• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Абай 11 Тамыз, 2020

Ұлылықты ұлықтаудың ұстанымы

425 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы абайтану ілімінің ғана емес, қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне арналған.  Мақалада Абайды тану – барға бас шұлғып, ат басын тежеу емес, кез келген ғылым саласы сияқты оның да үнемі жаңа деректермен, соны пікірлермен толықтырылып отырылуы күтулі заңдылық екені айқын көрсетілген. Абай әлемі – тұтас бір дәуірді қамтитын рухани мұра болса, Абайды тану – белгіліден белгісізге қарай үздіксіз, үзіліссіз сатылап дамитын үдеріс. Ғылым тек қана күдіктен тумақ, тың ізденістерге жол ашпақ.

Президентіздің «Өкінішке қарай Абай айт­қан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз» деген пікірінде заман шындығы жатыр. Сол «бес дұшпаннан» бізді алыстатар «бес асыл істі» де Абай хакім ұсынып отыр.   «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» ойлап адам болу үшін, «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Ұлы Хакім қара сөздерінде де «ғылым деген не? ғалым деген кім?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Ал біз болсақ, сол ғылымды таза тұралаттық, оны короновирус індеті көрсетті және дәлелдеді.   Ғылым жасар біраз ғалым «ұры» болып кетті, енді біразы «жынды» атанды.  Сондықтан Қ.Ж.Тоқаев жазып отырған: «Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді.   Ең алдымен, білім игеру. Біз бү­кіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. За­ман талабына сай білім алу интел­лек­туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сон­дықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет», - деген пікірі өте көкейкесті мәселелерден туындап отыр.

Бұған қоса «Алдағы уақытта гуманитарлық пән­дер­дің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абай­тану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абай­та­ну» оқулығы мен хрестоматиясын әзір­леу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс» деген жаңашыл бастама да көңілге қонады. Себебі, М.Әуезов бастап М.Мырзахметов және тағы басқалары жалғастырған «Абайтану» курсы бойынша шыққан кітаптар қаптап кетті. Орта мектептің жоғарғы сыныптары мен ЖОО-дарында жүргізілетін «Абайтану» пәніне арналған 20-дан астам оқулық пен оқу құралдары шықты. Олардың басты кемшілігі – авторлар Абайды танытуды емес, абайтанушыларды танытуға бағыт алып кетті. «Осы мен Абай ұлылығының бір мысқалына тұрамын ба өзі» демейтін «жалған абайтанушылардан» құтылатын уақыт жетті. Президент тапсырмасымен шығатын жаңаша жаһаттағы «Абай­та­ну» оқулығы мен хрестоматиясын жазып шығаруда осы ағаттық  ескерілсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Жандос Смағұл

Филология ғылымдарының докторы, академик Е.А. Бөкетов атындағы

Қарағанды университетінің профессоры