Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар... – деп Абай атамыз айтқандай, шіркін қазақтың дәстүрлі әні қандай еді. Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасында және халық композиторы Әсет Найманбайұлының «Інжу-маржан» әнінде айтылатын: «Шырқатып, шығандатып, шалықтатып, Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп, Талдырып, талықсытып, тамылжытып, Орғытып, орағытып, баса өрлетіп. Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп, Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп. Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап, Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп. Қарқынды үн – қан қайнатып, жүрек жұлып, Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп. Төгіліп, баяулатып, сорғалатып...» дегеніндей халықтың әні қазақтың көңіл ажары еді ғой.
Атақты үнді қайраткері Р.Тагур: «Кез келген халық адамзат руханиятына қосқан үлесімен бағаланады» депті. Демек қазақ ұлтының адамзат руханиятына қосқан үлесі – әні, күйі және аса бай фольклорлық мұрасы.
Марқұм этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің пайымына жүгінсек: қазақ халқының қазынасы әні мен сөз өнерінде. Біз әлемге мақтансақ, музыкамен мақтана аламыз. Себебі, оның жанрлық тектілігі, байырғылығы, саздық үні ешқандай жұртта кездеспейді. Ежелгі Рим тарихшылары «түркілер қағандарын күй шертіп оятады» деп жазса, қытай жазбаларында: «Түркінің оркестрін әкеліп хан сарайында ойнаттық» дейді. Ал Плутарх: «Сақтың әскерлері садақтың адырнасын шертіп отырып, ән салады» деп баяндайды.
Осы бір бағзыдан келе жатқан қазақтың ән-күй мәдениеті ұзақ жылдар бойы ширығып-ширығып келіп ХХ ғасырда ұлы титандар – Дәулеткерей, Тәттімбет, Құрманғазы, Қазанғап, Біржан сал, Ақан серілерді тудырды. Бұларды тыңдап, шыңыраудан шыңғырып шыққан ән өнерін бойына сіңіріп өскен ұрпақ ешқашан басқа мәдениеттің, жат құндылықтың жетегіне кетпейді. Өйткені, тұла бойына ұлы даланың рухани кеңестігі мен ұранды рухын сіңірген бұл ән-күйлер қазақ баласының табанын тайдырмайтын, шөлдесе рухын сусындататын, аңсаса аңқасын ашып, шөлін қандыратын тәңір берген төл мұрасы. Егер төл мұрамызды бойға сіңіре білсек, бізді жаттың жымысқы мәдениетінен қорғайтын да осы дүние. Осы орайда даналықтың ұйығы Абай атамыз:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар – деп бекер айтқан жоқ. Біз білетін ұлттық болмысына тиянақты жұрттың бірі жапондар бастауыш сынып оқушыларына міндетті түрде халықтық музыканы қосымша пән ретінде оқытады дегенін естіп едім.
Өткен жылдардағы отаршылық дәуіріне, нақтырақ айтқанда Кеңес кезінде қазақтың рух оятар керемет халық әндеріне жоспарлы түрде шабуыл жасалды. Қазақ мәдениетін зерттеуші Б.Ерзакович айтқандай, қазақ халқының төңкеріске дейінгі рухани мәдениетінің қуаты – ұлттық музыка өнерін коммунистер тұншықтыруға тырысты. Мысалы, ұлттық саз өнерін зерттеушісі ғалым Ахмет Жұбановты «КСРО халық әртісі» атағына ұсынғанда, республика идеологтары «қазақтың ұлттық өнерін зерттеген адамға мұндай атақ беру жарамайды» деп, сызып тастады.
Мұндай келеңсіз әрекеттер айта берсе таусылмайды. Қазақ әнінің майталман орындаушысы және өнертанушы зерделі тұлға Жәнібек Кәрменов: «1933 жылы 200-ден аса халық әні мен халық композиторларының әні сотталды. Мұның бәріне тағылған айып «феодалдық дәуір туындылары» немесе «ескінің сарқыты» екендігі» дейді.
Осындай шектеулерден кейін дәстүрлі ән шеттетіліп, оның орнына гибрит музыкалар оза шауып кетті. Қазіргі жастардың тыңдайтыны батыстың будан әндері немесе өзіміздің мәнсіз-мағынасыз эстрадалық туындылар. АҚШ идеологы Аллен Даллес (1893-1969) айтқандай, қандай бір халықты өзінің төл мәдениетінен ажырату үшін мәнсіз тобырлық әнді көп тыңдатса, ол жұрт – тобырлық мәдениеттің жандайшабына айналары анық.
Ең сорақысы, қазіргі таңда гибрит ән-музыкалар кәдімгідей сұранысқа ие. Тіпті мәдени өлшемнің биік деңгейі ретінде бағалануда. Кезінде фюрер Адольф Гитлер басып алынған халыққа мәнсіз-мағанасыз музыканы күндіз-түні тыңдатыңдар, сонда олар саналы ойлаудан қалып, санасыз тобырға айналады, деген екен. Мәселе қайда жатыр. Абай атамызда: «Құр айғай бақырған, Құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған, Кісіге сән бе екен?» деп бекер күңіренген жоқ.