• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2020

Тұрғындар тілегі назарда болады

319 рет
көрсетілді

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ауылдарды аралап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.  

Осы сапар аудан басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, әр сала бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

–   Биыл бәріміз үшін қиын уақыт болды. Алайда халықты еңбекпен қамтып, жұмыссыздықтың алдын алу үшін 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Соның нәтижесінде өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар шаруаның шешімі табылды, – деді аудан әкімі тұрғындармен кездесуде.

Кездесуге жиналған тұрғындар елді мекендердегі кейбір мәселелерді ортаға салды. Ауыл көшелерін жөндеу, кәсіпкерлікпен айналысушыларға қолдау көрсету, интернет желісінің жылдамдығын арттыру бағытында ұсыныстар айтылды.

Ал, Бекарыстан би мен Майдакөл ауылдарының тұрғындары медицина мекемелеріндегі дәрігерлер санын көбейтуді сұраса, түктібаевтықтар ауылға банкомат орнату жөнінде ұсыныс айтты. Өркендеу ауылдық округінің халқы Жанкент пен Бірлік ауылдарына жаңа жедел жәрдем көлігін алып, «Қарлаң» өткеліне темір-бетон көпір салу жайын қозғады.

Өз кезегінде аудан басшысы Мұрат Ергешбаев ел үшін маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс атқаратындығын тілге тиек етті. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлердің әрбірі мұқият зерттеліп, кейбірін оңтайлы шешу үшін Сенат депутаттарының назарына жетікізілетін болады.

Айта кетейік, Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр. Ал, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы бөлінген 930,4 млн теңгеге Бекарыстан би ауылында ауқымды жұмыстар атқарылуда.