Әлемді әжептәуір әуреге салған індет қарапайым халықтың саяси-экономикалық өзгеріске мән беріп, оған белсене араласуына мүмкіндік бермей жатыр. Десек те өмір бір орнында тұрмайды. Мемлекеттің дамуы үшін оның әлеуметтік жағдайы ғана емес саяси-экономикалық дамуы да өте маңызды.
Сол себепті де әр мемлекет пандемия жағдайында да төрт құбыласын тең ұстауға мүдделі. Қазақстандағы саяси өзгерістердің бірі – сайлау алдындағы праймериз.
Дамыған елдердің іс-тәжірибесін жіті зерделеген Nur Otan партиясы сайлауға түсетін кандидатты өз ішінде таңдау үшін осы әдісті қолдануда. Ол үшін партияішілік іріктеу өткізудің ережелері бекітілді. Сол ереже бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партияның, филиалдарының органдарына кандидаттарды ұсынуға және мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партиялық тізімдерге одан әрі енгізу үшін алдын ала партияішілік іріктеу жүргізіледі. Яғни праймериздің негізгі мақсаты – сайлауға түсу үшін бәсекелестік тұрғыда жаңа көшбасшыларды таңдау. Ел басына күн туғанда халыққа көмек қолын созған партия елдің саяси әлеуетінің артуы үшін қиын қыстау кезеңге қарамай алға қадам басуда. Бұл сайлауалды партияішілік іріктеу. Праймериз ережесінде партиялық және әлеуметтік топтар бойынша квота қарастырылған. Партиялық квота партияда көп жыл еңбек еткен беделді және халық сеніміне ие болған, кәсіби қызметі мен қоғамдық өмірінде көп жетістікке жеткен кандидаттарға беріледі. Ал әлеуметтік топтарға арналған квотаға көпбалалы аналар, туған жерге оралған азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілуі мүмкін.
Праймериз әдісінің ұтымды жағы, біріншіден, бұл шалғай елді мекендердегі партияның мүшелеріне өз ойын ашық айтып, жоспарын жан-жақты талдап көрсетуге жол ашады. Екіншіден, үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары арқылы тұрғылықты жерлеріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешілу жолдарын көрсетеді. Үшіншіден, бұл партияның азаматтарға жасап отырған саяси мүмкіндігі, яғни, өзінің талабын дәлелдеген үміткерге партия баспалдағынан одан әрі көтерілуге жол ашатын әлеуметтік лифт.
Nur Otan партиясы сөзі мен ісі үйлескен халықтың партиясы. Бір ғана мысал келтірсек, коронавирус тараған уақыттан бері халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында бірқатар игі шараларды қолға алды. Оның бірі Birgemiz қорымен бірігіп әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бір реттік 50 мың теңге берілді. Сондай-ақ дәріханаларда дәрі тапшылығы сезілген уақытта дәрілер мен күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасын қадағалап, қалталы азаматтарды қайырымдылық іске жұмылдыруға мұрындық болды.
Қазіргі қиын жағдайда қарапайым халықтың психологиялық, моральдық, материалдық тұрғыдан тығырыққа тірелгені жасырын емес. Депутаттар атына да түрлі сын-ескертпелер айтылуда. Ел ішіндегі осы жағдайды ескере отырып, партия ел басына түскен қиын жағдайдан шығудың жолын қарастырып, тиімді жағын қолға алып, оны нақты іске асыруға күш салып отыр.
Алдағы уақытта Nur Otan партиясы алда келе жатқан Мәжіліс және барлық деңгейдегі сайлауға түскісі келетін азаматтарды осы праймериз арқылы іріктейтін болады. Еліміздің тұрғындарынан өз аймақтарындағы партия мүшелерінің ішінен сөзі мен ісі үйлескен іскер, елдің әр проблемасына бейжай қарамайтын адал азаматтарға дауыс беруге шақырамын. Кез келген адам шағын ауылдың, шағын ауданның немесе облыстың мәселесін шеше алса, ол ертең мемлекет ісін де дәл сондай жауапкершілікпен атқара алады деп білемін. «Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын» деп алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, елдің еңсесін тіктеп, туын көкке көтерер азаматтарымыздың жолын ашайық.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі