін арбаттар мен көшелерге іліп, орнатып қойса ғой, шіркін, әр қазаққа ой салар еді, сөйтіп «жаман әдеттен жирендірер» еді деген ойлар да келетін. Іс басында жүрген ақтөбелік азаматтар осы ойымызды оқып қойғандай көрінді.
Мәселенің мәнісі мынада. Абай даңғылы Ақтөбе қаласының қақ ортасында орналасқан. Ені кең пішілген келісті көшенің екі жақ қапталы жеңіл автокөлік қозғалысына лайықталса, мұндағы ат шаптырым арбаттың ортаңғы бөлігі жаяу жүргіншілер серуендеп дем алатын орын ретінде жасақталған. Мұндағы гүлзарлар мен аспанға шапшыған су бұрқақтар, мемлекеттік рәсімдерге арналып тұрғызылған тұғыр көше келбетін көріктендіре түскені кәміл.
Ал таяуда Абай даңғылының бойынан Абайдың қарасөздері өрнектеліп жазылған тақталар қаз-қатар бой түзеді. Бүгінде ұлттың бойтұмарына айналған данагөйдің бірінші қарасөзі жазылып, орнатылған тұста оның ескерткіші де ашылмақ. Бұл рәсім тамыз айының соңғы аптасына белгіленген. Ұлы ақынның өзі айтқандай «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» дегеніміз сірә осындай-ақ болатын шығар.
АҚТӨБЕ