• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2013

ЭКСПО-2017: Эмблема бар. Эскиз бекіді. Іске сәт!

660 рет
көрсетілді

Кеше Астанада ЭКСПО-2017 көрме кешенінің үздік эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурсының қорытындысы жарияланды.

 

Кеше Астанада ЭКСПО-2017 көрме кешенінің үздік эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурсының қорытындысы жарияланды.

Америкалық жоба жеңімпаз атанды. Естеріңізде болса, осыдан бір аптадай бұрын, яғни 16 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық және оны өткізу мәселелері жөнінде кеңес өтіп, онда көрме кешенінің архитектуралық эскизі мақұлданған болатын. Ал кешегі баспасөз мәслихатында бәйгеде бәсі биік болып, бағы жанған Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының архитектуралық эскизі таныстырылды. Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының сәулетшілері ЭКСПО нысандарының орналасуы және ауданы бойынша алдын ала мәліметтерді ұсынып, эскиз-жобада орналасқан көрме аумағындағы негізгі павильондарды жеке-жеке әңгімеледі.

ЭКСПО өтетін алаңның жал­пы аумағы – 173,4 гектарды құрайтыны бұған дейін де айтылған болатын. Оның ішінде 25 гектары көрме кешенінің өзіне тиесілі болса, 148 гектар аумақта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар, жолдар орналасады. Көрме павильондарының болжамды ауданы – 118620, ал қызмет көрсету аймақтары – 95 400 шаршы метрді құрайды деп белгіленіп отыр. Сондай-ақ, тұрғын үй алаңы – 586 465 шаршы метр. ЭКСПО қалашығын құру Есіл ауданында, Қабанбай батыр, Хусеин бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелері мен даңғылдарының тоғысында орналасады деп жоспарланған.

Қазақстан павильоны киіз үйге ұқсайды. Кеше таныс­ты­рылған архитектуралық эскизде көзге ерекше түскені дәл ортасында орналасқан шар тектес айрықша нысан болды. Бұл – ЭКСПО қалашығындағы Қазақстан павильоны. ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы болып табылатын іші бірнеше қабаттан тұратын, шар тектес нысанның ауданы 24000 шаршы метрді құрайды екен. Павильон дизайны «Заманауи киіз үйге» ұқсас жасалған. Бұл жоба дәстүрлі қазақ архитектурасының жаһандық өркениетке ұласқан заманауи келбетін паш етеді дейді сарапшылар. Бұл эскиз-жоба­ның авторы – Адриан Смит бастаған АҚШ сәулетшілері тобы. Амери­калық авторлар өздерінің негізгі ойын дәстүрлі киіз үйдің отбасы көлеміне ауқымдалған кішірек тұжырымдамасын бүкіл қоғам көлеміне жауап беретін үлкен заманауи киіз үйге ұластыра отырып беруге тырысыпты. Авторлардың көзқарасы бойынша, осы эскиз-жоба қазақтың ұлттық дәстүрлерін «Үшінші өнеркәсіптік революция» және «Болашақтың энергиясы» принциптерімен байланыстырады.

Қазақстан Елтаңбасы негізін­дегі заманауи киіз үйдің шаңырағы аспан аясындағы күмбез ретінде айналаға сәуле шашады. Авторлар идеясы бойынша, аталған шар тектес нысан – Үшінші өнеркәсіптік дәуірдің бірінші қаласы. Атал­мыш эскиз-идеяның негізгі тұжы­рымдамасы бойынша бұл болашақ қалалардың үлгісі болумен қатар, ол жаңғыртылған электр қуатын дамыту және тарату орталығы болмақ. Ал бұл заманауи технологияларды ашатын зертханалар болашақ ұрпақ игілігіне айналмақ.

Эскизден одан әрі өз орындарын тапқан нысандар «Энергия әлемі», «Тіршілік үшін энергия», «Қолжетімді энергия», «Менің болашақ энергиям» тақырыптық павильондарының аумағы нақты құрылыста шамамен әрбіреуі 4000 шаршы метрден, жалпы аумағы 16000 шаршы метрді алады екен.

ЭКСПО-2017 көрмесіне жүзден астам қатысушы елдер өз павильон­дарын ұсынбақ. Ондай халықаралық павильондардың әрбіреуіне 95000 шаршы метр­ден орын тиеді деп жоспарлануда. Ал өнер орталығы 14 000 шаршы метр аумақта орналасады. Архитектуралық сызбадан айта кетер­лік тағы бір ерекше нысан – өнер орталығы. Бұл  – ЭКСПО-2017 мәдени ойын-сауық бағдарламасы үшін арнайы жасалатын алаң. Орталық барлық жастағы келушілер үшін ыңғайлы, ашық, әмбебап кеңістікте болады. Одан кейін корпоративтік павильондар бар. Бұл дегеніміз – көрме демеушілері мен серіктестерінің коммерциялық павильондары, оның ауданы 9 000 шаршы метрді құрайды. Тағы бір тоқталатынымыз – үздік тәжірибелер аймағы (Energy Best Practices Area). Бұл жерде баламалы энергияны қолданудың үздік мысалдары ұсынылады. Ол 3 500 шаршы метр ауданда орналасады деп көзделуде. Одан өзге аумағы 42000 шаршы метрді алып жататын конгресс-орталық, яғни конгрестер, конференциялар және форумдар өткізуге арналған аймақ болмақ. Көрмеге жанасатын аумақта – ЭКСПО нысан­дарындағы саябақтар (оның көлемі – 72 000 шаршы метр), ЭКСПО қалашықтағы саябақтар (оның көлемі – 313 000 шаршы метр), жасыл буфер (оның аумағы 175 000 шаршы метр), орналасады. Оған қоса 10 мың орынға арналған көлік тұрағы тағы бар.

Архитектуралық конкурс жеңім­паз­дарының жобасы бойынша ЭКСПО көрмесінің келушілері тұтынатын қуаттың көбісі жаңар­тыл­малы энергия көздерінен алынады. Ал ғимараттарда күн жә­не жел энергиясын қолданатын энер­гия қондырғыларын орнату ұсыны­лады.

Жоба құны әзірше белгісіз. Жеңім­пазды жариялаған кешегі баспасөз мәслихатына Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қап­паров, ЭКСПО-2017 көрме­сі­нің Комиссары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбаса­ры Рәпіл Жошыбаев, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев және ше­телдік қонақтар – әйгі­лі амери­калық экономист, «Үшін­ші ин­дустриялық революция» еңбегінің авторы Джереми Рифкин және жеңімпаз Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының серіктесі Роберт Форест қатысқан болатын.

ЭКСПО-2017 шарасының эс­киз-жобасының байқауына 105 үмiткер-компания қатысты. Бай­қау­дың техникалық кеңесi ең үздiк 10 жобаны iрiктеп алды. Оның iшiнен қазылар алқасы шешімімен америкалық компания Adrian Smith+Gordon Gill Architecture жеңiмпаз деп танылды. Аталған архитекторлық компания Дубайдағы әлемнiң ең биiк ғимараты – Бурж Халифаның жобасын жасаған. Қазiргi уақытта бұл компания Қытайда жасыл технологияларға негiзделген тұр­ғын үйлердi салуда. Сондықтан техникалық және сәулеттiк жағы­нан озық деп танылған, деп атап өттi өз сөзінде Т.Ермегияев.

Оның айтуынша, ол әлемнің көптеген дамыған елдерінде ғима­рат­тар мен «жасыл» технология­ны қолданып кешендер салуда тәжірибесі мол компания. Ал жеңімпаз жобаның жалпы құны туралы мәлімет әзірше жоқтың қасы. Бұл туралы журналистердің сұрағына «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ-тың басшысы «жоба құны туралы біз әзірге ештеңе айта алмаймыз. Техникалық-эко­номикалық негіздеме жұмысын бастады. Менің ойымша, алды­мыздағы жылдың қаңтар айында жобаның құны белгілі болады», деп жауап берді.

Т.Ермегияев атап өткендей, ЭКСПО-2017 алаңы Үшінші ин­дустриялық революцияның  бес тірегін іске асыратын орынға айналады. Сондай-ақ, ол көрменің құрылыс нысандарының басталуына байланысты да ақпараттармен бөлісті.

Қазiргi уақытта көрме кеше­нiнiң тiркеу құжаттамасын бiз мемлекеттiк органдарға жолдадық. Мен білетін ақпарат бойынша, ол Президент Әкiмшiлiгiнде қаралуда. Одан кейiн, 29 қазанда мемлекеттiк комиссияның мақұлдауына жiбе­рiледi. Бұдан соң бiз оны Халық­аралық көрмелер бюросына таныс­тыратын боламыз. ЭКСПО көрме кешенiн салып бiтiруге үлгеремiз. 2016 жылы құрылысты аяқтауға тиiспiз. Көрменiң басталуына жарты жыл қалғанда оны iске қосып, сынақтан өткiзуiмiз қажет, деді Т.Ермегияев.

Құрылысқа уақыт жетеді. Ал алты ай қысы бар біздің Аста­нада құрылыс жұмыстарына айтар­лықтай кедергілер де туындауы мүмкін. Осы ретте Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппа­ровты журналистер қауымы әңгі­меге тартып, пікірін білген едік.

Мұндай жоғары деңгейлі жобаны жүзеге асыру барысында, әрине, қиындықтар кездеседі, алайда оның шешілу жолдары бар. Проблеманың бірі қыс мезгілі болып отыр. Қыста құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды, сондай-ақ павильондардың ішінде не орналасады – біз соны анықтап алуымыз керек. Болашақта энергияны қалай үнемдеуге болатыны турасында бір оқиға айтатындай, қандай да бір жабдық қоюымыз қажет. Екі тақырыптық павильон бар, олар – энергияның тиімділігіне қатысты және көмір­тегі зиянын төмендету жайында. Мәселе, осы екі тақырыптың қайсысын жұртшылықтың назарына ұсынатынымызда болып отыр. Қазақстан қалай және қандай саланы көрсететін болады? Осының бәрін ойластырып, көрсетуге біз­дің 4 жыл уақытымыз бар, дейді Н.Қаппаров.

Конкурстың техникалық кеңе­сінің төрағасы Д.Рифкиннің мә­лімдеуінше, Adrian Smith+Gordon Gill Architecture жобасы тұрақты даму және архитектуралық-көркемдік көрініс тұрғысынан да, оны «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін өткізгеннен кейін одан әрі қолдану тұрғысынан да ең тиім­ді болып табылады. Бұл пікір­ді «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясының бас сәулет­шісі Айдар Марат та құп­тап отыр. Оның айтуынша, көрме­­ден кейін ЭКСПО-2017 кеше­ні­нің ғимараттарын пайдала­ну­ға берумен байланысты мақсат­тар бізде өте көп. Бұл ғимарат­тарға министрліктер, білім беру ұйымдары, Назарбаев Универ­си­тетінің бір бөлігі, зертханалар, арнайы зерттеу орындары кө­шуі мүмкін. Студенттер мен оқы­ту­шыларға арналған баспана, ба­ла­бақшалар мен мектептер осында орналасатын болады. Ке­шен өзіндік бір инновациялық-тех­но­ло­гиялық паркке айналуы қажет, деді Айдар Марат.

Жоба артықшылықтары көр­мені өткізгеннен кейін барлық нысандарды өзгертуге, бөлшектеуге не­месе профилін өзгертуге бола­ты­нында, яғни ғимараттарды бұзу­дың қажеті жоқ. Жалпы, негіз­гі жоспар мен ғимараттар эколо­гиялық, экономикалық және әлеу­меттік тұрақты дизайн қағида­ларын қолданумен жобаланды. ЭКСПО-2017 нысандарының айқын архитектуралық бейнесі бірегей болып табылады және ол Қазақстан үшін зор артықшылыққа ие, ең бастысы, жоба біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де мұра ретінде қалады.

Шар түріндегі әлемдегі ең үлкен ғимарат болады. Көрме кешенінің эскиз-жобасын жаса­ған Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының серіктесі Р.Форест ЭКСПО-2017 көрме кешенінің орталық ғима­раты әлемде сфера (шар) түрін­дегі ең үлкен ғимарат болады деп бағалап отыр. Үш қабатты ғимараттың диаметрі 150 метрге дейін жетеді екен. «Бұл табиғатта ең көп таралған форма, оның ма­те­риалдық бөлінісі тиімді әрі құры­лымдық тиімділігі де жоғары» дейді сәулетші. Қазақстандық па­вильонның эскизі табиғаттан үлгі алуға әрі болашақ экологиялық дизайнды қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Оның айтуынша, Қазақстан ұсынған павильон ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін де елі­міздің жаңа идеялар мен жетістік­терінің көрмесі ретінде қала бермек.

Ал Джереми Рифкин аталған шар тектес Қазақстан павильоны, ЭКСПО-2017 биосфералық орталығын «Елбасы» деп атауға ұсыныс жасады.

Биосфера ЭКСПО-ның орта­лығы болады, мен бұл биосфераны Назарбаевтың ғылыми зерт­теу­лерімен атауды ұсындым. Сіз­дер­де «Елбасы» деген термин қалып­тасқан, бұл сфера Елбасының құр­метіне аталуы мүмкін. Ол жаңа адамзат нәсілінің символына ай­на­лады деуге негіз бар, мұн­да бар­лық адамзат бірігетін қауым­дас­­тық пайда болады және біз әлем­дегі осы ғаламшарда бір-біріміз­бен үйлесімде өмір сүреміз – ол болашаққа ғажайып саяхат болар еді, деді Д.Рифкин.

Осылайша Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сінің негізгі сәулеті анықталды. Жеті рет ойланып, бір рет кесілген көрменің «көйлегі» пішіліп, нақты нобайы белгілі болды. Көз алдымызға көрінісі шықты. Енді оны жоғарыда аталған жеңімпаз компаниямен бірлесе отырып, ойдағыдай тұрғыда орналастырып, құрылысын жүргізу қалды.

Қазақ елі тәуелсіздігін алған­нан бері қуатты мемлекет ретін­де қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды. Ал ЭКСПО көрмесін өткізу – беделімізді асқақтатар тағы бір осындай үлкен шара болмақ. Әрине, төрткүл дүние көз тіккен халықаралық шараны абыроймен өткізу біз үшін зор мақтаныш, биік белес екені сөзсіз. Ендеше, осы ұлы шараны ұялмай өткізер күнге жеткенше асықпыз.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар