Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.
Синоптиктер қазанның 22-23-і күндері Ақжайық өңірінде күн күрт суытып, жауын-шашын, қарлы жаңбыр болады деп хабарлағанымен, кешегі күні Елбасы ұшағы Орал әуежайына төмендеген сәтте күн шайдай ашық болды. Ерке самал жел ақырын ғана беттен өбеді. Алдыңғы күні сіркіреп төгіп өткен майда қоңыр жаңбыр тұрғындардың тынысын одан әрі кеңейтіп, оларға нұр сыйлағандай. Халқымыз аспаннан жаңбыр жауса, оны нұрға балайды. Ал күз кездерінде жауын-шашын мол болса, болашақ ырыс көзі, береке бастауы деп бұл құбылысты да жақсы ырымға жориды.
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.
Синоптиктер қазанның 22-23-і күндері Ақжайық өңірінде күн күрт суытып, жауын-шашын, қарлы жаңбыр болады деп хабарлағанымен, кешегі күні Елбасы ұшағы Орал әуежайына төмендеген сәтте күн шайдай ашық болды. Ерке самал жел ақырын ғана беттен өбеді. Алдыңғы күні сіркіреп төгіп өткен майда қоңыр жаңбыр тұрғындардың тынысын одан әрі кеңейтіп, оларға нұр сыйлағандай. Халқымыз аспаннан жаңбыр жауса, оны нұрға балайды. Ал күз кездерінде жауын-шашын мол болса, болашақ ырыс көзі, береке бастауы деп бұл құбылысты да жақсы ырымға жориды.
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орал өңіріне сапары дәл осындай ырыс көзі молайған, күзгі жиын-терін аяқталып, астық өсірушілердің көңілдері орныққан мамыражай уақытқа тап келгені қандай ғанибет. Кеден одағы шеңберіндегі ел – Белоруссияға ресми сапармен кетіп бара жатып осы Одаққа мүше болып кіретін мемлекеттердің бүгінгі байланыстырушы буынына айналу үстіндегі Ақжайыққа аялдауға уақыт тапқан Елбасын батысқазақстандықтар риясыз жылы жүзбен қарсы алды.
Барлық жердегідей Қазақстанның батыстағы қақпасы – Орал өңірінде де Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жасампаз жобалар жеткілікті. Соның бірқатарын Елбасы назарына ұсыну жөнінде бұған дейін ұйғарым жасалған еді. Әрине, аталған жобалардың қай-қайсысы да маңызды, қай-қайсысы да өзекті. Әйтсе де алтынмен пара-пар уақыты шектеулі екені ескеріліп, Елбасына әбден екшелген, іріктелген қос жоба ұсынылды. Мұның біріншісі елімізде қара уылдырық және тауарлық бекіре етін өндірудің индустриялы аквакешені Орал қаласында іске асып жатса және оның республикада баламасы жоқ болса, екіншісі құрылыс индустриясының айрықша өнімі – шыңдалған қауіпсіз шыны шығаратын және оны өнеркәсіптік тұрғыдан өңдейтін «Стекло-сервис» кәсіпорнының қызметімен танысу еді.
Иә, бүгінде әлемде дәмі бал татитын сібір бекіресі, шоқыр, пілмай, сүйрік секілді бекіре тұқымдас балықтардың қоры азайып барады. Әйтсе де ихтиолог ғалымдар өзге емес, дәмі тіл үйіретін нақты осы бекіре тұқымдас балықтар ашық, еркін суда емес, тұйықталған су айдындарында жақсы өсіп-өнетінін әрі буданға жақсы түсетінін мәлімдеп отыр. Бұған Білім және ғылым, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі АҚ-тың, сонымен бірге, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бірлесіп қолға алған жасампаз жобасы айқын мысал бола алады.
Оны 2012-2015 жылдар аралығында үш кезеңде іске асыру көзделген. Бүгінде мұнда алдын ала ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі бірінші саты артта қалып, екінші кезеңге кіретін тәжірибелік-сынамалық аквакешенді іске қосу жұмыстары атқарылған. Жобаны іске асырушылар Елбасына осындай тындырылған істер жөнінде айтып берді. Сөз жоқ, тұйық судың белгілі бір температурасы мен гидрохимиялық нормасы сақталмаса, есіл еңбек зая кетеді. Бекіренің тірі кезінде оның уылдырығын алу технологиясы да Оралда жақсы нәтиже берген екен. Бұған бекіре балықтарын өсіруге арналған жаңа қондырғы да оң әсерін тигізіпті. Қажетті жұмыс атқару үшін биыл алынған патент те алдына қойған міндетін атқарып шыққан. Бұған қоса, тағы да үш инновациялық патентке ұсыныс берілгені Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Бұл инновациялық-технологиялық тәсілдер кешенді азық құрамын одан әрі жетілдіруді, қара уылдырық алу әдістерін тереңдетуді көздейді.
Қай іске де кәсіби кадрлар қажет. Осы тұрғыда Батыс Қазақстанда бекіре балығын өсірумен айналысатын ғалымдар тобының құрылғаны да Мемлекет басшысы тарапынан оң бағаланды. Бекіре балығын тұйық су жағдайында өсіру, одан тауарлы өнім алу – Қазақстан жағдайында бұрын беттесіп көрмеген тың жобалардың бірі. Сондықтан бұл орайда шетелдік ғалымдардың іс-тәжірибелері мен технологиялық жетістіктеріне сүйену артықтық етпейді. Рас, мұндай іс-тәжірибеден үйренген дұрыс. Алайда оны сол күйінде көшіріп енгізе салуға болмайды. Сондықтан біз тұйық су жағдайында қара уылдырық алудың тек өзімізге бейімделген технологиялық тәсілін таңдап ала білуге тиіспіз, деді Елбасы мамандармен ой-пікір алмасқан сәтінде.
Бұдан алты жыл бұрын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке және тиісті министрліктер мен облыстық әкімдіктерге инженерлік зертханалар құру жөнінде тапсырма берген болатын. Елбасы Батыс Қазақстанға сапары барысында осындай биотехнологиялық зертхананың бірі Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті базасында құрылып қызмет жасап жатқанына көз жеткізді. Бұл өз кезегінде заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар негізінде бекіре шаруашылығы бойынша жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізуге жол ашқан. Әрі осы салада инновациялық жобалардың жолға қойылуына да оң әсерін тигізген. Алдағы жылдары аталған жобаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде аяқтау көзделген. Сол кезде мұнда жылына 8 тонна қара уылдырық алынып, 86 тонна бекіре еті өндірілмек.
Бұдан кейін «Стекло-сервис» кәсіпорнының қызметімен танысқан Елбасы оған елімізде іске асып жатқан жасампаз жобаның бірі екен деген оң баға берді. Бұл шыны өнімдерінің басты ерекшелігі – төзімділігі мен мықтылығында. Балғамен ұрсаң да қапелімде сынып кетпейтінінде. Ең бастысы – ғимаратқа қондырылған әйнектердің жылуды жібермей ұстап тұра алатынында. Бұл шағын болса да жаңашылдыққа жаны үйір, жаңашылдыққа негізделген кәсіпорын екен, деді Елбасы өз сөзінде. Бұл құрылым «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша іске қосылғаны әрі өнімді жөнелтудің экспорттық бағытын ұстап отырғаны Мемлекет басшысының көңілінен шықты.
Кең де жайлы, жиһаздары жұтынып тұрған атшаптырым кабинеттерде емес, өндірістік орында өткізілген кеңестің тигізер пайдасы мен алар тағылымы молырақ болмақ. Әрі мұндай басқосу өз жылылығымен, адамдарға жақындығымен ерекшеленбек. «Стекло-сервис» кәсіпорны өндірістік цехтарының бірінде Нұрсұлтан Назарбаев батысқазақстандық жұртшылық өкілдерімен кездесті. Мұнда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жан-жақты баяндап берді. Бұдан соң Елбасы облыс әкімінің орынбасарларын жеке-жеке тұрғызып, олар жетекшілік жасайтын салалар бойынша қандай проблемалар мен түйткілдер бар екеніне назар аударды. Әрі кейбір орынбасарлардың сөзінде нақтылық пен сындарлылық жетіспей жатқанын қадап айтты.
Облыста экспортқа қарағанда импорттық өнімдердің үлес салмағы әлдеқайда жоғары. Бұл көріністі өзгертуге күш салу керек. Сондай-ақ, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқу кестесін толық жоймай тұрып, жаңа ғимарат салу жөніндегі әңгіме мүлдем қисынсыз болып шығады, деді Мемлекет басшысы. Сонымен бірге, өндірістік цехта өткізілген кездесуде Елбасы тарапынан өңірде шағын және орта бизнестің деңгейін көтеріп, осы арқылы жаңа жұмыс орындарын көбірек ашу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Әр өңір мен аймақтың тек өзіне ғана тән даму ерекшеліктері болады. Соны жергілікті атқарушы органдар дөп басатын болса, көп нәрседен ұтар еді, деп түйіндеді кезекті бір ойын Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасымен кездесу кезінде «Ақас» шаруа қожалығының жетекшісі Қатауолла Ашығалиев пен Орал арматура зауыты АҚ-тың директоры Станислав Качало еңбек дәстүрін жаңғырту, салық заңдылықтарын жаңаша жүргізу, жеке бизнес адамдардың әлеуметтік деңгейін көтеруге үлес қосатыны жөнінде тәлімді әңгіме қозғады. Мұны олар өздері жүргізіп отырған нақты іс-тәжірибе жағдайында баяндап берді. Олардың айтқан ұсыныстары мен ой-пікірлері Елбасы тарапынан қолдау тапты. Біз мұндай адамдардың тәжірибесін көпке үлгі етіп ұсына білуге тиіспіз, деді Президент. Не болмаса барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілге құрметі жөніндегі мәселені алайық. Айталық, Станислав Качало бес бала тәрбиелеп өсірген, олар қазақ мектебін бітірген. Ал Қатауолла Ашығалиевтың бес баласы үш тілде еркін сөйлейді.
Мен Батыс Қазақстан облысында бәрі керемет деп айта алмаймын. Рас, мұнда қолға алынған жаңаша жобалар аз емес. Оны толықтай қолдаймын. Өңірде іске қосылды, пайдалануға берілді деген нысандар да бар екен. Ендігі жерде жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті солардың бәрінің толық қайтарыммен жұмыс істеуін қадағалау болмақ. Құрметті батысқазақстандықтар, алдағы істеріңе жетістіктер мен мол табыстар тілеймін, деп түйін жасады сөзінің соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының Батыс Қазақстан облысына сапары бүгін одан әрі жалғасады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.