Сенат депутаты Е.Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысты. Облысқа қарасты аудандарға арнайы барған депутат жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Сенатор бұл салаға мемлекет бюджетінен жүздеген миллион теңге қаражат бөлінетініне мән беріп, жергілікті билік осы бағыттағы жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ол жергілікті шаруа қожалықтарының біріне ат басын бұрып, минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың және бидай кептіретін орынның құрылысымен танысты.
Одан бөлек, сенатор облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралады. Нақты айтқанда, Петропавл қаласындағы 108 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысшыларымен кездесті. Жоспар бойынша аталған үй екі жылдан кейін ғана пайдалануға беріледі. Өз кезегінде құрылысшылар үй құрылысын мерзімінен бұрын аяқтауға дайын екендерін және ол жағдай сапаға ешқандай кері әсерін тигізбейтінін жеткізді.Сонымен қатар депутат 500 орындық қазақ театрының құрылыс жұмысын арнайы барып көрді. Бүгінде үш қабатты ғимарат салынып біткен. Енді шатыр жұмыстары қалған.
* * *
Сенатор Р.Әкімов Ақмола облысының бірнеше ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында ол егістік алқаптарын аралап, тұрғындармен кездесіп, шаруалардың сөзіне құлақ түрді. Диқандар биылғы жаз құрғақ болғанымен қыста түскен жауын-шашынның көп болғанына байланысты мол өнім аламыз деп отыр.
Мамандар аймақта егін орағына дайындық жұмыстары пысықталғанын, сондықтан жанар-жағармайға қатысты мәселе болмауға тиіс екенін айтуда. Сенатор өнімді жинау кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін санитарлық талаптарды сақтаудың маңызды екенін айтып, жергілікті билік пен шаруаларды осы мәселеге баса мән беруге шақырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, өңір бойынша егін егілген жердің 63 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. «Биыл мемлекет тарапынан өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. Былтыр аталған қаражат 60 миллиард теңге шамасында болса, 2020 жылы 70 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Енді осы қаражатты тиімді пайдаланып, егінді шашауын шығармай жинап алуымыз керек», деді сенатор.
Р.Әкімов облыс әкімімен кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесін талқылады. Бұдан басқа, депутат облыс орталығында салынып жатқан оқушылар сарайы мен көппәтерлі тұрғын үйдің жай-күйімен танысып, шаһардың инженерлік инфрақұрылымына көңіл бөлді.
* * *
Сенат депутаттары Ғ.Дүйсембаев пен Л.Сүлеймен Атырау қаласындағы жедел жәрдем стансасына барды. Медициналық қызметкерлермен кездескен депутаттар жүздеген қазақстандықтың өмірі дәл осы жедел жәрдем бригадаларының кәсібилігі мен жедел әрекетіне байланысты екенін айтты. Ғұмар Дүйсембаев қазіргі таңда 103 қызметінің фельдшерлері алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жатқанына назар аударып, олар қолдау мен құрметке лайық екенін жеткізді. Сенаторлар коронавирус пен пневмонияны емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті екеніне көз жеткізу үшін «СҚ-Фармацияның» дәріханалары мен қоймаларын тексеруді жалғастырып жатыр. Біраз уақыт бойы елімізде медициналық препараттардың тапшылығы байқалған еді. Тіпті кейбір дәріхана желілері пандемиядан емделуге керекті дәрілердің бағасын қолдан қымбаттатып, жағдайды одан әрі ушықтырды. Осыған байланысты «СҚ-Фармацияның» жұмысына қатысты сыни пікірлер айтылып, бақылау органдары тарапынан мәселе көтерілген болатын. Сондықтан Сенат депутаттары өңірде дәрі-дәрмек сататын және сақтайтын орындарға арнайы барып тексеруді жөн санады.
Сонымен қатар сенаторлар бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағасына қатысты жағдайды да бақылауға алды. Соның аясында олар ірі азық-түлік дүкендеріне атбасын бұрып, жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын белгіленген шектен қымбаттатуға жол бермеу керектігін айтты. Пандемия кезінде үнемі санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мәжбүр болған кәсіпкерлердің де жағдайы оңай емес екені белгілі. Алайда сенаторлар оларды бизнестерін сақтап қалу үшін ғана емес, отандастарының өмірлері үшін де санитарлық талаптарды орындауға шақырды. Ал әкімдіктер әлеуметтік қашықтықтың сақталуын және індеттің таралуына жол бермейтін басқа да шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс.
Бұдан басқа Сенат депутаттары өңірдің кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Олар әлеуметтік маңызға ие, халықтың жағдайын жақсарту мақсатымен қабылданған заңдарға тоқталып өтті. Өз кезегінде кәсіподақ өкілдері түрлі сала бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, кейбір заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
* * *
Мәжіліс депутаттары – әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Н.Жұмаділдаева, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Б.Кесебаева Қызылорда қалалық білім бөлімінде болып, білім беру саласы бойынша мәселелерді талқылады. Ең алдымен депутаттардың бастамасымен қаралып жатқан «ҚР білім беру саласындағы кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әдіскерлердің қатысуымен талқылау өткізілді. Талқылауға қалалық бөлім әдіскерлерімен қоса аудандық әдіскерлер Zoom қосымшасы арқылы қосылды. Депутаттар жалпы білім беру бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігін атап, енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқыға салды. Әдіскерлер жергілікті деңгейде заңнаманың орындалу болжамын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Депутат Н.Жұмаділдаева облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың қабылдауында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады. Сырдария өзеніндегі су деңгейінің түсуі бүкіл Сыр жұртын алаңдатуда. Бұл мәселе бойынша жергілікті және орталық деңгейде шаралар қабылданып, өзеннің арнасын тазалау және тереңдету жұмыстары бастау алған. Депутат осы және өзге де облыс халқы үшін маңызды мәселелер тиісті органдарға шешу үшін жеткізілетінін айтты.
Одан кейін, білім беру саласының және жалпы білім беру ұйымдарының басшылықтарымен Zoom қосымшасы арқылы кездесу өткізілді. Депутаттар қатысқан шарада білім беру ұйымдарының карантиндік жағдайда жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Облыс бойынша алдағы оқу жылында 293 мектепте 168 477 оқушы оқиды деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа 18 114 бала қабылданады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға барлығы жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, оның 33 пайызы немесе 396 млн теңгесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 11-сыныптың оқулықтарын сатып алуға жұмсалуда. Қалған 804 млн теңге басқа сыныптардың қажетті оқулық қорларын толықтыру үшін бағытталған. Депутаттар мемлекеттік сатып алу процесінің оқулықтарды сатып алуға әсерін сұрап, сыбайластық қаупін азайта отырып, сатып алуды жеңілдету жолдарын талқылады.
Онлайн білім беру форматының ерекшелігі – интернет жылдамдығына тәуелді. Сол себепті елдегі интернет мәселесі сұралды. Облыста 293 мектеп интернетке қосылған. Ал кейібір шет орналасқан елді мекендер интернет желісіне қосылмаған. Бұл мәселе айналып келіп, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білімге қол жетімділігін алшақтатады, біліктілігіне әсер етеді. Осы орайда депутаттар ауылдағы интернет мәселесін көтеріп, оны тез арада шешуге атсалысатындарын жеткізді.
Одан бөлек, карантин талаптарын сақтау бойынша әрбір мектепке бөлінетін қаржы мен кезекші сыныпты енгізудегі талаптар талқыға салынып, жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді.
Н.Жұмаділдаева Nur Otan партиясы облыстық филиалында болып, филиал төрайымының орынбасары Л.Төрешовамен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көп көтерілетін мәселелер аталып, оны жергілікті немесе орталық деңгейде шешу мүмкіндіктерін ортаға салды. Жүйелі мәселелер орталық атқарушы органдарға жеткізіліп, олардың шешімін табу қадамдары қабылданатын болады.