• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2020

Шығыстың киелі жерлері

9189 рет
көрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­ма­сы аясында ел кө­лемінде «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Облыста «Шығыс Қазақстанның киелі орындар картасы» әзірленген болатын. Бүгін өңіріміздегі киелі мекендер жайында сөз қозғамақпыз.

 

Ақбауыр

Көне ғасырлар көшінен сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштер біздің облыста жетерлік. Солардың бірі де бірегейі – алты мыңжылдық тарихы бар, неолит дәуіріне жататын археологиялық кешен Ақбауыр. Әлі күнге зерттеліп біт­пе­ген құнды жәдігердің ерекшелігі сол, әр тасының беті ежелгі таңбалар мен суреттерге тұнып тұр.

Ақбауыр облыс орталығынан 30 ша­қы­рым жерде, Ұлан ауданы аумағында орналасқан. Біздің заманымызға дейін­гі 3-5 мыңжылдықта өмір сүрген адам­дар­дың қолымен жазылған петроглифтер жер бетінде сирек кездесетін жосамен таңбаланғандықтан мұндай ескерткіш әлемде екеу ғана деседі ғалымдар. Тас­қа түскен бұғы мен жылқының, арба мен соқаның бейнелері сол кезеңдегі адам­д­ардың тұрмыс-тіршілігінен, өмір сал­тынан хабар беріп, жер игеруді кә­сіп еткендігін аңғартады. Теңдесі жоқ Ақбауыр табиғи ескерткіш-гротын ға­лымдар ХХ ғасырдың 70-інші жылдары анықтаған-ды. Кейіннен 90-ыншы жылдары өскемендік ақын Евгений Курдаков алғашқылардың бірі болып жұмбағы мол тау-тасты өз бетінше зерттеуге кіріседі. Ақбауыр жайында Николай Топольняк дей­тін әуесқой зерттеуші фильм де түсір­ген. Автордың айтуынша, тастағы таң­баларды ғалымдар көне күнтізбе, астро­логиялық бақылау жүргізу орны деп есептейді екен.

 

Шілікті

Зайсан көлінен жүз шақырым жерде, оңтүстік-батысында – Тарбағатай, шығысында – Сауыр-Сайқан, солтүстікте – Маңырақ таулары қоршаған, ұзындығы 80 шақырым, ені 30 шақырымға созылып жат­қан үлкен алқап бар. Шілікті жа­зы­ғы деп аталады. Бұл жазықта тарихи ескерткіштер мен сақтардың көсем­де­рі көмілген обалар бар.

Шіліктідегі елді елең еткізген ерек­­ше ескерткіш, үшінші «Алтын адам» 2003 жылы табылғаны белгілі. Ал­тын­­мен әдіптелген киімімен бірге жер­лен­ген сақ патшасының сүйегін архео­лог Әбдеш Төлеубаев бастаған зерт­теу тобы Бәйгетөбе атты обадан анық­та­ған-ды. Оның жерлеу мерзімі біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасырға жатады. Демек, Есіктегі «Алтын адамнан» 400 жасқа үлкен. Қазба жұмыстары барысында 4 мыңнан астам алтын бұ­йым­дар шыққан болатын. Былтыр облыс әкі­мінің қолдауымен Шілікті қорғаны фи­лиал ретінде «Берел» қорық-музейіне қо­сылды.

 

Берел

1865 жылы Вильгельм Радлов Берел ескерткішін зерттеп, «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын. Арада 100 жыл өткеннен кейін Берел қорымына ресейлік Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Бүгінде Берел десе, белгілі археолог Зейнолла Самашев есімін құрметпен атаймыз. Ғалым Берел қорымына 1998 жылы қазба жұмыстарын жүргізіп, «патшалық оба» кезеңін зерттеу барысында №11 нысаннан алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапқаны белгілі. Бұл отандық археологияда сенсацияға баланды.

2008 жылы «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ашылды. 2016 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен құнды жә­дігер­лерді келушілердің көруіне мүм­кін­дік жасау үшін 11 қорғанның үсті­нен шынылы шатыр тұрғызылды. Қат­ты шыныдан жасалған жабық кешен аумағы – 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан тереңдіктен бастап 8,5 метрді құрайды. Бүгінде Берел қоры­мын көруге келетін туристер қатары қалың.

 

Жидебай

Тарихи деректерге жүгінсек, «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының филиалы ретінде 1945 жылы (бір деректерде 1940 жыл деп жазылып жүр) құрылған. Ақынның 100 жылдық мерейтойы кезінде ұлы тұлғаның мекен еткен қыстауы мұражай-үйіне айналып, 1970 жылы (125 жылдық мерейтой қарсаңында) мұражайға жаңарту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі атауы 1990 жылы ақынның 145 жылдық мерейтойы кезінде берілген. Мұражай құрамына бірнеше құнды тарихи ескерткіштер мен шағын мұражайлар енеді. Олар – Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы, Ахмет Риза медресесі, Абай ауданының аумағындағы Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражайы, 1997 жылы ашылған Көкбай Жанатаевтың мұражайы, 2003 жылы Құндызды ауылында ашылған Шәкір Әбеновтің мұражайы, Үржар ауданындағы Әсет Найманбаевтың мұражайы, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираты, «Абай – Шәкәрім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Мұсақұлдың қыстауы, «Оспан көлі», Кеңгірбай бидің зираты осы қорықтың құзырында. Аумағы 6400 гектарға жетіп жығылатын қорық аймағына жалпы 16 нысан кіреді. Мұнда ұзын-саны 18 255-ке жуық бағалы заттар мен 300-ден астам жәдігерлер сақталған.

 

Қоңыр әулие үңгірі

Абай ауданы Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгіме көп. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Шаған шайқасы осы үңгірдің маңында өткені тарихтан мәлім. Алаштың алапатын асырған Абылай хан әйгілі Қабанбай батырға «Дарабоз» атағын осы жерде берген деген деректер де бар. Бұл туралы «Абай жолы» романында жазылған.

Бұл үңгірде ұлы Абай да болған. Тіпті қолтаңбасын қалдырған деген деректер де бар. Үңгірдің қай заманнан бері Қоңыр әулие атанғанын нақты ешкім білмейді. Білетініміз, Қоңыр әулие үңгірінің ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылады, үңгір ішіндегі көлдің ең терең жері 5 метрге дейін барады. Бір ғажабы, үңгірдегі көл суының температурасы (4 градус) қысы-жазы өзгермейді. Ал үңгірдің ішіндегі температура +7. Қысы-жазы.

Қоңыр әулие үңгіріне келетіндердің бір тобы қызығушылықпен, екінші бір тобы іштей бір сеніммен емделуге келеді. Қоңыр әулие үңгірі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындар картасына» енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған болатын. Осы жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен үңгір іші толық абаттандырылып, іші жарықтандырылып, келушілерге тиісті жағдай жасалды. Қазір қасиетті мекен Абай аудандық Мәдениет үйінің қарауында.

 

Ырғызбай әулие кесенесі

Кесене Тарбағатайдың теріскейіндегі кең жазықта жатқан Күмісті жайлауында орын тепкен. Ел аузында «Ырғызбай әулие» атанған баба 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған. Қайтыс боларының алдында «Мені осы құба белге жерлеңдер, зиратымды көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» деп өсиет қалдырған екен.

Құнанбайды ауыр дерттен жазып алған атақты тәуіп туралы халық жадында жатталған жақсы лебіз, тылсымға толы әңгіме мол. Ырғызбай – өзі молда, өзі тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Тарбағатай тауларында өсетін алтынтамыр, ермен, жалбыз, бірсалар іспетті елу түрлі шөптен дәрілер жасаған. Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, ешкім ота жасамайтын заманда адамдарға көп шипасы тиген.

Соңғы жылдары Тарбағатай ауданында Бәделхан Камалханұлы сынды ел азаматтарының бастамасымен Ырғызбай әулие құрметіне қазақ күресінен халық­аралық турнир өтеді. Ырғызбай ата турнирі – Қазақстан бойынша ФИЛА кестесіне енген тұңғыш турнир.

 

Аблайкит

Аблайкит бекінісін 1654 жылы Жо­ғарғы Ертістің сол жағалауында, Қалба тауларының арасына ойрат билеушісі Аблай тайшы салдырған. Аблайкит – XVII ғасырдың 50-60 жылдарында будданың ірі орталық-та­рының бірі болды. Кейіннен Өскемен бе­кінісінің негізін қалаушы И.Лиха­рев­тің жетекшілігімен келген орыс отряды ғибадатхана орнынан тибет пен ойрат қолжазбаларының, будда икондары мен қола мүсіндерінің мол қорын және тибет-моңғол қолданбалы-сәндік өнер бұйымдарын тауып, Ресейге алып кетеді. Жалпы, Аблайкит тура­лы көптеген саяхатшы-ғалымдар жазба деректер қалдырған. Кешеннің сақ­та­лып қалған жоба-сынан оның сол кездегі ең әдемі ғибадатханалардың бірі болғанын көруге болады. Бұл кешен қорғаныс мақсатын көздегендіктен сыртқы дуалының барлығы тастан қаланған. Оның біршама бөлігі бүгінге дейін сақталған.

 

Шығыс Қазақстан облысы