Мемлекеттегі тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық, азаматтарымыздың әл-ауқаты – басты құндылықтар. Әрбір мемлекеттік қызметші өз учаскесінде жерлестерінің әл-ауқатын нығайту және өмір сүру сапасын жақсарту үшін бәрін жасауға міндетті. Осы аспекті бойынша біз де шетте қалмауға тырысамыз.
Біз әлемге тараған «COVID-19» вирусымен күресуден шет қалмауды өз борышымыз деп білеміз. Осы уақытқа дейін еліміздің жекелеген аймақтарында кейбір суыққолды шенеуніктердің жеке қорғаныс құралдарын, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде елге қысастық қылып, өз қалталарын толтыруға тырысулары ақылға сыймайды. Бұл мәселені тек тұтқындаумен шешу мүмкін емес.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың облыстық департаменті жанынан жұмыс тобы құрылып, оның мүшелері дәрі-дәрмектерге шекті бағаны көтеру мәселелері бойынша облыс дәріханалары төңірегінде күнделікті мониторинг жүргізеді. Топ құрамына облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері енді. Петропавл қаласы бойынша барлығы осындай 8 бригада құрылып, оның әрбір мүшесі республикада ең тапшы болып саналатын дәрілік препараттардың тізбесі туралы хабардар етілді.
Мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың күш-жігерін біріктіру үшін прокуратура органдарының бастамасы бойынша «Ахуалдық орталық» та құрылды, ол облыс әкімінің өкіміне сәйкес күн сайын пандемияға қарсы іс-қимыл бойынша жағдайды қадағалап, талдайды. Орталықтың қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, құқық қорғау құрылымдары мен қадағалау ведомствосының өкілдері белсенді қатысуда.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 7 көтерме жеткізушінің бесеуі басқа қалалардағы орталық кеңселері арқылы препараттар мен медициналық өнімдерді жеткізу бойынша қызметін жүзеге асыруда, 2 көтерме жеткізуші өздігінен дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға тапсырыс беріп, дәріханалар желісіне сатады. Әрбір көтерме жеткізушімен облыс аумағына жоғары сұранысқа ие дәрілік заттарды әкелу мәселесін талқылау бойынша жеке кездесу өткізілді. Облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың шешімі бойынша халыққа дәрі-дәрмек сатып алуға облыстық бюджеттен қосымша 200 млн теңге бөлінді. Осындай бірлескен әрекеттер өңірге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды кедергісіз жеткізу үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Ал келіп түскен гуманитарлық көмек облыстың медициналық мекемелері арасында бөлінуде. Өз құзыретіміздің аясында біз де осы жұмысқа қосылдық. Гуманитарлық көмектің сатылымға шығуына жол бермеу үшін әр өнімге «Тегін. Сатуға болмайды» деген мөр бастырудамыз.
Қалыптасқан жағдайды мониторингілеу барысында «Ахуалдық орталық» мүшелері және Лидер.kz қозғалысының еріктілері облыстың барлық провизорлық және инфекциялық стационарларын аралап шықты. ӨЖЖ аппараттарының, оттегі концентраттарының, медициналық препараттардың болуы тексерілді. Қосымша сатып алу үшін бар қажеттіліктерді анықтап, баяндадық.
Қоғам өкілдері мен еріктілердің игі іске араласуы – олардың жеке ерлігі мен жанқиярлығының көрінісі екенін атап өту керек. Қазақ елі ешқашан осындай жомарт, батыл адамдардан кенде болмаған. Әрқашан, барлық уақытта біз күш-жігерімізді біріктіре отырып, кез келген нәубетке қарсы тұра аламыз. Бұл қалыптасқан дәстүрлерге негізделген және біздің халқымыздың қанында, оның генетикасында орын алған қасиет.
Қиын жағдайға қарамастан, біз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған ақпараттық жұмыстарды да жүргізіп жатырмыз. Жастардың құқықтық санасын арттыру және адамгершілігін нығайту үшін дәстүрлі әдістер ғана емес, сонымен қатар мәнерлі тәсілдер де қолданылады. Мысалы, бүкіл әлем мойындаған ұлы ойшыл әл-Фарабидің мерейтойына арналған «Адалдық сағаты» бейне-дәрісі әзірленіп, өткізілді. Ол өз шығармаларында, оның ішінде «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде тәрбие, мейірімділік, парасаттылық және әділдік жайлы ой қозғаған. Ұлы ойшылдардың еңбектерін кең көлемде дәріптеу – саналы ұрпақты тәрбиелеудің жарқын үлгісі.
Бұзушылықтарды анықтаудан басқа мониторинг жүргізу кезінде мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік кедергілерді жою бойынша бизнес өкілдеріне көмек көрсету істері де назардан тыс қалмайды. Осы бағытта «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобасы белсенді іске асырылуда.
Департаменттің негізгі жобаларын іске асыру бойынша да жұмыстар белсенділігін арттыруда. Бұл жобалар қатарына «Қызылжар – адалдық алаңы», «Адал көмек», «Адал жол», «Сапалы жол» және т.б. енген. Осылайша, біздің жұмысымызда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғам мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог құру бойынша жаңа кезең басталды.
Осының бәрі бір мақсаттағы жұмысты іске асыруға бағытталған. Біздің негізгі идеямыз – сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам құруға бағытталған күш-жігерді біріктіру. Сөйтіп, адамдарымызға өздерінің азаматтық құқықтарын іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер туғызу, адалдық пен парасаттылық идеяларын ілгерілету.
Үстіміздегі жылдың 6 айының қорытындысы бойынша бізде 54 қылмыс тіркелген, оның ішінде 37-сі немесе 69%-ы сыбайлас жемқорлық фактілері. 84 қылмыстық іс өндірісі аяқталып, 36 іс сотқа жіберілді. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал 458,2 млн теңгені құраса соның 98,6% өтелді (451,8 млн тг.). Мемлекеттік органдардың 5 бірінші басшысы әшкереленді.
Осы бағыттағы жұмыстар күшейтіле түсетінін Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев та айтқан болатын. Ведомство басшысы бюджет қаражатын жымқыруға жол бермей, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша кірісу қажеттігін атап өтті. Бізде де цифрлық даму және білім беру министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты 2 қылмыстық іс тергеуде екенін хабарлағым келеді.
Қазақстан азаматтары әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру кезінде халық қаражатын талан-таражға» салудың алдын алу және жолын кесуді орынды талап етеді. Алдын алудың тиімді шарасы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудитті атап өтер едім. Өйткені, ол ықтимал ұрлық пен теріс пайдаланудың алғышарттарын болдырмауға мүмкіндік береді. Осылайша, біз алдын алу кеңістігінде де, сондай-ақ жедел-тергеу жолымен де мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеуді қамтамасыз етуге ниеттіміз.
Ернар БАЯНҒАЗИН,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы