Биылғы 10 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2021-2023 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге арналған онлайн кеңес өткізді.
Қоғам өкілдері, орталық, жергілікті мемлекеттік органдарының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылығы қатысқан іс-шараны аша отырып, агенттік төрағасы А.Шпекбаев азаматтық қоғамды жаңа жоспарды әзірлеуге белсенді тартудың өзектілігін атап өтті.
Агенттік өкілінің негізгі баяндамасының барысында жоспардың жобасына жүзеге асырылуы сапалық өзгерістерге мүлдем әсер етпейтін формалды және декларативті ұсыныстарды жолдаған жекелеген мемлекеттік органдарға қатысты сыни пікірлер айтылды.
Арнайы мониторингтік топтың белсенді мүшелерінің бірі Т.Нәрікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының міндетті түрде қатысуы қажеттігін және олардың жауапкершілігін арттыруды атап өтті.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Р.Ошақбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны шын мәнінде тиімді құжатқа айналдырып, қайта құруды ұсынды.
Салалық сарапшылар мен қоғамшылдардың тұжырымдарын назарға ала отырып, айтылған сын-ескертпелердің негізінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға өз ұсыныстарын қайта пысықтауға мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды. «Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн тәртібіне азаматтардың басым көпшілігінің назары аударылды, сондықтан мемлекеттік органдардың басшылығына бұл мәселеге патриоттық сезім мен ел болашағы үшін жауапкершілікті ескере отырып қарау өте маңызды», деді агенттік төрағасы.