Жуырда қазақ тіліндегі сапалы кітаптарды сататын akel.kz интернет-дүкеннің қызметі іске қосылды. Жазушы, кәсіпкер Арман Әлменбеттің төл жобасы тек қазақтілді аудиторияны қамтуымен ерекше деуге болады. Ең қолайлысы, үйде отырып аталған сайт арқылы қалаған кітабыңызға тапсырыс берсеңіз, кітап үйіңізге өз аяғымен келеді.
Таңдаулы кітаптарды сататын тамаша дүкенде қазіргі таңда отыздан артық бестселлер бар. Онлайн-сөрелерде қарағандылық кәсіпкер, «Нәтиже» сүт компаниясының басшысы Ерлан Әшімнің қолдауымен жарық көріп жатқан кітаптарды да тауып алуға болады. Атап айтсақ Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Д.Исабековтің «Гауһартас», М.Булгаковтың «Ит жүрегі» т.б. кітаптары жаңа дүкеннің ішін сәнге бөлеп тұр.
Бұл ретте М. Булгаковтың «Ит жүрегі» кітабы жазушы, ғалым Кенжебай Ахметовтің аудармасымен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көріп отырғанын айта кеткен жөн. «Болашақта ғылыми кітаптардың осы онлайн-сөреден табылуына күш саламыз. Ғалымдар өз еңбектерін жазуын жазады, бірақ оның таралуына, оқырманға жетуіне жұмыс істелмей қалады. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Кітапан бөлек пайдалы видео-сабақтар да осы дүкен арқылы сатылымға шығады. Жыл соңына дейін 100-200 кітаппен толығамыз», дейді дүкен иесі А.Әлменбет.
«Akel.kz» аз ғана уақыттың ішінде тұтынушыларынан тамаша тілек те жинап үлгерген. «Сайт өте ыңғайлы, қыздың жиған жүгіндей. Қызметі де өте жеңіл, түсінікті. Кіріп көрсеңіздер болады. Дәл қазір кітапқа, руханиятқа жаны ашитын азаматтар жарыса жарнамалап, қолдауы тиіс бір нәрсе болса, ол – akel.kz интернет-дүкені дер едік.
Бұл дүкен интернет кеңістікте олқы соғып тұрған бос орынды нағыз қажет уақытында толтырды. Енді оны аяғынан тұрғызуға атсалысу біздің міндет», дейді кітапсүйер көпшілік.
Рухани шөліркеген қауымға таптырмайтын тамаша ресурс. Міне, қазақтілді кітап нарығы осылай қанат жайып келеді.