• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Тамыз, 2020

Түркістан облысында Шәмші Қалдаяқов музейі ашылды

1025 рет
көрсетілді

Түркістан облысының Отырар ауданында туып-өсіп, "қазақ вальсінің королі" атанған Шәмші Қалдаяқовқа туған жерінде музей ашылды. Аталған шара Ұлы композитордың 90 жылдық мерейтойына арналды. Бұл туралы Egemen.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Бүгін айтулы мереке. Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Алайда, осы облысқа келгелі Шәмшінің кіндік қаны тамған жерде Шәмшіге арналған музейдің жоқ екенін білдім. Тіпті біздің бүкіл республикада "Қазақ вальсінің короліне" арналған бірде-бір музей жоқ. Аз уақыт ішінде кеткен кемшіліктің орнын толтыру үшін тапсырма беріп, демеушілер есебінен Шәмші музейінің ашылуын қолға алдық. Шәмші музейі – Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен жас әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Атап өтейік, бұл нысан Шәмшінің көзін көрген, оның өміріне қанық азаматтар естелігін есепке ала отырып салынды.

Музей ішінде Ұлы композитордың өзі қолданған бұйымдары, саз шығаруға сеп болған мандолинасы секілді құнды жәдігерлер бар. Ұлттық Музей Шәмшінің жаңадан ашылған музейіне композитордың бас киімін әкеліп тарту етті.

Шәмші мұрағатын күтіп-баптау үшін мекеме облыстық музейдің филиалы ретінде ашылып, арнайы штат санымен мамандары жұмыс істейтін болады. Келген туристер мен қонақтарға барлық жағдай жасалады.

Өскелең ұрпаққа Шәмшіні насихаттау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Ең алдымен облыс орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі берілсе, музыка мектебінің алдында еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы көшелердің бірі сазгер есімімен аталады.