• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Қазан, 2013

Шығыстан келген құт керуен

400 рет
көрсетілді

Алматы қаласы мен ШҚО кәсіпкерлері 15 миллиард теңгенің келісімшартына қол қойды

Дәл Құрбан айт мерекесінің алдында Шыңғыстаудан Алатауға алып керуен бүкіл Алтай өңірінің игілігін алып жеткен еді. Тарбағатайдың тіл үйірген сары қымызы, Зайсан балы, Катонқарағай бүлдіргені, шекілдеуік иісі аңқыған күнбағыс майы, маралдың еті, аюдың өті де табылатын үлкен базар Шығыс Қазақстан облысының Алматы қаласындағы күндерінің құрметіне жайылған-ды. Айта қаларлықтай берекелі күндер аясында халықтың тұрмысына шапағаты шашылған талай жақсы оқиға орын алды. Мәдени шараларды былай қойғанда, екі аймақ арасында 15 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды.

 

 Алматы қаласы мен ШҚО кәсіпкерлері 15 миллиард теңгенің келісімшартына қол қойды

Дәл Құрбан айт мерекесінің алдында Шыңғыстаудан Алатауға алып керуен бүкіл Алтай өңірінің игілігін алып жеткен еді. Тарбағатайдың тіл үйірген сары қымызы, Зайсан балы, Катонқарағай бүлдіргені, шекілдеуік иісі аңқыған күнбағыс майы, маралдың еті, аюдың өті де табылатын үлкен базар Шығыс Қазақстан облысының Алматы қаласындағы күндерінің құрметіне жайылған-ды. Айта қаларлықтай берекелі күндер аясында халықтың тұрмысына шапағаты шашылған талай жақсы оқиға орын алды. Мәдени шараларды былай қойғанда, екі аймақ арасында 15 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды.

Алматы мен Өскемен

Республиканың ірі өндірістік, энергетикалық, аграрлық, көлік және мәдениет аймағының қа­зіргі тірлігі туралы түрлі оң көр­сеткіштерді келтіре беруге болар еді. Дегенмен, ШҚО әкімінің бас­тамасымен жетім балаларды бас­панамен қамтамасыз етуді қолға ал­ған ерекше өңір екінің бірі біле бермес «Мейірім» бағдарламасы ая­сында жетім балаларға кешенді көмек көрсетілуде. 1688 баланы 1599 ұйым өз қамқорлығына алған.

Сонымен Шығыс Қазақстанның Алматыдағы күндері Достық үйінде өткен екі аймақ кәсіпкерлерінің «Бизнес диалогы – аймақтарды дамыту серпілісі» атты бизнес-форумынан басталды. Форум аясында ШҚО өндірістік орындары өнімдерінің ауқымды көрмесі ұйымдастырылды.

Кәсіпкерлерді тиімді келісімдер аясында қол алыстырған кездесуді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ашып, бұл форумның бұрыннан жоспарланған шара екенін, ел өңірлерінің экономикасы бірін-бірі толықтырып отыруы қажеттігін ерекше атап өтті.

– Шығыс Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті зор, әл-ауқаты мықты өңір. Шығыста эко­номиканың барлық салалары өркендеп, жаңа инновациялық өндіріс орындары ашылуда. Сол себепті, Шығыс Қазақстан Алматы қаласының іскер топтарын маңызды және тиімді серіктес ретінде ерекше қызықтыра бермек, – деді шаһар әкімі.

– Алматының орны баршамыз үшін әрдайым бөлек, ол Қазақстанның мәдени және қаржылық орталығы болып қала береді. Елбасы тапсырмасы бойынша өңірлер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуымыз қажет. Бизнес-форум­ды өткізудегі басты мақсат – облы­сымыздың мүмкіндіктерін тағы бір мәрте паш етіп, әріптестігімізді одан әрмен жалғастыру. Аймақтар неғұрлым бір-бірімен жұмыла жұмыс істесе, халықтың әл-ауқа­ты да арта түспек, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін түрлі басы ар­тық құжаттарды азайту бойынша қанатқақты жобаның жүзеге асырылып жатқанын да атап көрсетті. Бұдан соң аймақ басшысы қала әкімдігіне шақыртулары үшін алғысын айтып, жиналғандарға облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, әлеуеті туралы, аймақтағы ауыл шаруашылығы, туризм салалары бойынша қолға алынған тың жобалар жайында кеңі­нен баяндады.

Ал өңір жетістіктерінің көрмесіне Шығыстан 50 жеке кәсіпкер мен 25 ірі өндіріс орнының өкілдері қатысты.

Осы күні-ақ екі аймақ кәсіп­орындары арасында 15 миллиард теңгенің оншақты келісімшарты жасалды. Оның ішінде 10 миллиард теңгенің екі келісіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен қол қойылды. Олар – алматылық «Темірбетон-1» ЖШС мен Семей цемент зауыты арасында және алматылық «Ақсай-нан» мен Шығыс Қазақстан ұн тарту комбинаты арасында жасалған меморандумдар. «Ақсай-нан» Алматының жартысын нан өнімдерімен қамтиды, олар енді Шығыстың ұнын тұтынатын болады.

– Біз Семейдің цемент зауытымен бес жылдан бері жұмыс істеп келеміз, кәсіпорын өнімінің сапасы және олардың тез жеткізілуі көңілімізден шығады, осы тиімді ынтымақтастықты одан әрі өр­кен­­детуге мүдделіміз, – дейді «Темір­бетон-1» серіктестігінің бас директоры Мұрат Биксультанов.

«Фаворит» серіктестігі – жұқа тақтай шығаратын еліміздегі жал­ғыз кәсіпорын. Олар енді ағаш қалдықтарынан тіс шұқығыштар шығаруды қолға алмақ, мұндай қажетті бұйымды елімізде ешкім өндірмейді екен, жоба құны – 22,8 миллион теңге. Өндіріс орнының менеджері Наталья Агафонованың айтуынша, кәсіпорын мұнда өз өнімдерін өткізетін жаңа нарық табу үшін келіп отыр. Нәтижелері де жоқ емес. Олар биыл Алма­тыда орналасқан «Қазақстан те­мір жолы» компаниясының бөлім­шесіне 66 миллион теңгенің, ал Алматы вагон жөндеу зауытына 47 миллион теңгенің дайын өнімін, негізінен тақтайлар мен фанераның бірнеше түрлерін сатыпты. Форум барысында олар аталмыш кәсіпорынмен ұзақ мерзімді келісімдер жасасып, өз­де­ріне жаңа серіктестер тапты.

Осы арада көрмеге қатысып отыр­ған кәсіпорындар – өңірдегі барлық өнеркәсіп орындарының шағын ғана бөлігі екендігін айту керек. Шығыс Қазақстанның жалпы аймақтық өнімі қазір 1 триллион 300 миллиард теңгеге жақындап келеді. Ендігі мақсат – сол өнімдерді өткізу, өзге өңірлермен бірлескен кәсіпорындар құрып, ортақ жобаларды қолға алу, инвестиция тарту. Бұл күнде аталмыш өңір Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарымен өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға ден қойып отырғаны байқалады.

Өз өнімдеріміз өзімізге таңсық

Келесі күні, яғни 12 қазанда ШҚО-ның Алматыдағы күндері Астана алаңында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне ұласты. Барғанда арманда, бармағанда арманда дегендей, бұл базар өте­тіндігінен алматылықтар түгел құлағдар болмағандықтан, өтіп кеткен жәрмеңкеден кейін өкініп жүрді.

Оның да өз жөні бар, 106 шатырда Өскемен, Зырян, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үржар, Аягөз, Шемонайха, Көкпекті, Жарма аудандары ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушілері ең мақтаулы өнімдерін алып келіпті. Нарықтағы бағасынан 20-30 пайызға арзан бағамен сатылған тауарлардың көп­шілігі қалалықтар үшін таңсық. Жәрмеңкеге құстың сүтін ғана әкел­мепті.

Сатып алушыларға 38 тоннадан артық бал, 7,5 тонна ет, 6 тонна жарма, 6 тонна қымыз, 4 тонна құс еті, 3 тонна шұжық өнімдері, 3 тонна сүт өнімдері, 2 тонна балық, 1,5 тоннадан артық өсімдік майы, 1,5 миллион теңгенің панта өнімдері ұсынылды.

Бұл жәрмеңке ұлан-ғайыр ел­дің оңтүстігі мен шығысын жа­қын­дастырып қана қоймай, тау бөктерлерінде тірнектеп бал жинап, мал бағып, құрт қайнатып, май шайқап отырған өлкенің өнімдерін өз елімізде жарнамалады. Өскеменнің бал-қаймағы Қазақстанға сырттан тасылып жатқан тауарлардан бір мысқал кем еместігін, адал жасал­ғанын паш етті. Мұның бәрі – отандық тауарлар еді.

Алтайдан шыққан ақындар, Шыңғыстау тудырған таланттар

Және осы күні Алматы қала­сындағы Ұлттық кітапханада Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев оңтүстік астананың зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, талай көкейкесті мәсе­лелердің шеті тарқатылды.

Шығыс өлкесі – әрісі әлемдік деңгейде, берісі республика көле­мінде танымал талант иелерінің, туған өлкенің ғана емес, тұтас ел-жұртының мерей мәртебесіне айналған тұғырлы тұлғалардың құтты ордасы. Бұл өлке талайды тамсандырған ғажайып табиғатымен, сан алуан қазба байлықтарымен ғана емес, талантты ұл-қыздарымен де мақтана алады. Шығыстың шыңын асқақтатқан халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ақын жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтқожина, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшім­хан сияқты тағы басқа ерен жүйріктер бастаған шығармашылық және қоғам қайраткерлері кездесу қонағы болды.

Саяси-экономикалық тұрғыдан өз әлеуетін паш еткен Шығыс өлкесі ұлт руханиятын байыту, әдеби-мұраларға қамқорлық жасауда да игілікті істер атқарып жатқан жайы бар екен. Соның бір айғағы – «Алтай-Ертіс кітапханасы» атты маңызды әдеби жоба. Оның идеясы – Шығыс өңірінен түлеп ұшып, қазақ әдебиеті атты ұлы дарияға бір-бір арна болып қосылған қаламгерлердің таңдаулы шығармаларын жарыққа шығару.

Қазақстан ақын-жазушыларының сөз маржаны – жібектей төгілген «Алтай-Ертіс кітапханасы» басы­лымдары толған оюлы қазақ сан­дығы кездесу төрінен орын алды. Сандық кемерінен асқан көркем-сөз қазынасы жиналған көпшілікті руханият көкжиегіне жетеледі. Бұл құндылықтың алғашқы 20 томы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында оқырман қолына жеткен болатын. 20 том, 20 жазушы есімі – ол тек жерлестердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы.

Ал биыл «Алтай-Ертіс кітап­ханасы» кезекті таңдаулы туындыларымен толығуда. Бұл жолғы топтама қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі Ақтамберді жырау мен Дулат Бабатайұлы шығармаларынан бастау алып, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей, Төлеужан Ысмайылов, Медеу Сәрсеке, Серік Ғабдуллаұлы, Мерғали Ибраев, Марат Қабанбай, Бауыржан Жақып, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Анатолий Иванов, Георгий Гребенщиков, Павел Васильев, Александр Волков сияқ­ты Шығыс өлкесінен шыққан бел­гілі авторлардың шығармаларын қамтиды.

– Егер экономикамыз өспесе өнерге, әдебиетке, мәдениетке көңіл бөле алмас едік, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа зиялылар тарапынан қойылған сауалдар, өтініш ұсыныстар көп болды. Оның көпшілігі бір кезде ел тарихында болған тұлғаларға ескерткіш қою, атын жаңғырту, кейін кеткендерге көше атауын беріп, Абыралы ауданы аудан болып қайта құрылса деген тілектер еді.

Қысқасы, ауызбіршілігінен айырылмаған Шығыс Қазақстанның Алматыдағы күндері ерекше өтті деп айтуға болады. Ұйымдастырылуына бұл өлкеден шыққан талантты ұл-қыздарымыз бен тірлігін дөңгелеткен кәсіпкерлер, ұлттың сөзін сөйлеген зиялы қауымға дейін атсалысқан ШҚО-ның Алматы қаласындағы күндері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында үлкен концертпен мәреге жетті. Өнер шеруі Бибігүл Төлегенова, Ғибрат Азубаев, Майра Ілиясова, Вячеслав Ткач, Толқын Забирова, Мапруза Өтеулинова, Нұрлан Тутунов, Гүлдана Ноғай­баева, Әсел Нұрланова, Қуат Ахмет­жанов, Нұргүл Қабдоллаева және «Гауһартас», «Ладушки», «Еураз шоу», «Зыряночка» сынды шығармашылық топтардың тамаша концертімен тәмамдалды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар