Археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде бұрын беймәлім болып келген көне ескерткіштер анықталды. Мамандардың сараптауына қарағанда, темір дәуіріне тиесілі жәдігерлер болса керек.
Археологтар мұндай болжамды жергілікті жердің табиғатына байланысты түйіп отыр. Ауданның оңтүстік шығыс, оңтүстік батыс бөліктері жазық дала, арагідік аласа жоталар мен мөлдір су көздері кездеседі. Темір дәуірінде мал шаруашылығы тек осындай аса қолайлы жерлерде ғана дамыған делінеді.
– Есіл, Жабай өзендерінде неолиттен бастап қола дәуірінде адамдар мекендеген тұрақтар табылса, оңтүстік қабақта темір дәуіріне тиесілі археологиялық объектілер анықталып отыр. Орта ғасыр дәуіріндегі жерлеу орындары да белгілі болды, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының маманы Рауан Ержанов.
Мекеме мамандарының айтуына қарағанда, жаңадан белгілі болған жәдігерлерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, бұрын белгісіз болып келген 22 тарихи мекен анықталыпты. Темір дәуіріндегі қорғандар көбінесе қыратта, биікте орналасқан екен. Құрылымы, көне дүниенің көмескі сұлбасы жақсы сақталған. Кейбір археологиялық нысандар Жабай өзенінің жағалауынан табылып отыр. Алайда қазір мал тұяғының астында қалып, көне дәуір тынысы тарылып келеді.
Негізінен бұл өлке тарихи қазынаға аса бай. Бұған дейін Атбасар ауданында 114 археологиялық нысан белгілі болған. Өкінішке қарай, екеуі уақыт өткен сайын жойылуда. Енді қалғанын сақтап қалу кейінгі ұрпаққа парыз. Атбасардағы ат басындай олжа түп тарихымызды таразылау үшін қажет.
Ақмола облысы