Аталған шара "Birgemiz: Taza Alem" жалпыұлттық жобасы аясында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Плоггинг форматындағы сенбілікте еріктілер мен экобелсенділер Сарыоба көлі маңын қоқыстан тазартты. Қоқысты сұрыптау үшін волонтерлерге арнайы 2 түсті қап берілді: ақ қапқа сұрыпталатын, яғни пластик, шыны, алюминий және макулатура жиналынды; ал жасыл қапқа қалған сұрыпталмайтын қоқыс жиналынды. Сенбіліктің соңында жиналған қоқыс арнайы көлікпен сұрыпталуға жіберілді.
"Экосенбілік деген жай ғана сенбілік емес, ең басты қағидасы – жинаған қоқысты сұрыптау. Барлығы 20 қап қайта өңделмейтін қалдықтар мен 7 қап қатты қалдықтар жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы алғанда, біз жағалау бойынан 2,5 шақырымға жуық аумақты тазарттық", -деді "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова.
Айта кетейік, тазалаудан басқа, еріктілер барлық тұрғындарды санитарлық нормаларды сақтауға, қоқысты жинап жүруге және тазалық сақтауға шақырды. Іс-шара "Birgemiz: Taza Alem" жалпыұлттық жобасы аясында өткізілді.